Иса Байзақов (Ұлы октябрь)

 Иса Байзақов (Ұлы октябрь)

Шабытым еркін келгенде,
Сөз билігін бергенде,
Ал жортақта қаламым,
Табиғат көркі өзіңде,
Жаздың жұмбақ кезінде,
Сылқылдаған гүлдерін,
Мың құбылған түрлерін,
Адаспай, саспай абайлап,
Сөз жүйесін дәл байлап,
Сөйлеуге тілім жетер ед.
Жер мен көктің қымбатын,
Күннің асыл сымбатын,
Көңілдің күйлі жырымен,
Өмірдің түрлі сырымен,
Нақ-нағымен тізілтіп,
Нәзік жандай үзілтіп,
Сайрауға шамам жетер ед.
Адамды дүние көргелі,
Өмірді адам білгелі,
Аңмен бірге өскенін,
Үйір-үйір көшкенін,
Ңұралсыз күшпен алысып,
Жәрдемсізге жабысып,
Орман кезіп жалаңаш,
Бір күні тоқ, бір күні аш,
Қасқырша талап айуанды,
Өткізген талай заманды,
Сондай соқыр қызықты,
Аңнан арам бұзықты,
Ес таппаған қылықты,
Айтуға тілім жетер ед.
Бірақ менің қаупім сол,
Маңызы терең алыс жол,
Кешегі ұлы той үшін,
Тойда тойған ой үшін,
Өлшеуін тауып дәлдеуге,
Қалдырмай анық сөйлеуге,
Шын ынтамен қуанған;
Қала менен далакы,
Ана менен баланы,
Бас-басына іреттеп,
Қуанышын суреттеп,
Қандырғанша айызды,
Тіл байлығы жетпейді!..
Жетпесең, үзіл шешен тіл,
Өрлеуді көңілім өзің біл!
Үміттің кешіп теңізін,
Жүрегіңнің негізін,
Айта алмасаң желпініп,
Таусылдың ақын, арам өл!

Дүние жер боп тұрғалы,
Дүниеде адам болғалы,
Сан өзгеріс болып ед,
Ержетіп адам ес тауып,
Есіне серік күш тауып,
Табиғатты көндіріп,
Сан керегін алып ед.
Есейген соң адамның,
Еңбегі түрге бөлінген,
Қиянатшыл сұмдардың,
Сонда-ақ сыры білінген,
Ханзада мен бекзада
Ханға бай зада,
Хан мен байдың құйрығы,
Сұм, сүрқия би зада?..
Әлсіздерді құл етіп,
Ел көзіне көрінген.
Әміріндегі адамның,
Еркектерін құл еткен,
Әйелдерін күң еткен,
Қосақтап айдап жетімді,
Көз жасын көрмей күңіренткен.
Аш, жалаңаш жәрдемсіз,
Зарлауменен күні өткен.
Заманды заман жаңалап,
Бірден бірге жағалап,
Ханның күшін патша алды.
Төре мен төтен ат салды,
Жарлы менен жалшыны
Бай мен патша құл қылды,
Шенге иманын сатқанды
Өзіне тартып ұл қылды.
Бұратана ұсақ ұлт,
Атасы төмен кедей жұрт,
Еңбегінен айрылды,
Қажыры қайтып қайырылды.
Капиталдың қожасы
Бар ерікті бай алды.

Ақырғы демге жеткенде,
Алдымен қуат біткенде,
Күнбатыстан ер туды,
Ер көңілінде шер туды.
Шермен туған данышпан,
Әділет іздеп алыстан,
Күресуге бел буды...
Әуелі істі бастаған
Маркс пенен Энгельс.
Олардың сөзін құндаған,
Дәлелін жазып шыңдаған,
Данышпан туған Лениндей
Ұран салған ұлы күш...
Жалшы-жарлы, жұмыскер,
Лениннің ерді соңынан,
Әуелі өшті Николай,
Дауыс қылды жалпы бай,
Патшаның досы төрелер,
Оқ астында тұншықты.
Жалшылар жаны айтып жыр,
Туды сонда Октябрь!..
Қараңғы тұман серпіліп,
Көлбең қағып, күн шықты.
Ленин туын ұстатқан -
Октябрьдің үраны.
Данышпан туған ер Ленин,
Коммунистер қыраны!
Сол ұлы күн Октябрь
Толып өтті он жасқа,
Табаны берік қадалды,
Маңсатынан таймасқа...

Таңертең сәске кезінде,
Толықсып жердің жүзінде
Жүз құлпырып, желбіреп
Қызыл нұрлы ту шықты.
Ту астында шұбалып,
Есі шығып ңуанып,
Жері, көгі елжіреп,
Шаттанысқан шу шықты.
Желкілдеген қызыл ту,
Жапырылған қалың ну.
Лек-легімен саулаған,
Әр көшенің бойында,
Ентелей басып дулы топ,
Ту көтерген пионер,
Зор қуаныш ойында.
Мыңдаған сансыз ер шықты.
Бүлдіршіндей көбелек,
Октябрят тәй-тәйлап,
Жасасын деп айқайлап,
Балапандай тізіліп,
Тамашаға қызығып,
Қызыл туын байласқан,
Бір туғандай ойнасқан,
Октябрьдің тұңғышы,
Еркеленіп мол шықты.
Қазақтың әйел, қыздары,
Білім алып оқыған,
Өз сәнінде түрлі жан,
Біз де алдық деп теңдікті,
Туларын ұстап мақтана,
Дабырласып шаттана,
Екінші топта сол шықты,
Еңбекші, жалшы-батырақ
Қызыл тудың астында,
Думандатып, дулады,
Еңбекшінің егізі,
Октябрьдің жұлдызы,
Қызыл әскер шыққанда
Құлпырды тағы жер жүзі.
Сәніменен келісті,
Әуелі топтап жүрісті.
Қаладан жеке алаңға,
Реттесіп тұрысты.
Ортадағы мінбеге
Шешендер кезек шығысты.
Октябрьдің маңызын,
Ұлы тойдың негізін,
Түсіндіріп халыққа,
Шыққанын жұрттың жарыққа,
Сөйлеп-сөйлеп берісті!..
Төңкерістің жолында,
Сұм байлардың қолынан,
Қаза тапқан ерлердің,
Атап өтіп аттарын.
Түсіндіріп заттарын,
Жұрт жүйесін босатты,
Заманнан туған шешендер!..
Байшылдармен күресіп,
Аң мақсатқа тіресіп,
Өлсе де жетті мұратқа.
Еңбекшілдің қорғаны,
Төңкерістің құрбаны,
Жазылды атың тарихқа.
Сендердің тамған қаныңнан,
Қызыл нұрлы ту шықты.
Әділдікке шам жақтың,
Молаңнан жарьп нұр шашты.
Өлсең де аңыз өлмедің,
Әділ күнде ақталдың,
Миллиондаған еңбекші
Достарыңның көңілінде,
Күн сөнгенше сақталдың.
Бостандыңтың жұлдызы,
Жасасын ұлы Октябрь!..
Кеңес болып жер жүзі
Айтылар мәңгі осы жыр!
Күйшілер де күңірентті
Toп жиналған даланы.
Жым-жырт болып мың сан жұрт,
Өзінен-өзі болды ұмыт,
Неше толғау тартылып,
Еңбекшілер ұраны.
Өрісі ұзаң ұлы той,
Туғызды талай терең ой
Бүкіл дүние жүзінде,
Жалшы-жарлы құлдарға,
Бейнет шеккен ұлдарға,
Жарық сәуле көрсетед,
Барлық кедей серт етед,
Осы жолдан таймауға...

Жүз жыл өлмей жүрер ем,
Мұнан да көпті білер ем,
Дүниенің төрт бұрышы,
Октябрьді тойлаған,
Барлық дүние кеңес боп,
Еңбектен еңбек қайнаған,
Тамашаның талайын,
Өлмей жасап көрер ме ем.
Патшасы, байы болмаған,
Социализм орнаған,
Адамды адам сыйлаған.
Бір туғандай ойнаған
Әлемде жұмақ орнаған,
Октябрьдің нұрынан,
Жаратылған қызықтың,
Барлығын сонда көрер ме ем.
Байлар табы суалған,
Жапырағы түсіп қуарған,
Шен құмарлар суалған,
Еңбекші табы еркіндеп
Әділ мақсат өркендеп,
Заманды көзбен көрер ме ем.
Барлық кедей, батырақ,
Октябрьді ұмытпа,
Дүниедегі коммунист,
Лениннің жолын бұлжытпа,
Жасасын ұлы Октябрь,
Лениннің қызыл туымен,
Сендер де жаса, білім ал,
Октябрьдің нұрымен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі