ҰБТ. Қазақ тілі пәнінен қалай дайындалған дұрыс?

ҰБТ. Қазақ тілі пәнінен қалай дайындалған дұрыс?

ҰБТ – үш әріптен құралған бұл сөз есін біле бастаған мектеп оқушысының өзін қорқытады. Ал бітіруші түлек үшін қандай әсерлі сөз екенін өзіңіз ойлай беріңіз. Өз бойындағы үрейі бір бөлек, туған-туыс, ата-ана, мұғалім – бәрі де әлгі үш әріпті сөзді төбеден төндіре берсе оқушының жағдайы онан сайын нашарлай бермек. Бірақ, біз сізге тағы да анық әрі сенімді түрде "ҰБТ алынбайтын асу емес!" дегенді айтқымыз келеді. Жыл сайын бірнеше түлектің 125 баллды қанжығасына байлайтыны, мыңдаған адамның "Алтын белгіні" ақтап, қаншама адамның өз күшімен грант ұтып алатыны бұл сөзді толығымен дәлелдей түседі. Кілті – еңбекқорлық, оқу, дайындалу. Осы ұранмен математика, қазақстан тарихы, орыс тілі, әдебиет пәндерінен дайындалу үлгісін көрсеттік, бүгін ҰБТ-ның ең негізгі пәні саналатын қазақ тілі пәні туралы сөз қозғайық.

♦Қазақ тілі – тұнып тұрған ереже, анықтама. Бұл жерде жеке ой, жауап қуалау, жауап жаттап алу сынды оңай әдістер жүре бермейді. Ендеше тағы да ұсынатынымыз – мектеп оқулықтарын оқу. Әркімнің қабылдауы әр түрлі болғандықтан, жеке өзіңіз дайындалсаңыз болады деп айта алмаймыз. Мәселе ережеге келіп тірелгенде, бағыт-бағдар көрсететін ұстаздың болғаны дұрыс. Оқу жылының басында пән мұғаліміне 5-сыныптан бастап тақырып бойынша сабақ өтуін өтініңіз. Келіспесе, репетитор көмегіне жүгініңіз. Қосымша курстардың өзінде бұл пәннен тақырып бойынша жаңа сабақтар өтіледі. Мен 7-сыныптан бастап қазақ тілі пәнінен олимпиадаға қатысып жүретіндіктен, еш қиналмайтынмын. Ешбір дайындықсыз, 24-25 баллды жинап жүрдім. Сол себепті, фундамент мықты болса, өзіңіз-ақ жақсы баллға қол жеткізесіз.

♦Арнайы дәптер арнап, әрбір тақырып ережесін және мысалдарын жазып жүріңіз. Және тек осы дәптермен жұмыс істеңіз, жаттаңыз, қайталаңыз. Ертең тест барысында, бір анықтаманы еске түсіру керек болса, көз алдыңызға осы дәптер ретін елестетесіз де, оп-оңай еске түсіресіз. Ретін жаттап алсаңыз, бір тақырыпты көру керек болғанда да, ақтарып отыруға уақыт кетпейді.

♦Қазақ тілін жақсы меңгерсеңіз, пән де қиын болмайды. Себебі, атаудың өзінен ереже шығарып ала аласыз. Мысалы, сын есім десе, оның белгілі бір заттың сынын білдіретіні еске түседі, күшейткіш үстеу десе, қимылдың күшейтіліп, асыра сілтеліп баяндалатынын ұғасыз. Кез келген ережені жаттағанда, қосымша мысал жаттап алыңыз. Одағай ма? "Пах, шіркін!", "Бәлі!" сөздерін жаттап алсаңыз, ҰБТ тапсырмаларынан Одағайды қиындықсыз тауып аласыз.

♦Пунктуация, стильге дейін тақырыптарды толық өтіп болсаңыз, қолыңызға 10 нұсқа сұрақ кітапшасын (яғни, 10 әр түрлі кітапша) қолға алыңыз да, белгілеуге кірісіңіз. Дұрыс жауаптарын тексеріңіз де, қандай сұрақтардан қателік кеткенін байқап, бөлек дәптерге жазып шығыңыз. Жақсылап қарап шығыңыз. Қандай тақырыптарды жақсы түсінбегенсіз? Қателік қайсы сұрақтан кеткен. Енді осы тақырыптармен жұмыс істеңіз, нәтиже болмаса, пән мұғаліміңізден, пәнді жақсы меңгерген сыныптасыңыздан көмек сұраңыз. Ұялмаңыз, дәл осы тақырып ҰБТ-да келсе, өкініштің көкесін көресіз.

♦"ШЫҢ" кітабының көп әдістеріне келісе бермесем де, қазақ тілі бойынша "ШЫҢ" кітабын ұсынғым келеді. Онда ережелер барынша анық әрі қысқа да нұсқа беріледі де, артынан сол тақырып бойынша, тест сұрақтары беріледі. Бірақ, бұл сұрақтар ауыр әрі ҰБТ кітапшаларында кездесе бермейді. Дегенмен, өз біліміңізді толықтыру, сынау үшін жақсы мүмкіндік дер едім.

♦Қолыңыз босағанда, көшеде қыдырып, диванда жатып болсын, жоғарыдағы дәптерді жаныңыздағы адамға беріп қойып, ереже сұрауын талап етіңіз. Бұл жерде де мысалды ұмытпау керек. Дәптердегімен шектелмей, соған ұқсас мысалдардарды қарапайым өмірмен байланыстырып ойлап табыңыз.

Қазақ тілі тарих, әдебиет сияқты емес, аздап зеріктіретін, қызығушылықты оятпайтын пән екенін мойындаймын. Ережелерді оқи бастағаннан-ақ, ұйқыңыз келетін болар. Осындай сәтте бағындыру керек 25 баллды ойлаңыз да, соңына дейін дайындалыңыз! Оқығанның еңбегі еш кетпейді.

Сәттілік сізге, жас түлек!

Автор: Айгерім Сматуллаева, дереккөзі

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі