Мағжан Жұмабаев (Жел)

 Мағжан Жұмабаев (Жел)

«Тәңірі ие, атпады ғой таңың!»- деп,
Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп.
Естіледі терезеден темірлі,
Тұрса керек тыста жүйрік жел гулеп.
Байқаймын: жел ұзақ жолда жабыққан,
Қасірет басып, Сарыарқадан тарыққан
Алып келсе керек ауыр аманат
Абақтыдағы азаматқа зарыққан.
Терезеден үйге кірмек болады,
Аманатты қолдан бермек болады.
Жол бермеген қатты қара темірді,
Ызаланып, зуылдап кеп ұрады.
Үй сілкініп, құлағандай болады,
«Жіберші!»- деп сұрағандай болады.
Қуат кеміп, қажыған соң, жүйрік жел
Өксіп-өксіп жылағандай болады.
Дене күйіп, желге құлақ саламын,
Жанып жүрек, көзіме жас аламын.
Жібермейді қара темір қайырымсыз
Еркін дала, Сарыарқамның сәлемін.
«Тәңірі ием, атпады ғой таңың!»- деп,
Күңіреніп жатыр тұтқын уһілеп.
Естіледі терезеден темірлі,
Тыста соғып жел уілдеп тұр гулеп.


Жел - тым тентек бір бала,
Жан сүйгені - cap дала,
Дамыл алмай жүгіред.
Ерні өтірік қыбырлап,
Сыр айтқан боп сыбырлап,
Кейде аң боп өкіред.
Желге еш нәрсе тең емес,
Тау да жолын бөгемес,
Сақ-сақ күліп секіред.
Жүйрік желім тым сотқар,
Біреу бетін жапса егер,
Әдейі бетке түкіред.
Мазасы жоқ жел ерке,
Оянып ап тым ерте,
Жорғалай басып кетеді.
Тыныш жатқан түс көріп
Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді.
Кәрі орманды оятып,
Бірдеңе деп жұбатып,
Жымиып күліп өтеді.
Жұрттан ойын жасырып,
Алқынып өзі асығып,
Қарақат көзге жетеді.
Дем ала алмай асығып,
Күрсініп ауыр, бас ұрып:
«Саған, сұлу сәулеге
Келдім ұшып, ғашықпын.
Бір сүюге асықпын,
Мойның бұр мендей әуреге!»-
Деді де, сүйіп көзінен,
Шашы, алма жүзінен,
Қол жіберді кеудеге.
Бақыттысың, еркежан!
Уа, дариға, Жасаған,
Жел емеспін мен неге?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!