Қызбен танысу тәсілдері

Қызбен танысу тәсілдері

Қыздардың барлығы дерлік романтиканы жақсы көреді, кездейсоқ кездесулер мен ерекше танысулар болғанын қалайды. Бірақ, әттең, жігіттер орайын келтіре алмайды. Бірінің батылы бармаса, енді бірі ретін таба алмайды. Қазір бейтаныс адамның берекесін алып, телефонына қоңырау шалып, "Сізбен танысуға бола ма?" дейтін заман өтіп кетті. Танысудың тиімді тәсілдерімен танысыңыз.

Тың ойлы, тапқыр жігіт – көп қыздың арманы. Болған оқиғаны баяндай кетейік. Аялдамада тұрған көлімкөз кербезге қымбат көліктегі жігіттің көзі түседі. Өзіне тым сенімді жігіт бойжеткеннің жанына келіп тоқтайды да, "Қарындас, отырыңыз, жеткізіп салайын" дейді. Қырсыққанда, қыз "көлік тізгініндегі әкесінің балаларын емес, қарапайым жігіттерді" ұнататын болып шығады да, беталды "көлігіме отыр" деген дөрекілікке көне қоймайды, "Мен 79-ды күтіп тұрмын" деген жауабынан танбайды. Сонда жігіт дереу тапқырлық танытып, сөмкесінен табылған қағазға қаламмен "79" деп жазады да, көлігінің маңдайшасына қыстыра қояды. Осындай креативті жігітке қыз көнбей көрсін... Ары қарай тәкаппарлық танытуының да жөні жоқ.

Жанашыр жігіт те қыздар назарынан тыс қалмайды. Ер адамның қамқорлығына, жәрдеміне зәру аруға қол ұшын созудан тартынып қалмаңыз. Жүрегіне жетер жолдың жуаны осы болмақ. Сөйлесер ретін тапқан соң, қулыққа басып, оны "тәте" не "апай" деп атаңыз. Сонда ол бірден "Мен сізден үлкен емеспін" деп тулап шыға келеді. Орайын пайдаланып, дәл осы тұста, "Сонда қай жылғысыз?" деп сұрайсыз. Абайлаңыз, тек ашуын шақырып алмаңыз.

Қыздың көңілін тауып, әңгімелесе бастадыңыз дейік. Бұл әңгімеңіздің жалғасы болу-болмауы сол сәтте айтар сөздеріңізге байланысты. Бүгін "Қош" деп өте шыққан қызды ертең қалай тауып аласыз? Нөмірін сұрап аласыз ба? Жо-жоқ. Бірден бұл әрекетке бара көрмеңіз. Өз бағасын білетін бойжеткен ә дегеннен, "алма піс, аузыма түс" дегенге көне қоймайды, яғни нөмірін сұрағаныңызда ың-шыңсыз айта салуға намыстанады. Әңгіме барысында ортақ қызығушылықтарыңызды табыңыз. Соған байланысты келесі жолы тағы хабарласатындай жағдай туғызыңыз. Мысалы, ол қандай кітаптар оқитынын біліп, "Сол кітапты таба алмай жүр едім, сізге хабарласып, алып оқысам бола ма?" деп нөмірін сұрасаңыз, айтпасқа амалы қалмайды.

Қанша жерден бір көріп, құлай сүйсеңіз де, бұл сезіміңізді жасыруға тырысыңыз. Өзіне жігіттің көңілі барын білген ару бірден тәкаппарлана қалуы ықтимал. Ал бөтен ойыңызды білдірмей, жай таныс ретінде сөйлесе бастасаңыз, ол да шалқалай беруді орынсыз санайды.

Ал, егер қазіргі көп таралған әлеуметтік желі арқылы танысқыңыз келсе, "Сәлем, Қалайсың? Танысуға бола ма?", "Қай жақтан боласың?" деген секілді сөздерді дүрсе қоя беруден аулақ болыңыз. Одан көмек сұрап не белгілі мәселеге байланысты пікірін сұрап, әңгімені осылай бастасаңыз, қалай танысып қойғанын өзі де аңғармай қалады. Қыздар осылай өздерін бағындыра алатын, дегеніне көндіре білетін жігіттерді жақсы көреді.

Дайындаған: Әсел Асанова
Фото: Тимофей Ященко
дереккөз



Комментарии для сайта Cackle