Исраил Сапарбай (Елді сүю)

 Исраил Сапарбай (Елді сүю)

Мен елімді сүйемін!
Иә, сүйем!
Құлама құз,
Құзар шың,
Қиясымен...,
Жанарымның жасымен жылап аққан,
Қаламымның қанымен, сиясымен!
Сүйем оны мың құшып, мың аймалап!
Одан асқан жер бар ма шұрайлы, абад?!
Талып түсер жайым жоқ Жұмағыңа,
Тас төбемде тұрса да Құдай қарап!
Сүйем оның таспа жол, тау-тасын да,
Маржанын да теңіздің, малтасын да.
Аспандағы Айын да, алқасын да,
Дастандағы Қаракөз, Қамқасын да!...
Сүйем оны...
Кейде жек көріп тұрып,
Қара жерге өзімді көміп тұрып,
Үкілеген үмітін үндістердей
Жер бетінен кетсе де, өліп, құрып...
Сүйем оны,
Дос күліп,, қас таласып,
Тауқыметім жатса да, бастан асып!
Бар мұңымды,
Аяулы ән-жырымды,
Тағдырымды кеткенше тасқа басып...
Сүйем оны,
Себеп жоқ сүймесіме
Қарап тұрып қалқамның түймесіне.
Байшыкештің баз кешіп бау-бағынан,
Бикешіммен барсам да би кешіне.
Сүйем оның шарбағын, шалдарын да,
Бау-бағын да, ауылдың аумағын да.
Көлім жатыр көзімнің көзесінде,
Қорым жатыр ауылдың аржағында...
Мен елімді сүйемін,
«Неге?» деме.
Елемесең, қол созам селебеге?
..Ер Едіге,
Ер Төстік,
Ер Тарғыннан...
Ертегі айтып беремін немереме!
Ертегіні сүйеді нағыз бала!
Абызға да әуес ол, аңызға да.
Отан деген – өз үйім, ұяжайым,
Үй ішінің ұйытқысы – жаны ізгі ана.
Мен елімді сүйемін – жан Отанды,
Балапанның ұясы – Қараталды!!!
Амандығын тілеймін жатсам-тұрсам,
Жайып тұрып Аллаға алақанды!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!