Ғабиден Қожахмет (Бұл - кешегі жауынгердің ұрпағы)

 Ғабиден Қожахмет (Бұл - кешегі жауынгердің ұрпағы)

Бейбіт күнде қымбат боп әр Жеңіс күн,
Ортасында жүрді олар көп істің.
Қарт әкелер - майдангерлер тұлғалы
Солдаттары еді зұлмат соғыстың.

Жау тигенде бейбіт елге жасанып,
Сапта тұрған жандар олар кеше анық.
Жастық сәтін от шарпыған еске алып
Сөйлейтін-ді жанарына жас алып.

Жауынгер еді, бар еді айтып берері,
Сөздерінде отты жылдар дерегі.
Алға бастап солар мінген кемені
Енді олардың ұрпақтары келеді.

Тітірентіп тыныштығын ғаламның,
Соғыс өтті, артта қалды алаң күн.
Жас жауынгер қартқа айналды, ізінде
Ұрпақтары келеді өсіп олардың.

Соларға ұқсап келеді өтіп жылдары,
Кеше әкесін өмір жолы шыңдады.
Өздері де әке енді тұлғалы
Бұл - кешегі жауынгердің ұлдары.

Әкелері соғыс күннің боздағы,
Тоңдырмаған, жасқантпаған ызғары.
Соны ойласа, нәзік жүрек сыздады,
Бұл - кешегі жауынгердің қыздары.

Сарбазы еді жүзін көрген зұлматтың,
Ұрпақ әні, оларға өмір жалғаттың.
Анау жігіт, анау тұрған бойжеткен
Немересі сол кешегі солдаттың.

Біледі ұрпақ, біледі еске ап бәрін де ел,
Тарих өзі болған талай тәлімгер.
Қарт келеді , сол соғыстың солдаты,
Сол кешегі сапта тұрған жауынгер.

Бағаласаң, қарт сарбазды бағала,
Көбі кетіп, азы қалған арада.
Ізі қалған ұрыс өткен қалада,
Тері тамған мынау байтақ далаға.

Он сегізде болып олар ең кемі,
Одан да жас, емес соғыс ертегі.
Енді олардың құжаттары сарғайған
Ұрпағына тағдырдан сыр шертеді.

Жалғасты ұрпақ, өседі ұлан, ұлыңды ұқ,
Олардан да дәстүрге сай ұғым күт.
Ұрпақтары жауынгердің кешегі
Бейбіт күнді күзетеді бүгін нық.

Өтті зұлмат, уақыт алға көшеді,
Болашақтың самалы алдан еседі.
Жалғанады шөбере боп, шөпшек боп
Ұрпақтары жауынгердің кешегі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!