Қазақша өлең: Қасым Аманжолов (Фатимаға жазған хаттан)

Қазақша өлең: Қасым Аманжолов (Фатимаға жазған хаттан)



Шұбар тауға шарықтап,
Жетші жылдам, өлеңім,
Аққудайын аруға
Айтшы, ақынның сәлемін.

Сәлем жеткіз сұлуға
Алатаудың баурынан,
Жас ақынның лепірген
Жүрегінен, жанынан.

Сен оған айт: «Жас ақын
Болған саған құмар» де,
«Сырын айтпай жас жүрек
Қайтып қана шыдар» де.

«Соққан сайын жүрегі
Саған қарай талпынар,
Басқан сайын адымы
Саған арнап басылар»

Айт осыны аруға,
Аймалашы жүрегін,
Ғашық болған жас жанның
Бермес пе екен тілегін!

Мұздай болса жүрегі
Жылытып көр от болып,
Сырласып көр жанымен
Түн ұйқысын төрт бөліп.

Ұялап ал жанына,
Ала берші тынышын,
Оралып ақ мойнына,
Тілінен сүй мен үшін.

Тысқа шықса, бірге шық,
Үйге кірсе, бірге кір;
Жүрегінің сырын ұқ,
Махаббатын маған бұр.


Комментарии для сайта Cackle