Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет

 Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет

Қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет 1951 жылы Жітіқара ауданына қарасты Желқуар (Забеловка селосы) ауылында туған. Жітіқара қаласында қазақ мектебін бітіргеннен кейін «Шевченко» кеңшарында шопан болып жұмыс істеген жас қаламгерді Әулиекөл аудандық газетіне қызметке шақырады. Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Москвада Әдебиет институтын бітірді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ҚМУ Медиа-орталығының директоры.
Қазақтардың бірінші және үшінші дүниежүзілік құрылтайының, Қазақстан халықтарының республикалық форумының делегаты, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болды. Қостанай жастар ұйымының, Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты, «Ана тілі» газетінің лауреаты. «Дала қоңырауы» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы және редакторы болды. 2007 жылы Қарағандыда республикалық теледидардың 50 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференцияда «Эфирдегі теледидар тілі туралы» жасаған баяндамасы бас жүлдеге ие болды.
Бұқар жырауға, Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық мүшайралардың жеңімпазы, 2007 және 2008 жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы. 2008 және 2009 жылдары өткен «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері. Жазушы «Қазақ тілінің жанашыры» құрметті белгісімен марапатталды, өмірбаяны «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына енді. 2010 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ақ бата» республикалық жабық жыр мүшайрасында екінші орынға ие болды. Қостанай облысы меценаттар клубы сыйлығына да екі мәрте ие болды. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Атамекен» республикалық конкурсында прозалық шығармалар арасында өткен әдеби байқауда екінші орын алcа, «Тәуелсіздікке тарту» республикалық ашық жыр мүшайрасында ынталандыру сыйлығына ие болды.
Ақылбек Шаяхмет жазушы ғана емес, елдің қоғамдық-мәдени өміріне белсене ат салысып келе жатқан қоғам қайраткері.Тұңғыш жинағы 1977 жылы жарық көрген автордың республика баспаларынан 30 кітабы басылып шыққан. Солардың ішінде «Гүл мен бидай», «Шынар», «Күлімдейді күніміз», «Біздің бақшада», «Әдемі», «Аяз және Қыдыр», «Бағдаршам» атты кітаптары балаларға арналған. Автордың өлеңдері орыс және шет ел тілдеріне аударылған.
«Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін» және Ахмет Байтұрсынов медальдарымен, «Тіл жанашыры» төсбелгісімен марапатталған.

Автор: Ақылбек Шаяхмет


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!