Ауыл туралы шығарма


ауыл туралы шығарма

Туған жерге жер жетпес...

Мен ауылым жайлы «Өз елін сүймеген адам еш нәрсені де сүйе алмайды» - деген Байронның сөздерімен өз ойымды бастағым келіп отыр. Әркімге туған жері, елі қымбат. Менің ойымша, адам баласы үшін туған өлкесінен асқан киелі нәрсе жоқ. Себебі, бұл мен түгілі аялаған анамыз, қолпаштаған әкеміз, туған - туыс, жора - жолдастың кіндігінен қан тамған туып өскен жеріміз. Қасиетті туған жерімде білім нәрін сусындаған мектебім, балалық шағым өтіп жатқан ауылым бар. Егер менен сен не үшін туған өлкеңді сүйесің десе, мен мүдірместен Мұқағали атамыз айтқандай, күн мен түнін, топырағы мен шаңын, қыбырлаған жәндігіне дейін сүйемін дер едім.

Менің туған жерім - Жаңатұрмыс ауылы. Тұғындарының саны -2446(2009) жылғы санақ бойынша. Табиғаты әдемі, көрікті, сан қилы таулы аймағы бар,жап-жасыл ну даласымен, жусаны мен жуасы аңқыған, самал желі еркін ескен көрікті де, көркем өлкем. Бұл өлке мен үшін ең ардақты,ең аяулы, жаныма жақын өлке. Бұл жердің тұрғындары да, өте мейірімді, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, кішілері үлкендеріне үлкен құрметпен қарайтын, өте бір тәрбиелі, өнегелі тұрғындар.Қариялы қарты бар өте бай ауыл. Біріншіден, ауылымыздың қарияларының айтуынша, біздің жеріміз өте бір киелі жер дейді. Себебін түсіндіріп кетсем, ауылымыз қос жолдың торабында орналасқан, шойын жолымыз тағы бар. Ауылмыздың үстінде  «Жібек жолы» сайрап жатыр. «Әулие бұлағымыз» да бар, ол жерде сырттан келген кісілер әлі күнге тәу етіп,  түнеп кететін  екен.  Суы өте нәрлі болған деседі, әлі күнге дейін барған кісілер суын алып келіп, ем ретінде қолданып, шай қайнатып ішетін болса керек. Екіншіден,  басқа да керемет «Сарманқұл», «Үштік», «Күреңгей», «Ойранды» деген таулы ойпаттарымыз тағы бар. Бұл жер атауларының өзіндік жеке-жеке тарихы бар. Олардың барлығы да мені қатты қызықтырады және көкірегіме мақтаныш ұялатады. Ауылды қоршай егілген астық алқабы туған жерімді сары алтынға бояп, одан әрі құлпыртып жіберген. Түрлі дәрі-дәрмек жасайтын өсімдіктер өседі, саңырауқұлақтардың шіркін сан түрі кездеседі. Оңтүстіктің салқын таңын, сан түрлі өсімдіктердің жұпар иісін өзге елдің  ешбір жұмағына айырбастамас едім.

Менің жерім мен үшін  ең қасиетті, бойыма күш-жігер беретін, тынысымды кеңейтетін, көзімді ашып көкірегімді оятатын, қанатым іспеттес. Жаңатұрмыс ауылы жылдан – жылға дамып, өркендеп келеді. Ауылымда  үш қабаттан тұратын үлкен мектеп, емхана, көздің жауын алар балабақша, құнды кітапқа бай кітапхана  қоры бар. Осы жердің шаңына аунап, ауасын жұтып өскен небір дарынды жандар қаншама... Мысалы, ақын ағамыз Асхат Қылышбеков, әнші Тахмина Әшімбекова мен Руслан Мамытов, биші, дизайнер Нұржігіт Құлбарақов сынды талай өнерлі азаматтар шығуда.   Асхат ағамыз өз жырларына туған жерін қосып айтып та жүр. Оны тыңдасам көкірегімді қуаныш кернеп тұрады.Елін ,жерін жырлай бергін ақын ағам, ешқашан қанатың талмасын, деп  ол кісінің жырларынан өзіме күш, қуат аламын.

Сонымен қатар қазақта сөзге бай, тілі жүйрік журналистер де баршылық. Соның бірі  менің жерлесім мықты журналист, түрлі газеттердің бетінде мақалалары жарияланып жүрген Әлдибеков Нұрболат Әбенұлы. Мен сол кісіні өзіме идеал ретінде көремін.Ол кісі өз мақалаларында үнемі тура сөйлеп, тура шындықты жазады. Маған  оның шығармашылығы  өте ұнайды. Болашақта Нұрболат ағаның шәкірті боламын деген ойым бар. Мен де мықты журналистердің бірі болып, елімді, жерімді, туған ауылымды биікке көтеретініме  өзімнің сенімім мол.

Жазушылар одағының мүшелері атақты, Қуандық Шолақов, Әдібай Табылдиев сынды ұлдарын жаратқан ұлы мекеннің  мерейін ары қарай өсіріп, олардың шығармашылығын жалғастырып, биікке жеткізгім келеді. Журналистиканың  мамандығының соңына түсіп «Өмір» атты керуен  тік және түзу  жетелесе,  сонда  басы бүтін жол тартпақпын.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп қазақтың ақыны Абай айтпақшы, өмірден өз орнын тапқан дұрыс қой.  Дегенмен  «туған ауылымды тастап кете барамын» деген ойдың өзі менің киелі, құт мекеніме деген сағынышымды қазірден арттыра түседі. Туып – өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Бәкір Тәжібаев жырлаған мыны бір шумақтары ойыма оралады да тұрады:

 

Қайда жүрсем, туған жерім,

Сен есімнен шығармысың!

Жастық дәурен, құрған жерім,

Көз алдымда тұрармысың!

Туған жер жайлы жыр да, қара  сөзбен жазылған шығармалар да әрбір халықтың әдебиетінде де мол. Бұдан біз әр халықтың туған жер қадірін жас ұрпақ бабына, санасына бала кезінен-ақ сіңіруге ұмтылатындығын туған жер жайлы мақал-мәтелдерден, аңыз-әңгімелерден, батырлар жырынан көремін. «Ит тойған жеріне, ер – туған жеріне» немесе «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ерекшелеп көрсетеді. Бұлардың бәрінен шығатын қорытынды әркімге туған жері, туған елі қымбат екендігінің белгісі деп ойлаймын.

Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтыннан қымбат емес пе? Дулығалы ата – бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, мақтан еткен, бізге мұраға қалдырған. Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап, отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Меніңше, әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиіс.Туған жеріне деген шексіз махаббатқа ие жүрегіммен өзімнің сыныптас достарыма алда тұрған үлкен сындардан сүрінбей өтіп, өз сүйген мамандығының иесі болуын тілей отырып, Туған жердің – қазақ елінің қадірін біле жүрейік дегім келеді!

 

Сәуле Керімшеқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
Пікір жазу