Жеңге тілегі


Аға барда жайыңды әр кез ұғатын,
Сондықтан да бағаң биік тұратын.
Сен де енді мақсаты мол өмірден
Қалап апсың қыз жолының мұратын.

Шежіресін тауыспастан өтпек күн,
Тәлімі бар сені өсірген мектептің,
Ерке болдың, кішкентай ең, ақылды ең,
Сондықтан да сіңлімдей боп кеттің.

Байқап тұрмыз бақыт жолдың келгенін,
Болмасын деп қалағанмын сенде мұң.
Енді осынау ұлы тойдың үстінде
Лебізін ұқ саған тілер жеңгенің.

Осы жолда басыңа әр кез бақ қонсын!
Жас шаңырақ иелері шат болсын!
Қол ұстасып қадам басқан өмірге
Жұбайлардың жолы нұрлы, ақ болсын!

Көштеріңе мұңның бұлты ермесін!
Қос жұбайды бақыт әні тербесін!
Шаңырақтан бақыт шамы сөнбесін!
Босағадан еш жамандық енбесін!

Сезімдерің қатар лаулар от болсын!
Көңіліңнің уайымы жоқ болсын!
Бағаларың қай жерде де биіктеп,
Сендер үшін тілекші жан көп болсын!

Мақтаса жұрт өздеріңді мақтасын,
Әр жылыңда болсын әр кез бақ басым!
Үлкендерге қызметтерің жасаған
Ата-ананың ақ үмітін ақтасын!

Көбейіңдер, аман болсын мал-басың,
Көрсін жұрттар жақсылықтың жалғасын!
Аппақ отан - ақ отауды бүгінгі
Демеп, жебеп тәңір өзі қолдасын!

Қыз бойжетер, осылайша өтпек күн,
Ізіме ерген сіңлімдей боп кеттің.
Міне, сен де бақ жолының шыбығын
Махаббаттың қалауымен көктеттің.

Сол бақ шыбық биік болып көктесін!
Басқа қонған бақыт сенен кетпесін!
Баянды бол қол ұстасқан жарыңмен,
Бақтың жолы ақ отауға беттесін!

Ерке едің, ақылдысың бірақ та,
Енді ұзап бара жатсың жыраққа.
Осы жолың апарсын деп тілеймін
Сен іздеген, сен тілеген мұратқа!

Ертеңіңе ұлассын да бүгінің,
Келсін алдан сендер күткен ұлы күн!
Бақытты бол, ағасына қарындас,
Сырласым боп кеткен қайын сіңлім!


Ғабиден Қожахмет


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу