Құсбегілік деген не? Құсбегілік туралы не білесіз?

Құсбегілік деген не? Құсбегілік туралы не білесіз?


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Холецистит ауруының алдын алу

Қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі назарға ілінбей жүргені жасырын емес. Ол - құсбегілік өнері. Көшпелі қазақ аңға құс, құмай тазы салып күн көріс қамын жасаған. Қазақтың асыл дәстүрін, мәдениетін дамытуда бұл өнердің маңызды рөл атқарғаны белгілі. Ал бүгінде қыры мен сырын екінің бірі игеріп кете алмайтын бұл өнер жайлы біз не білеміз? Білгір құсбегі деген кім, олар қыран құстарын қалай таңдайды?

Құсбегі деген кім? Құсбегілік туралы мәліметтер

Әуелі құсбегі деген кім соған тоқталайық. Құсбегі - қыран құстардың бабын тауып, оны түрге, текке жіктей алатын, олардың түр-тұлғасын ажырата алатын, сүйек бітіміне, қанатына қарап құсты сынай білетін, олардың мінез-құлқын, жасын, ерекшеліктерін айыра білетін адам.

Ал осы тұста «бүркітші деген кім?» деген сұрақ туу мүмкін. Ол- бүркітті бағып, бабын таба білетін, бүркітті қолында аттылы немесе жаяу алып жүре алатын, аңға сала білетін, аңшылық өнерден орташа сауатты адам.

Осы тұста құсбегілердің арасында «қағушы» деген адам болады. Ол-қолында құсы жоқ, бірақ бүркітшілерге қолғанат болып жүретін, бұғып жатқан аңдарды айқайлап, тебінгі қағып ұясынан шығаруға, аңды бүркіттің көруіне жағдай жасайтын адамды қазақ аңшылығында «қағушы» деп атайды.

Құсбегілер аңға салатын құстар қатарына : бүркіт, тұйғын, қаршыға, сұңқар, лашын, ителгі, бидайық, қарақылыш, қырғи, тұрымтай, жағалтай т.б. жатады. Құсбегілер осы қырандарды өзара екі тобқа ажыратады. Олар:

1. Қара көздер: бүркіт, ителгі, лашын, сұңқар, қарақылыш, бидайық, тұрымтай, жағалтай;
2. Шегір көзділер: қаршыға, тұйғын, қырғи.

Ал аңды алу тәсіліне қарай: іліп алатындар, теуіп алатындар деп те екіге жіктейді.

Аса білгір құсбегілер бұл қырандар тобын ары қарай тағы да түр текке ажыратып, жіктеп бөліп жатады. Кейбір құсбегілер бүркіттің өзін жеке бір текке жатқызады. Бұдан ары қарай Қыран құстар тұқымына қарай өз ішінен жеке-жеке түрге жіктеліп кетеді. Мысалы, қаршығаның: қара қаршыға, тұнжыр қаршыға, сырғақ қаршыға деп бөлінсе; тұйғын: ақ тұйғын, кір тұйғын, құл тұйғын деп бөлінеді.

Осы қыран құстардың әр қайссының түр-тұлғасын жаңылмай ажыратып, тілсіз тіршілік иесімен тілдесіп, қырандарды айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе білген адамдар қазақ халқының тарихында бұрыннан болған. Арыға ұзамай найман ішінде өткен Тіней құсбегінің даңқы аңызға айналған, ұлы жүздің жалайыр руынан шыққан Шора деген адамның құсбегілік даңқы бүкіл қазаққа жайылған. Аттары аңызға айналған екі құсбегі жайлы: «Тінейдегі қасиет — ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет — тілдес екен бар құспен»,— деген марапат сөздер кездеседі.

Қазақ халқының тектілігін, жігіттерінің серілігі мен жүректілігін танытатын бұл өнер аса білгірлік пен мықтылық, қырандай қырағылықты талап етеді. Нағыз құсбегілердің табиғаттың аса асау, жыртқыш, қауіпті құспен тіл табысып, оны айтқанына үйрету үшін де ұзақ уақыт пен төзімділікті, біліктілікті талап етеді. Жаратылысынан жабайы, жыртқыш болып жаралған қыранқұсты шошытып, үркітіп алмай байланысуы аса маңызға ие. Құсбегілер алғашында жағымды дыбыс пен ақырын үн қатудан, шақшиып, тесіле қарамай, жылы қараудан бастайтын көрінеді. Себебі, адам дыбысы мен адам көзінен қорықпайтын хайуан болмайды. Осыны ескере отырып, құсбегілер қалай болғанда да өзінің зиянсыз екенін құсқа сезіндіруі қажет-ақ.

Құсбегілік құпиялары

Құсбегілік өнерінің негізі «бапкерлік» деген кәсіпке тіке байланысты. Қыран бүркіттің қорегі, ұйқысы, өзін қорғауы, қарсыласуы, реніш-қуанышы, еркін ұшып-қонуы, тазалығы, түрлі мінез-құлқы секілді табиғи талаптарын кім ескереді, кім түсінеді, оны кім қанағаттандырады?

Құсбегілер, бүркітті түз тағысы кезінде де ұстап, асырауға көндіре білген және ұядағы бейкүнә балапан күйінде де қолға түсіріп үйреткен. Түз бүркітін мықты иірілген жіңішке жібек жіптен сынық сүйем (15х15) көлеміндегі торкөз етіп түйген, биіктігі 2 метрдей, диаметрі 20-25 метрлік кеңдігі отау үйдің орнындай етіп, 6-8 солқылдақ шыбық қадалармен дөңгеленте керіп қойған «тор» деп аталатын құралмен ұстайды. Осындай тордың ішіне бүркіт өш келетін құзғын, қарға секілді құстарды маңайына жемтік шашып байлап қояды. Әлгі байлаулы қарғаларға көзі тұнып шүйіліп келген бүркіт тордың ашық төбесінен не бүйірінен келіп, жіпке шырмалады. Бүркіт бұлқынып, сабаланған сайын кермедегі қада шыбықтар жұлынып, түз бүркіті шатысқан торға енді шыға алмастай оралып, өзінен-өзі байланады.

Бүркіт сәуір айының ортасында жұмыртқалап төрт айдай уақытта, яғни тамыз айында балапанын ұясынан ұшырады. Бүркіт ұясын қанаттылардан басқалар жете алмайтындай жалама жартастың бетіндегі үңгір, қуыстарға салады. Кәнігі құсбегілер ана қыранның ұясын салған шың құзды бақылап жүріп, балапаны енді қанаттана бастаған кезде ұясына түсіп алады. Ол үшін әлденеше қыл арқан, қайыс арқандарды қабаттай жалғап, көбінде ұяның үстіңгі жағындағы аса биіктен, епті де жүректі жас жігіттердің біреуін ұяға түсіріп, балапанды шошытпай еппен ұстап, көрпешемен бала секілді бөлеп алған соң, арқасына таңып алады да, келесі кезекте шыңырау құздағы ұядан төмен қарай түседі. Бұл қатерлі әрекетті сәтті іске асыру үшін шыңға бірге шығып, ұяның үстіңгі жағында қалған жігіттер қосымша арқан, бақан, шолақ кереге секілді саймандардың көмегімен балапан ұстаған батырды ақырын ыспалап, шыңның қуыс тұсында шыр айналып кетуден әлгі қосалқы құралдармен сақтандырып отырып шыңның қауіпсіз жеріне дейін түсіріседі. Төменде екі көзі төрт болып, тынысын ішіне алған қыран көз, кәнігі қариялар қалт жібермей бақылып, саңқылдаған ашық дауыспен нұсқау беріп тұрып, қияпат істі сәттілікпен бітіреді. Міне, бұл балапан ұстау ғана емес, альпинистік өнердің де ерекше түрі десек кім дау айтады.

Қолға түсірген түз құсына да, жетілген балапанға да ең әуелі құстың басына шап-шақ «томаға» деп аталатын, екі көзін саңылаусыз жауып тұратын, арнайы баскиімді қалың былғарыдан тігіп кигізеді. Бұл құрал бүркіттің алаңсыз отыруы үшін және аңға шыққан кезде «томаға тартып» бірден көруге үйрету үшін жасалған ерекше құрал.
Бүркітті үнемі байлап ұстау үшін және аңға шыққан кезде қолдан шығарып алмау үшін «балақ бау», «аяқ бау», «ірге бау» деп атала­тын қайыстан, былғарыдан жасалған арнайы бауларды қолданады.

Басқа уақытта бүркітті «бүркіт тұғыр» деп аталатын үш сирақты, биіктігі екі сүйемдей қолайлы орындыққа отырғызып қояды. Бүркіт ондай тұғырда ояу кезінде де, мойнын бұрып ұйықтаған кезінде де жайлы отыра береді.

Бүркітке жемді «жем саптыаяқ», «жем тостаған», «құс саптыаяқ» деп аталатын, сыйымдылығы 2-2,5 литрдей ағаш бездерінен сүйірлей шабылып, тереңдеп ойған, қолға ұстайтын, сабының ұшына қайыс бүлдіргі таққан арнайы ыдыспен береді.
Бүркітті аңға алып шыққан кезде қолға қондырып отыру үшін іші киізден, сырты жұмсақ былғарыдан жасалған «биялай» деп аталатын ұзын жең қолғапты ала жүреді. Ат үстінде, бүркітті осындай қолғап киген қолға алып отыратындықтан, қол талып кетпеуге және бүркіт те орнықты отыруға арналған «балдақ» деп аталатын құралды қолданады. Оның ұзындығы екі қарыстай кепкен келдек ағаш, жоғарғы бөлігі биялай сыятындай мөлшерде аша етіп жасалған, ашаның ортасына сәл түсіп тұратын жалпақтау қайыс тұсау орнатқан, балдақтың төменгі жұмыр ұшында ердің қасына байлап қоятындай қайыс бүлдіргі, орта тұсында білекке орай салатындай етіп тесіп өткізген жіңішкелеу қайыс бау тағады.

Аңда жүргенде құсты қажетіне қарай жемдеуге не ұшқан жағынан қайта шақырып алуға арналған қол басындай ғана қызыл ет салып алып жүретін «жем қалта» деген болады. Оның ішін сөл ағып кетпейтіндей тері затпен астарлап, сыртын былғарымен қаптап оюлап әшекейлеген белдеуге таға салынатындай, қос алақан көлеміндей ықшам етіп жасайды. Міне, бұл бүркітшіліктегі көпшілік білетін жалпы құралдар ғана. Басқалай неше түрлі қосалқы құралдар нағыз құсбегілерге тән нәрсе.
Көпті көрген көнекөз қазақ даналары бүркіттің жасы 120 жыл дейді. 1 жасты «балапан», 2 жасты «қантүбіт», 3 жасты «тірнек», 4 жасты «тастүлек», 5 жасты «мұзбалақ», 6 жасты «көк түбіт», 7 жасты «қана», 8 жасты «жана», 9 жасты «май түбіт», 10 жасты «барқын», 11 жасты «баршын», 12 жасты «шөгел» деп бүркіт жасын 12 мүшелге дейін жеткізген. Бұған қарағанда қазақ құсбегілері құсбегі ғана емес, білгір зоолог, яғни құстану ғылымына да жетік болғаны байқалады.

Құсбегілер тарихында, мысалы, Жәнібек есімді атақты бүркітші Қарабалапан деген бүркітін 41 жыл қатарынан түлетіп, яғни баптап жаратып, үзбей аңға салған. Бір жылы қансонар уақытында осы бүркіт 60 түлкі алған екен. Сол жылдары бір түлкінің терісі 10 қойға бағаланған дейді.
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
АЖАЛ АУЗЫНДАҒЫ МАХАББАТ



00


Комментарии для сайта Cackle