Өнер – білім туралы



ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Жағымсыз тері иісінен қалай құтылуға болады

Өнер –білім туралы

Өнерлі жігіт өрде озар,
Өнерсіз жігіт жер соғар.

Өнерлі өрге жүзеді.

Ұста пышаққа жарымас.
Етікші етікке жарымас.

Шебердің қолы көпке ортақ.

Ұста, ұстадан нұсқа.

Алтын ерің атқа тисе,
Алтынын ал да отқа жақ.

Мылтығыңның күмісін айтпа,
Тиісін айт.

Темірші – көміршіге үйір.

Өнерді үйрен де, жирен.

Бояушы, бояушы дегенге
Сақалын бояйды.

Болар іс болды,
Бояуды сіңді.

Өз үйінде ою оймаған,
Кісі үйінде сызу сызады.

Ата көрген оқ жонар,
Ана көрген тон пішер.

Керекті тастың ауырлығы жоқ.

Арба иесі күпшек дер,
Киіз иесі білек дер.

Қазаншының еркі өзінде,
Қайдан құлақ шығарса.

Тауық құсқа ұшу жоқ.
Там үйлерге көшу жоқ.

Жалғаймын деп үзіп алма,
Түзеймін деп бұзып алма.

Көк темір көре өлтірмес.

Өнерліге өлім жоқ.

Жаман ерден жайдағым жақсы,
Жаман қатыннан бойдағым жақсы.

Жаман үйден қосым артық,
Сынық ошақтан мосым артық.

Сұлуынан жылуы.

Аяғы кіші сүйгенін киер,
Аяғы үлкен сыйғанын киер.

Тесік моншақ жерде қалмас.

Киім пішсең кең піш,
Тарылтуың оңай.

Ұстамен жақын болсаң,
Ісің бітеді.

Олақтан салақ жаман.

Жігіт адамға жетпіс өнер де аз.

Жаман етікші біз таңдайды.

Жаман ұста жанынан.

Етікшіден құлаш қаш,
Бізі тиер көзіңе,
Сөзі тиер өзіңе.

Сынық арба көп кешер.

Қара суда қаймақ болмас,
Қас шеберде оймақ болмас.

Бір мылтықтың аузына
Мың кісі сыяды.

Ұзынсыз қысқа болмас,
Үлгісіз ұста болмас.

Жігіттің түсін айтпа,
Ісін айт.

Ағаш кессең ұзын кес,
Қысқартуың оңай.

Темір кессең қысқа кем,
Ұзартуың оңай.

Сабақты ине сәтімен.

Қолынан келген
Қонышынан басады.

Шықсаң ұзақ сапарға
Арымас ат – от арба.

Саусағы ұзын биші болар,
Құлағы үлкен – күйші болар.

Өнерлінің өрісі ұзақ.

Жеті рет піш
Бір рет кес.

Пышағының күмісіне қарап,
Өтпесіне болайын.

Кемеші келсе,
Қайықшы жолдан шығар.

Ине өткен жерден жіп өтер.

Шақпақ, шақпақты отқа берген ақымақ.

Бір кемеге мінгеннің жаны бір.

Ақыл көпке жеткізер,
Өнер көкке жеткізер.

Ұстамен жақын болсаң,
Мүйіз кесерін аларсың,
Қайықшымен жақсын болсаң,
Дауыл күні кемесін суға саларсың.
Ұрымен жақын болсаң,
Ұятқа қаларсың.
Бөрімен жақын болсаң,
Қораға шабарсың.

Алтынды еріте білмеген ірітер,
Теріні илей білмеген шірітер.

Өнерлі бала сүйкімді.

Өнер білсең өлмейсің.

Кедеймін деп қысылма,
Өнерің болса қолыңда.
Өнерлінің ырысы –
Жарқырап жатар жолында.

Бас тұмақтың үлгісі.

Жұмыстың көзін тап,
Қисықтың тезін тап.

Өтпес пышақ қол кесер.

Білекті бірді жығар,
Білімді мыңды жығар.

Білімді өлсе,
Қағазда аты қалар,
Ұста өлсе,
Істеген заты қалар.

Білім таппай мақтанба,
Өнер таппай баптанба.

Күш – білімде.

Қына тасқа бітеді,
Білім басқа бітеді.

Көрмегенге көсеу таң.

Көргенсіз дегенге ашуланба,
Көрмей білмессің.

Бұрынғыны айтпай,
Соңғы еске түспейді.

Әлім келсе, Арыс суын байлар ем.

Білім алып құрасын,
Еңбек етіп сұрасын.

Адасқанның артындағысы біледі.
Жаңылғанның жанындағысы біледі.

Өзің бір жақсы ғалым болсаң,
Елге мәшһүр мәлім боларсың.

Білім ауысады,
Ырыс жұғысады.

Алғыға қарап пікір ет,
Артқыға қарап шүкір ет.

Біреу білмегенді біреу білер,
Біреу жылайтынға, біреу күлер.

Туа білмейді, жүре біледі.

Қарғыстың ең жаманы:
Өзің білме, білгеннің тілін алма.

Қой асығы демей-ақ
Қолыңа толса, сақа тұт,
Жасы кіші демей-ақ
Ақылы асса, аға тұт.

Болат біз қап түбінде жатпас.

Көп жасаған білмейді,
Көр көрген біледі.

Айтпас жерде аузыңды тый,
Қышынбас жерде қолыңды тый.

Ақыл азбайды,
Білім тозбайды.

Екі кеме құйрығын
Ұста, жетсе бұйрығың.
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Телефон суға түсіп кетсе





Комментарии для сайта Cackle