Ерлік, батырлық ⚔️, батыр туралы мақал-мәтелдер жинағы

Ерлік, батырлық ⚔️, батыр туралы мақал-мәтелдер жинағы

Ерлік туралы мақал-мәтелдер топтамасы

Ер қаруы – бес қару.

Ер шекіспей бекіспейді,
Ер тарықпай молықпайды.

Ер сүрінбей ел танымас,
Ат сүрінбей жер танымас.

Ер аруағы қарулы.

Су тасыса жиегіне,
Ер тасыса еліне.

Ер азамат белгісі –
Түзде мырза, үйде құл.

Малы жоқ деп,
Ерден түңілме,
Шөбі жоқ деп,
Жерден түңілме.

Батырдан сауға,
Мергеннен сыралқы.

Ер жігіт не көрмейді,
Ер көңіл не бермейді.


Қажетті сілтемелер:




Нар тәуекел ер ісі.

Ел үмітін ер ақтар,
Ер атағын ел сақтар.

Алыспақ бар, атыспақ жоқ.

Ер мойнында қыл арқан шірімес.

Ерден ердің қаупі бар.
Ер намысының құлы.

Ер сыйлаған есікке отырмас.

Уайым – ердің қорғаны.

Сойылды сала білмеген, өзіне тигізер.

Бөріктінің намысы бір.

Бас жарылса, бөрік ішінде,
Қол сынса, жең ішінде.

Ерегісте ер өлер,
Екі батыр егессе,
Екеуінің бірі өлер.

Батыр бір оқтық,
Бай бір жұттық.

Ерлік білекте емес, жүректе.

Айлалы батыр алдырмас.

Бөрі азығы мен ер азығы жолында.

Оқ жетпес жерге, қылыш суырма.

Алыстан шабынған ердің күші қайтар.

Ылдыйсыз өр болмайды,
Қапысын таппас ер болмайды.

Ер қартайса қазаншы болар,
Бүркіт қартайса тышқаншы болар.

Ер қанаты – ат.

Айласыз батыр алдырар.

Күш атасын танымас.

Ерді намыс өлтірер.

Аман ердің аты шығар.

Ер жігіт үйде туып,
Түзде өлер.

Ер жігіт ел үшін туады,
Ел үшін өледі.

Батыр туса – ел ырысы,
Жаңбыр жауса – жер ырысы.

Шын орақшы, орақ таңдамайды,
Шын батыр, құрал таңдамайды.

Палуанға оң, терісі бірдей.

Әлі келген алып та жығады,
Шалып та жығады.

Болат қайнауда шынығады,
Батыр майданда шынығады.

Жүк ауырын нар көтереді,
Ел ауырын ер көтереді.

Қашқан жауға қатыр да ер.


Ел – ырыстың кілті,
Ер – ырыстың қорғаны.

Ер жолдасы – тәуекел.

Ер басына күн туса,
Долданар да тасынар,
Жауын жеңсе жарқырап,
Жауған күндей ашылар.

Ер басына күн туса,
Ереуіл атқа ер салар.

Ер жігіт үйінен шықса,
Үйіріне қосылады.

Жоқшылық жомарт ердің
Қолын байлар.

Ер айтпас, айтса қайтпас.

Тәуекел тау жығады.

Алыстан ердің дәрібі бар,
Қасына келсең, баладай;

Бөрікті тастап,
Бөріден құтылуға болмайды.

Тәуекелдің кемесі –
Суға батпайды.

Ер көрмеймін деген жерін,
Үш көреді,
Ат баспаймын деген жерін,
Үш басады.
Батыр ортақ, бақ жалқы.

Ер арыса – аруақ
Ат арыса – тулақ.

Тисе терекке,
Тимесе бұтаққа.

Су жетпеймін демейді,
Жар жеткізбейді.
Ер жетпейін демейді,
Мал жеткізбейді.

Айға шапқан арыстан,
Ашуына болайын,
Жауға шапқан батырдың,
Тасуына болайын.
Үйде қалған қорқақтың
Сасуына болайын,

Ел көшті, жау жетті деп,
Қашуына болайын.

Өзен бойы тұрғанда,
Өзге жерге қонбаңыз.


  Батырлық туралы мақал-мәтелдер жинағы

Денсаулық ғаныбет,
Сырқаулығы болмаса.
Ер жолдасы – қатыны,
Ақ жаулығы болмаса.

Жалаң аттың жалымен,
Жалаң қылыш жүзімен.

Ат жалында,
Атан қомында.

Боларыңда болып өт,
Боз жорғадай желіп өт.

Жауды қара қашырды.
Батыр атақ Барақта қалды.

Баланың сегізінде тісі түседі.
Сексенінде ердің ерге ісі түседі.

Бас болмақ оңай,
Бастамақ қиын.

«Әйт шүу» деген атанға демеу,
«Әуп» деген ерге демеу.

Жауға жаныңды берсең де,
Сырыңды берме.

Жақсы аттың жалын сақтағанша,
Жақсы жігіттің арын сақта.

Бақ-бақ еткен текені
Қар жауғанда көрерміз.
Батырсынған жігітті,
Жау келгенде көрерміз.

Алыссаң атаң да болса жық,
Аясаң көтеріп жібер.

Жаман жігіт
Жолдасын жауға алғызар,
Өзін ұятқа қалғызар.

Өз басыңды дауға берсе де,
Жолдасыңды жауға берме.

Жаман жолдас жауға алдырар,
Жаман би дауға алғызар.

Жолдасын тастаған жолда қалар.

Ел сүйгендей досың болсын,
Жер сүйгендей қосың болсын.

Ер қосы жүре түзеледі.

Ерге берсең асыңды,
Ерлер сыйлар басыңды.

Назыңды ер көтерер,
Ер көтермесе ел көтерер.

Етігін шешпей ер тыңаймас,
Ер-тоқымын сыпырмай ат тыңаймас.

Ердің атағы туырлықтай,
Өзі бұлдырықтай.

Ер бақыттың қонғанын білмейді,
Ұшқанын біледі.

Қыз құшпаған ер арманда,
Қызғалдақ жемеген қозы арманда.

Отызыңда орда бұзбасаң,
Қырқыңда қырып келдім дегеніңе,
Ешкім сенбейді.

Ер сасқанда белгілі,
Ат шапқанда белгілі.

Ердің күйін сұрама,
Жұрттан сауын сауған соң.
Малдық күйін сұрама,
Қонысынан ауған соң.

Қорыққан бұрын жұдырықтар.

Қорыққанға қосы көрінен.

Қорқақтың көзі үлкен,
Ақымақтың сөзі үлкен.

Қорқақ көлеңкесінен де қорқады.

Қорқақты көп қусаң, батыр болар.

Жігіт бір сырлы,
Сегіз қырлы болсын.

Бақ келді деп таспа,
Жау келді деп саспа.

Болған іске болаттай бол.

Жел тұрды десе,
Үйіңе арқан сал.
Жау келді десе,
Қолыңа қылыш, қалқан ал.

Жалықпаған жау жеңеді.

Арыстан болсаң жау үшін,
Түлкідей болсын әдісің.

Тәуекел ет те тас жұт,
Ажал жетпей өлмек жоқ

Ер жігіт үш ақ үй тігеді,
Үш қара үй тігеді.

Алпыс күн атан болғанша,
Алты күн бура бол.

Жігіт жанған шоқ болсын,
Шоқ болмаса жоқ болсын.

Арманы жоқ жігіттің, пәрмені жоқ.

Арғымақ аттың құйрығы,
Әрі жібек, әрі қыл,
Ер жігіттің белгісі,
Әрі мырза, әрі құл.

Халық қазанын қайнаттым,
Қолымның кәне қарасы,
Ер қазанын қайнаттым
Етімнің кәне жарасы.

Жау жеңетін жігіттің,
Жарағынан танылғы,
Дау жеңетін жігіттің,
Талабынан танылғы.

Қорлық өмірден
Ерлік өлім артық.

Қайраны жоқ көлден без,
Қайырымы жоқ ерден без.

Алыс жол атты сынайды,
Ауыр жол ерді сынайды.

Өлімнен қорықсаң өлерсіз.

Қорықсаң құның болмайды,
Жауды жеңбей тыным болмайды.

Ер жігітке серуен де – серуен,
Сергелдең де – серуен.

Ер елімен жақсы,
Жер кенімен жақсы.

Ер не көрмейді,
Ер көңіл есе бермейді.

Қашпақ, қумақ ерге сын,
Көшпек, қонбақ жерге сын.

Шын ер жеңсе тасымас,
Жеңілсе жасымас.

Шын батыр сын үстінде танылар.

Ат басына күн туса,
Етігімен су кешер.

Үйде шешен – дауға жоқ,
Үйде батыр – жауға жоқ.

Ер – елдің ық жағының қаласы,
Жел жағының панасы.

Ердің сыншысы – елі,
Ел күйінгенде – күйінген батыр,
Ел сүйінгенде – сүйінген батыр,
Ерегісте мыңға татыр.

Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені,
Еменнің иілгені – сынғаны.

Батыр мақтанса,
Жауға шапқанын айтар,
Қу мақтанса,
Алдап қаққанын айтар.

Ер кезегі үшке дейін.

Үйіңе келгенде, үйдей өкпеңді айтпа!

Ерге лайық ат туады.


Батыр туралы мақал-мәтелдер

Ат аунаған жерде түк қалап.

Есебін тапқан жігітке,
Ердің құны сөз емес.

Екі ел егер болса,
Епті жігіт қатын алар.

Ер еруде бала мінезді,
Ер сайыста шала мінезді.

Өзі істеген өкінбес.

Батыр мың қол бастайды.
Шешен тар жерде сөз бастайды.

Ел даусыз болмайды,
Ер жаусыз болмайды.

Батыр – елдің сәулеті,
Бал құрақ – көлдің сәулеті.

Түзде жүріп,
Жау жайратқан батырмын,
Үйге келіп,
Құрт қайнатқан батырмын.

Ат ерінді келер,
Ер мұрынды келер.

Ел шарасыз болмас,
Ер жарасыз болмас.

Болат бүгілмес, шорт сынар.

Ерді кебенек ішінде таны.

Ердің асылы
Күшінен білінеді,
Қатынның асылы
Ісінен білінеді.

Әл керек, айбар керек,
Әлсіз айбар не керек.

Тымырсыз болса, ер оңбас,
Тоңға жатса, мал оңбас.

Ерді қорласаң састырар,
Асты қорласаң құстырар.

Ер болсаң, бопсаға шыда.

Батырдың бір ісі тентек,
Қорқақтың екі ісі тентек.

Жігіт жолдасынан белгілі.

Ер жігіт бір күнде бір кісілік,
Бір күнде мың кісілік.

Талапты ерге нұр жауар.

Шешінген судан тайынбас.

Төске айылдың батқанын
Иесі білмес аты білер;
Ер жігіттің қадірін
Ағайын білмес, жат білер.

Пышақ болмас жетесіз
Өзі болған жігіттің
Тегін сұрап нетесіз.

Ердің атын я аты шығарады,
Я қатыны шығарады.

Ерді көрсең қыдыр тұт,
Асты көрсең қадір тұт.

Қасында қара көп болса,
Нөкер емей немене?!
Шөлдегенде ішкен су,
Шекер емей немене?!
Ат жалынан тапқан мал,
Бекер емей немене?!

Тоқсанымыз жиылып,
Тоқты жыққан батырмыз.
Сексеніміз жиылып,
Серке жыққан батырмыз.

Ер басына дау келсе,
Ерлігі кетер басынан.
Би басына дау келсе,
Билігі кетер басынан.

Арғымақ бірде жалды,
Бірде жалсыз,
Ер жігіт бірде малды,
Бірде малсыз.

Ердің малы – елдің малы.

Ерді жаяулық емес,
Қаяулық аздырады.

Ер жаңылып қолға түсер,
Құс жаңылып торға түсер.

Ер бір рет өледі,
Қорқақ мың рет өледі.

Ырысқа қарай ұл өсер,
Қонысқа қарай мал өсер.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу