Үй жануарлары



ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Ерлі-зайыптылардың бірге моншаға түсулері күнә емес пе?

Білім беру саласы: «Коммуникация», «Әлеуметтік орта»
Ұйымдастырылған оқу қызметі: Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, Сөйлеуді дамыту, Қоршаған орта.
Тақырыбы: «Үй жануарлары»
Мақсаты: 1. Балалардың үй жануарлары туралы түсініктерін тереңдету. Олардың төлдерін бір - бірінен ажырата білуге, зейін қойып тыңдауға үйрету. Олардың бізге тигізетін пайдасы туралы айту.
2. Балаларға үй жануарларына байланысты тақпақ, жұмбақтарды қайталай отырып, сұрақ - жауап арқылы тілін дамыту.
3. Үй жануарларын күтіп баптауға, қорғап қомқор жасауға тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: үй жануары, қора, сиыр, түйе, жылқы, қой, ешкі, төлдер.
Билингвальды сыңары: домашный животные, корова, верблюд, лощадь, баран, коза, теленок, верблюжонок, жеребенок, ягненок, козленок.
Заттық дамыту ортасы: демонстрациялық материалдар, слайд, құрт, айран, сүт, қаймақ, қатық.
 Мотивациялық - қозғаушылық:
 
Жылулық шеңбері
Атам мені, «құлыным»- дейді,
Әжем мені, «ботам»- дейді.
Әкем мені, «шырағым»- дейді,
Анам мені, «қозым»- дейді.
Ал шынында мен кіммін?
Мен дарынды баламын!
Балалар шеңбер бойына тұрып өлең жолдарын бәрі бірге қайталайды.
 Ұйымдастырушылық - ізденістік:
 
- Балалар, бүгін біздің оқу қызметімізге көптеген қонақтар келіп отыр екен, кәне біріміз қонақтармен амандасып алайық
- Сәлеметсіздер ме!
Айдай жарқырап,
Күндей жадырап,
Судай мөлдір таза көңілмен,
Бүгінгі күнімізді бастайық.
- Балалар, ойын ойнағыларың келе ме?
Дидактикалық ойын: «Ғажайып текше»
Шарты: ойын арқылы күз мезгілінің ерекшелігін айту, текшедегі суреттер арқылы әңгіме құрастыру.
- Балалар, жақында «Алтын күз» мерекесін өткіздік есімізде болса, кімнің есінде сол тақпақтар? (Балалар, өздері білетін тақпақтарын айтады).
- Жарайсыңдар балалар! Балалар адамдардың күнделікті тіршілік етіп өмір сүретін баспанасын қалай атаймыз? (Үй)
- Үй қандай бөліктерден тұрады? (Үйдің шатыры, есігі, терезесі, қабырғалары болады). Осы үй бөліктері қандай пішіндерге ұқсайды? (Шатыры - үшбұрышқа, қабырғалары - төртбұрышқа, терезесі, есігі - шаршыға ұқсайды )
- Жарайсыңдар балалар! Дұрыс айтасыңдар, мына тұрған үйдің неше терезесі бар? (5) Дұрыс, осы әр терезеде жұмбақтар бар, мен сендерге оқып берейін сендер шешімін (жауабын) табыңдар.
Жұмбақ.
1. Қамыс құлақ,
Тостаған тұяқ.
Мінсең қанат,
Сүті дәрі, еті тамақ. (Жылқы - лошадь)
2. Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар. (Түйе - верблюд)
3. Кішкене ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар. (Қой - овец)
4. Өзі күшті, мүйізі мықты,
Төрт бұлағы сүт,
Баға білсең құт. (Сиыр - корова)
5. Секең - секең етеді,
Таумен тасқа жетеді. (Ешкі - коза)
- Міне, қызық балалар, жұмбақтардың жауабын дұрыс таптыңдар. Үйдің әр терезесінен шешілген жұмбақ жауаптарынан жануарлар шықты.
- Балалар, неліктен бұл жануарлар үй ішінен шықты? (өйткені олар үй жануарлары)
- Ал, жабайы жануарлар қайда мекендейді? (орманда)
Сергіту жаттығуы (Балалар видеоға қарап би қимылдарын жасап, бойларын сергітеді).
- Балалар, мен сендерге үй жануарлары туралы кішкене мағұлмат берейін, сендер мұқият тыңдаңдар.
1. Жылқы атасы - Қамбар ата.
2. Сиыр атасы - Зеңгі баба.
3. Түйе атасы - Ойсыл қара.
4. Қой атасы - Шопан ата.
5. Ешкі атасы - Сексек ата.
- Үй жануарларын төрт түлік деп атайды. Балалар, үй жануарларының төлдерін атап беріңдерші? (Бұзау, құлын, бота, қозы, лақ).
Дидактикалық ойын: «Адаспай тап»
Шарты: төлдерді өз енелеріне біріктіру, қоршау ішіне салу.
- Балалар, осы үй жануарларының дыбыстарын ажырата білесіңдер ме?
- Қой қалай дыбыстайды? Қойларды суарарды қалай шақырады? (Қой маңырайды. Мә - мә - мә. Пұшайт - пұшайт).
- Дұрыс айтасыңдар, қойдың сүті пайдалы, етін жейді, жүнін тұрмыста пайдаланады.
- Ешкі қалай дыбыстайды, және оны қалай шақырады? (шөре - шөре)
- Ешкі сүті құнарлы, ем болып келеді. Ешкі жүнінен тоқымалар тоқиды.
- Жылқы қалай дыбыстайды және қалай шақырады? (қырау - қырау)
- Жылқының сүтін саумал деп атайды, оны ашытып қымыз жасайды. Жылқының саумалы, қымызы, еті адам ағзасына өте пайдалы.
- Ал, түйе қалай дыбыстайды және оны қалай шақырады? (көс - көс)
- Түйенің сүтін қымыран деп атайды, қымыранды ашытып шұбат дайындайды. Түйенің етін жейді, жүнінен тоқыма тоқиды.
- Сиыр қалай дыбыстайды және оны қалай шақырады? (ауха - ауха)
- Балалар, сиыр сүті өте пайдалы, сүттен айран ұйытады, қаймақ, май, қатық, ірімшік жасайды, етін жейміз.
- Сонымен балалар, бұл үй жануарларының бізге тигізетін пайдасы өте көп екен. Сондықтан біз оларды күтіп, бағуымыз керек.
- Балалар, осы жануарлардың ішінен мен сендерге сиыр туралы толығырақ айтып және тәжірибе көрсеткім келіп отыр.
- Сиыр сүтінен одан шығатын тағамдарға тәжірибе жасаймыз.
- Міне сүт, сүттен қаймақ, айран аламыз. Айраннан сүзбе аламыз, сүзбе екіге бөлінеді сүзбе (творг) және құртқа арналған сүзбе.
- Балалар, енді мұнда назарларыңды аударыңдар, мұнда құртқа арналған сүзбе оған тұз қосып одан құрт жасаймыз.
Бірінші киіміміз былғанбау үшін алжапқышты киеміз, екінші қолға қолғап киеміз. Балаларға құрт жасау тәсілін көрсету.
Сұрақ - жауап:
- Балалар, сендерге бүгінгі оқу қызметі ұнады ма?
- Сендер қандай үй жануарларымен таныстыңдар?
- Неге тәжірибе жасадыңдар?
- Балалар, мен сендерге көңілді, көңілсіз смайликтер дайындадым. Сендер бүгінгі оқу қызметі ұнаған, ұнамағандарын осы смайликтер арқылы білдіріңдер.
- Осымен біздің бүгінгі оқу қызметіміз аяқталды. Қонақтармен қоштасайық.
 - Сау болыңыздар!

Тараз қаласы №13 бөбекжай - бақшасы
Тәрбиеші Мирзахмедова Гульсун Абдухакимовна



Источник: bilimdiler.kz
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Халқымыздың төл құрал саймандары





Комментарии для сайта Cackle