Қан қысымының төмендеуі


Қан қысымының жоғарылауы туралы жиі сөз қозғалғанымен, оның төмендеуі жөнінде аз айтылады. Өйткені қан қысымының төмендеуі едәуір сиректеу кездеседі. Дегенмен бұл дертті де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қан қысымының төмендеуін медицинада «гипотония» деп атайды. Егер әйел адамның қан қысымы қалыпты норма - 95/60 - тан, ал ер адамдарда 100/95 - тен төмендесе, бұл гипотония болып есептеледі. Қан қысымының төмендеу белгілері біртіндеп дамуы да, аяқасты ұстама түрінде білінуі де мүмкін.

Осыған сәйкес медицинада «жіті артериялық гипотония» және «созылмалы гипотония» бар. Бұл аурудың қауіптілігі мынада: ол бас миының қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеуіне және осының салдарынан ми мен ішкі ағзаларға оттегінің жетіспеушілігіне соқтырады. Сондықтан бұл сырқат дер кезінде емдеуді талап етеді. Гипотония ер адамдардан гөрі әйелдерде басым. Олардың 80 пайызы - біріншілік немесе нейроциркуляторлық гипотония.

Оның белгілері: бастың ауырлауы, тез шаршағыштық, бастың айналуы. Кейде көңіл - күйдің төмендігі, ашушаңдык байқалады. Сырқат адам ұмытшақ, бірдеңеге ден қоюда қиналады, ал ауыр жағдайларда талып қалуы мүмкін.

Себептері
Бұл сырқаттың себептері әр түрлі. Олардың қатарында вегето - тамыр дистониясы, жүрек - қан тамыр жүйесінің сырқаттары, асқазан - ішек жолы аурулары бар. Сондай - ақ ықтимал себептеріне жүрек шамасыздығын, атеросклерозды, авимаминозды, түрлі уыттануларды, сыртқы өзгерістерге организмнің қорғаныш әсерін, аллергиялық реакцияларды, денсаулықтағы басқа да ақауларды жатқызуға болады. Гипотония қандай да бір аурудың қоса - қабаттасқан белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда негізгі сырқатты емдеген соң, гипотония деп аталады. Ал нейроциркуляторлық гипотония стресстер, психологиялық ауыртпалықтар, ақыл - ойдың шаршауы, жүйкеге салмақ түсіретін басқа да жағымсыз құбылыстармен қатар байқалады. Бұл жағдайда ол біріншілік гипотония деп аталады.

Емі
Құрамында кофеині бар жалпы ынталандыратын дәрі - дәрмектер қолданылады. Сонымен қатар көптеген дәрілік өсімдіктер де жақсы көмектеседі. Мысалы, адамтамыр тұндырмасы. Алайда қандай дәріні болмасын, дәрігермен кеңесе отырып қабылдаған жөн. Өйткені әр адамның ағзасы, аурудың туындау себебі әр түрлі, сондықтан бір дәрі әркімге әрқалай әсер етуі мүмкін. Қан қысымының төмендеуі оның жоғарылауымен салыстырғанда көбіне ауыр зардаптарға алып келмейді. Сондықтан оны емдейтін дәрілер де көп емес. Гипотонияға шалдыққан адам өз - өзіне көмектесе білуі ләзім. Яғни денесін үнемі ширатып, шынықтыруы керек. Жүйелі түрде және жиі қимылдаған жөн. Алайда тамырларға артық салмақ түсіруге болмайды. Әсіресе жаяу жүру, жүзу, түрлі ойындар пайдалы.
Бұл сырқаттарға ыстық және салқын суды кезектестіре душқа түсу, бассейн, монша, сауна, денені сылап - сипау пайдалы. Бірақ температура күрт өзгергенде абайлау керек, алдымен денені үйретіп алған жөн. Дені сау адамдармен салыстырғанда қан қысымы төмен адамдарға ұйқыға көп уақыт бөлу керек - кемінде 10 - 12 сағат үзіліссіз ұйықтау. Кейбіреулер гипотониктерді маубас, жалқау деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Ұзақ ұйқы - организмнің қорғаныш реакциясы, ол сырқат адамның өзін жақсы сезінуі үшін аса қажет. Қан қысымы төмен адамдарға қою шай, кофені қалауынша ішуге болады. Бірақ тұзды шектеген жөн. Басы айналып, құлап қалмау үшін таңертең төсектен шапшаң тұрып кетуге болмайды. Алдымен төсекте жатып қимылдап, қол - аяқты ширатып алыңыз. Әдетте гипотония адамның қалыпты өміріне аса көп зардабын тигізбейді, бірақ сырқаттың жағдайы нашарлайтын болса, міндетті түрде дәрігерге көрініп арнайы ем алуы шарт.

И. Нусипбаева, дәрігер терапевт.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу