Британ ертегісі: Ши қалпақ

Британ ертегісі: Ши қалпақ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
ҰБТ тапсыратын түлекті ата-ана қалай қолдау керек?

Ертеде бір дәулетті джентльмен өмір сүріпті. Оның үш қыз баласы болыпты. Бірде ол қыздарының өзін қаншалықты жақсы көретінін білгісі кеп тұңғыш қызынан:
‒ Мені қаншалықты жақсы көресің, қарғам? ‒ деп сұрайды.
‒ Өмірді жақсы көргендей жақсы көрем, әке, ‒ дейді тұңғышы.
‒ Дұры-ы-ы-с.
‒ Ал, сен ше, сен мені қаншалықты жақсы көресің? ‒ деп сұрайды сосын ортаншысынан.
‒ Әлемді жақсы көргендей жақсы көрем, ‒ дейді ортаншы қызы
‒ Дұры-ы-ы-с.
‒ Енді сен айтшы, мені қаншалықты жақсы көретіндігіңді? ‒ дейді одан кейін кенжесіне бұрылып..
‒ Жас ет тұзды жақсы көргендей жақсы көрем, ‒ дейді кенжесі.
Бұл жауапқа джентльменнің ашуы басына теуіп, қызараңдап қалады.
‒ Онда сен мені мүлде жақсы көрмейді екенсің! Бұл үйде саған орын жоқ! Кет! ‒ деп кенже қызын сүйреп сыртқа шығарады да, есікті тарс жабады.
Қыз не істесін?! Басы ауған жаққа жүре береді, жүре береді. Бір кезде құрағы мен шиі желкілдеп тұрған жерге келеді. Қыз бір десте ши жинап, өзіне ұзын шапан, бетінің жартысын жауып тұратын қалпақ тоқып алады. Ши киім оның үстіндегі қымбат киімін басынан аяғына дейін жасырады. Ши киімді қыз жүріп отырып, бір ауқатты үйдің маңына аялдап:
‒ Сіздерге күң керек пе? ‒ дейді.
‒ Керек емес, ‒ дейді үй иесі.
‒ Барар жерім жоқ еді. Қандай жұмыс тапсырсаңыз да, бас тартпаймын. Жалақы сұрамаймын, қабылдаңызшы, ‒ дейді қыз қиылып.
‒ Жарайды, қазан жуып, таба қырнауға қарсы болмасаң, кіре ғой.
Қыз сол үйде қалып, қазан-ошақтың барлық қара жұмысын атқарады. Есімін айтпай қойғандықтан жұрт оны Ши қалпақ атап кетеді.
Бірде сол ауылға жақын жерде үлкен би кеші болатыны хабарланады. Бұл кешке Ши қалпақ тұрған үйдің малайлары мен күңдеріне де баруға рұқсат етіледі. Алайда Ши қалпақ «шаршап жүрмін» деп биге жиналған жұртқа ілеспей қалып қояды. Бірақ бәрі кеткен соң ши киімін шешіп, жуынып-таранып биге барады. Сол кештегі ең сәнді киінген сұлу қыз Ши қалпақ болады. Кешке аға аспаздың ұлы да келеді. Ол Ши қалпақты көрген сәтте ессіз ғашық боп қалады. Басқа қыздардың ешқайсысын елемей, Ши қалпақтан өзге ешкіммен билемей қояды. Алайда қыз би кеші аяқталмай тұрып білдірмей кетіп кетіп қалады. Үйге кеп, сәнді киімін ши киімге ауыстырып киіп, ұйықтап қалады. Ертесіне биге барғандар:
‒ Сен көп тамашадан құр қалдың, Ши қалпақ, ‒ дейді кештің қызығын жарыса әңгімелеп.
‒ Қандай тамаша?
‒ Кешке өте сәнді киінген сұлу қыз келді. Аға аспаздың ұлы одан көз ала алмады.
‒ Көре алмағаным өкінішті-ақ! ‒ дейді Ши қалпақ.
‒ Бүгін де би кеші болады. Ол қыз тағы келетін шығар.
Кешке жұрт тағы биге жиналғанда Ши қалпақ шаршағанын сылтауратып,
қалып қояды. Бірақ бәрі кеткен соң ши киімін шешіп, жуынып-таранып биге барады. Аспаздың ұлы оны көргенде қатты қуанып кетеді. Басқа қыздардың ешқайсысына қарамай, есіл-дерті тек Ши қалпақ болады. Алайда қыз би кеші аяқталмай тұрып білдірмей кетіп, ши киімін киіп ұйықтап қалады. Ертесіне биге барғандар:
‒ Ши қалпақ, кеше биге баруың керек еді. Өткендегі леди тағы келді, ‒ дейді кештің қызығын жарыса әңгімелеп. ‒ Аға аспаздың ұлы тек сонымен ғана биледі.
‒ Көре алмағаным өкінішті-ақ! ‒ дейді Ши қалпақ.
‒ Бүгін де би кеші болмақ. Ол қыз тағы келетін шығар.
Кешке жұрт тағы биге жиналғанда Ши қалпақ шаршағанын сылтауратып
қалып қояды. Бірақ бәрі кеткен соң ши киімін шешіп, жуынып-таранып биге барады. Аспаздың ұлы оны көргенде қатты қуанып кетеді. Басқа қыздардың ешқайсысына қарамай, Ши қалпақтың жанынан кетпей қояды. Қыз аты-жөнін айтпай қойған соң алтын жүзік сыйлап, енді кездесіп тұрмаса, құсадан өлетінін айтады. Қыз бұл жолы да би кеші аяқталмай тұрып білдірмей кетіп қалады. Өзге қыздар келгенде ши киімін киіп ұйықтағансып жатады. Ертесіне биге барғандар:
‒ Ши қалпақ, өткендегі ледиді көре алмайтын болдың. Енді жуық арада би кеші өтпейді.
‒ Көре алмайтыным өкінішті-ақ! ‒ дейді Ши қалпақ.
Аспаздың ұлы жұмбақ бикешті іздеп шарқ ұрады, бармаған жері, сұрамаған адамы қалмайды. Бірақ ешкім оған ештеңе айта алмайды. Жігіт ғашықтықтан ішқұса боп ауырып, төсек тартып жатып қалады.
‒ Ұлыңа ыстық сорпа дайындап берсеңші, ‒ дейді аспазға таныстары. ‒ Түк тамақ ішпей өлетін болды ғой.
Аспаз сорпаны дайындауға кірісе бергенде Ши қалпақ кеп:
‒ Не істейін деп жатырсыз? ‒ дейді.
‒ Ұлыма ыстық сорпа дайындап берейін деп едім. Әйтпесе бір қызға ғашық боп тамаққа түк тәбеті болмай қалды.
‒ Әкеңіз, мен дайындай салайын.
Аспаз алғашында көмектен бас тартқанмен сәлден кейін «дайындасаң ‒ дайындай салшы» деп сорпа пісіруді Ши қалпаққа тапсырады. Ши қалпақ сорпаны дайындап болған соң жігіт берген жүзікті ешкімге көрсетпей табақтың ішіне салып жібереді.
Жігіт сорпаны ішіп болған соң табақтың түбінде жатқан жүзікті көреді.
‒ Шешемді шақырыңдаршы! ‒ деп өтінеді ол. Шешесі лезде жетіп келеді.
‒ Мына сорпаны кім дайындады?
‒ Өзім дайындадым, ‒ дейді шешесі сасқанынан.
Баласы шешесінің көзіне тура қарайды.
‒ Жоқ, сіз дайындаған жоқсыз. Шыныңызды айтыңыз, ол кім?
‒ Жарайды айтсам ‒ айтайын. Ши қалпақ дайындап еді.
‒ Ши қалпақты мұнда жіберіңізші.
‒ Сорпаны пісірген сен бе?
‒ Иә, мен.
‒ Мына жүзікті қайдан алдың?
‒ Бір жігіт беріп еді.
‒ Сен өзі кімсің?
‒ Қазір көрсетемін. ‒ Қыз ши киімін шешкенде аржағынан сәнді киінген әдемі қыз шыға келеді.
Аспаздың ұлы сырқатынан лезде айығып, қызға сөз айтады. Үйлену тойына алыс-жақын ағайын-туыс, ауылдастардың бәрі шақырылады. Ши қалпақтың әкесі де шақырылады. Алайда Ши қалпақ ешкімге өзінің кімнің қызы екенін айтпайды. Тек той қарсаңында аспазға келіп:
‒ Ет тағамдарына тұз қоспай пісіріңізші, ‒ деп өтінеді.
‒ Мүлде дәмсіз болады ғой, ‒ дейді аспаз.
‒ Ештеңе етпес, ‒ дейді қыз.
Неке қиылып, қыз бен жігіт ерлі-зайыпты деп хабарланғаннан кейін қонақтар той дастарқанына отырады. Еттен дайындалған қай тамақты жесе де, дәмсіз болады. Ши қалпақтың әкесі бір тамақты жеп көреді, одан екіншісін, одан үшіншісін ‒ бәрі дәмсіз, ешқайсысын жей алмайды. Отырып-отырып, бір кезде солқылдап жылап жібереді.
‒ Не болды, неге жыладыңыз? ‒ дейді күйеу жігіт.
‒ Менің бойжеткен қызым болған. Бір күні одан мені қаншалықты жақсы көресің деп сұрап едім, «Жас ет тұзды жақсы көргендей жақсы көрем» деді. Бұл жауап менің намысыма тиді, ол мені мүлде жақсы көрмейді екен деп ойлап үйден қуып шықтым. Оның мені өте жақсы көргенін қазір түсініп отырмын. Алайда, кеш түсіндім, ол үйсіз-күйсіз қаңғырып жүріп ендіге дейін бір жерде өліп те қалған шығар.
‒ Жоқ, әке, өлген жоқпын! Міне, мен мұндамын! ‒ деп Ши қалпақ жүгіріп кеп әкесінің мойнынан құшақтай алады. Содан былай олар тату өмір сүреді.

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Азан шақырып ат қою



Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 60 секунд !!!



Комментарии для сайта Cackle