Британ ертегісі: Том Тит Тот

Британ ертегісі: Том Тит Тот


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Тіс ағартудың тәсілі

Ертеде бір әйел бес пай пісіреді. Ошақта көп ұстап қойғандықтан пайы тіс батпайтын қатты боп шығады.
‒ Қызым, мына пайларды сөреге апарып қойшы, қалпына келсін, ‒ дейді әйел қызын шақырып. «Қалпына келсін» дегені «жұмсарсын» дегені ғой, түсініп отырған шығарсың.
Алайда қызы оны басқаша ұғады, «осы пайларды жей салайыншы, бәрібір қайта қалпына келеді ғой» деп тәтті нанның біреуін де қалдырмай жеп қояды.
Кешкі шайды ішер кезде шешесі қызын тағы жұмсайды:
‒ Қызым, манағы пайларды әкелші, қалпына келген шығар.
Қызы бос табақтан өзге ештеңе қалмаған сөренің жанында тұрып-тұрып, қайтып келеді.
‒ Әлі қалпына келмепті.
‒ Ешқайсысы да қалпына келмеп пе?
‒ Ешқайсысы да.
‒ Жарайды, қалпына келсін-келмесін әкеле бер, біреуін жейік.
‒ Қалай жейсіз, қайта қалпына келмесе? ‒ дейді оған қызы.
‒ Ештеңе етпес, бір жақсы піскенін таңдап әкел, ‒ дейді оған шешесі.
‒ Мен жақсы піскенін де, жаман піскенін де жеп қойдым. Енді олар қайта қалпына келгенше күте тұрыңыз.
Мұндайда не дерсің!? Әйел ұршығын алып, аулаға шығады да, әндетіп жіп иіріп отырады:
Менің қызым бүгін бес пай тауысты.
Менің қызым бүгін бес пай тауысты.
Бұл әнді сол мезетте көшеде кетіп бара жатқан корольдің құлағы шалып қалады
‒ Не туралы әндетіп отырсың, бикеш?
Қызының қылығынан ұялған әйел сасқанынан:
Қызым бүгін бес шүйде жіп иірді.
Қызым бүгін бес шүйде жіп иірді, ‒ деп жалғастырады.
‒ Апыр-а-а-й! Мұндай ісмер қыз туралы бірінші рет естуім! ‒ дейді король таңданып. ‒ Бері қара! Мен әйел алайын деп жүр едім. Енді сенің қызыңа үйленуді ұйғардым. Бір шартым бар. Он бір ай бойы қызың қалаған тамағын ішіп, қалаған киімін киіп, қалаған жерге қонаққа бара алатын болады. Алайда жылдың соңғы айында ол маған күніне бес шүйде жіп иіріп беретін болсын. Осы шартты орындай алмаса, басын аламын.
Қызының құтты орынға қонатына қуанған әйел бірден келіседі. Күніне бес шүйде жіп туралы талапты бір қулық жасап орындармыз, тіпті король он бір айдан кейін оны ұмытып та кетер деп ойлайды.
Сонымен король әлгі қызға үйленеді. Он бір ай бойы қыз қалаған тамағын ішіп, қалаған киімін киіп, қалаған жерге қонаққа барады.
Қыз межелі уақыт таяғанда өткендегі бес шүйде жіп туралы уәдесін қалай орындаймын деп абыржи бастайды. Король ол туралы ләм-мим демей жүре берген соң ұмытып кеткен болар деп ойлайды
Алайда он бірінші айдың ең соңғы күні король келіншегін бұрын-соңды кіріп көрмеген бір бөлмеге ертіп барады. Бөлмеде жіп иіру станогы мен орындықтан өзге ештеңе жоқ екен.
‒ Аяулым, қызметшілер қазір саған тамақ пен зығыр әкеп беріп, қамап қояды, ертеңге дейін бес шүйде жіп иіріп үлгермесең, басың алынады, ‒ деп король өз жұмысымен кетіп қалады.
Енді қайтті!? Қыз орындыққа отырып ап ал жыласын!
Кенет біреу есік қағады. Қыз орнынан тұрып есікті ашады, ашса ‒ денесін қап-қара жүн басқан, бәкене бойлы, ұзын құйрықты бірбәле тұр. Бірбәле қызға:
‒ Неге жылап отырсың? ‒ дейді.
‒ Шаруаң болмасын!
‒ Айт неге жылап отырғаныңды!
‒ Оны айтқаннан маған не пайда?
‒ Сен мені білмейді екенсің! ‒ дейді бірбәле ұзын құйрығын бұлғаңдатып.
Қыз басын көтеріп:
‒ Жарайды, еш пайда жоқтан еш зиян да жоқ шығар, ‒ деп мұндай жағдайға қалай ұшыраған себебін бастан аяқ түк қалдырмай айтып береді.
‒ Онда былай етейік, ‒ дейді бірбәле. ‒ Мен күнде таңертең сенің терезеңнің түбінен зығыр алып кетіп, кешке қарай жіп етіп иіріп әкеп беріп тұрайын.
‒ Ақысына не сұрайсың? ‒ дейді қыз.
Бірбәле қызға көзінің ұшымен қарайды да:
‒ Менің атымның кім екенін тауып атауға бір ай мүмкіндік беремін. Егер айдың аяғына дейін таба алмасаң, маған әйел боласың, ‒ дейді.
Қыз бірбәленің атын айдың аяғына жетпей-ақ тауып қоярмын деп ойлайды да:
‒ Келістік, ‒ деп уәде бере салды.
‒ Келістік! ‒ дейді бірбәле де құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізіп.
Ертесіне король әйелін оңаша бөлмеге кіргізді де, алдына бір үйме зығыр мен бір күндік тамағын қойып:
‒ Мына зығырды кешке дейін жіпке айналдырмасаң басыңды алам, ‒ дейді де есікті құлыптап, шығып кетеді.
Король кете салысымен терезе тықылдайды. Келіншек жүгіріп барып ашса, терезенің табаншасында қап-қара боп манағы бірбәле отыр.
‒ Зығыр қайда?
‒ Міне.
Кешке терезе тағы тықылдайды. Келіншек жүгіріп барып ашады, терезе табаншасында қолында бес шүйде жібі бар қап-қара боп бірбәле отырады.
‒ Міне, жібің. Ал, енді менің атымды айт.
‒ Атың Билл болар, ‒ дейді келіншек.
‒ Жоқ, таппадың! ‒ Бірбәле құйрығын қатты-қатты бұлғаңдатып ұшып кетеді.
Король келгенде бес шүйде жіп дайын тұрады.
‒ Бүгін сені өлтірмейді екем, аяулым. Ертең тағы тамақ пен зығыр әкеп берем, ‒ деп король кетіп қалады.
Сонымен не керек, келіншекке күнде бір үйме зығыр мен бір күндік тамақ әкелінеді. Күнде таңертең және кешке бәкене бойлы қап-қара бірбәле келіп-кетіп тұрады. Келіншек күні бойы бірбәленің есімінің кім екенін тапқысы кеп ойланумен әлек. Бірақ қанша атты санамалап шықса да, үстінен түспей қояды. Айдың аяғы тақағанда келіншек жаңылған сайын бірбәле қутыңдап, құйрығын бұрынғыдан да бетер жылдам-жылдам бұлғақтататын болады.
Айдың аяғына бір күн қалғанда бірбәле әдеттегідей бес шүйде жіпті әкеп келіншекке береді де былай дейді:
‒ Менің есімімді таптың ба?
‒ Никодим емес пе?
‒ Жоқ, олай емес.
‒ Онда Сеймл шығар?
‒ Жоқ, олай емес.
‒ Демек, Мефусаил болғаны.
‒ Ондай да емес.
Бірбәле келіншекке көмірдің шоғындай қып-қызыл көздерімен қадала қарайды да:
‒ Ертең ‒ соңғы күн. Таппасаң ‒ мендік боласың, ‒ деп ұшып кете барады.
Келіншектің зәресі ұшып, құты қашады. Корольдің келе жатқан дыбысы естіледі. Король дайын жатқан бес шүйде жіпті көріп:
‒ Жарайды, аяулым. Ертең де дәл осылай бес шүйде жіп иіріп қойсаң, уәдемде тұрамын, сені өлтірмеймін. Ал, бүгін кешкі тамақты осында ішем, ‒ дейді.
Қызметшілер тағы бір орындық әкеп, дастарқан жаяды, ерлі-зайыптылар кешкі асқа отырады.
Король тамақтан бір-екі қасық асағаннан кейін өзінен-өзі мырс етіп күледі.
‒ Неге күлдің? ‒ дейді келіншегі.
‒ Бүгін аңға шығып едім. Бір қарасам, орманның бұрын-соңды аяқ баспаған қалың ортасына кіріп кетіппін. Сол жердегі бір шұңқырда біреу мыңқылдап ән айтып отырғандай болды. Әуестігім жеңіп, жетіп барып, төменге үңілдім. Шұңқырдың түбінде қап-қара қортық бірбәле жіп иіріп отыр. Құйрығын бұлғаң-бұлғаң айналдырып ән айтып қояды:
Нимми Нимми Нот
Менің атым ‒ Том Тит Тот.
Келіншек мұны естігенде қуаныштан билей жөнелгісі келді, алайда өзін-өзі ұстап, ләм-мим демей отыра береді.
Ертесіне зығыр алуға келген бірбәле бұрынғысынан да бетер қутыңдап тұрады. Кешке езуі екі құлағына жетіп, терезенің табаншасында жылмиып отыр.
‒ Менің атым кім? ‒ дейді жіптерді келіншекке беріп жатып.

‒ Соломон шығар, ‒ дейді келіншек жорта білмегенсіп.

‒ Жоқ, олай емес. ‒ Бірбәле бөлмеге өңмендей ене түседі.

‒ Онда Зебеди болды.

‒ Жоқ, олай емес. ‒ Бірбәле шиқылдап күліп, құйрығын көз ілеспес жылдамдықпен бұлғаңдатып жібереді.

‒ Тезірек ойлан! Тағы бір рет мүмкіндік берем, таба алмасаң, менікі боласың! ‒ деп

жүн басқан қап-қара қолдарын созып, келіншекке қарай ұмсынып қалады.

Келіншек екі-үш адым кейін шегініп түсті де, сұқ саусағын бірбәлеге қарай шошайтып:

Нимми Нимми Нот

Сенің атың ‒ Том Тит Тот, ‒ деп сақылдап күліп жіберді.

Мұны естігенде бірбәле бар даусымен баж етіп, терезеден атып шықты да, қараңғылыққа сіңіп жоқ болды. Содан қайтып ол келіншекті мазаламады.

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Баланың салған суреті бүкіл отбасының психологиясы



Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 60 секунд !!!



Комментарии для сайта Cackle