Сатиралық ертегі: Ығай мен Сығайдың өтірік салыстырғаны

Сатиралық ертегі: Ығай мен Сығайдың өтірік салыстырғаны

Ығай, Сығай деген екі ағайынды туысқан суайт, өтірікші болыпты. Осы екеуін өтірік айтыстыруға ел екі ен-жар болып, жиында өтірік бәсекесіне түсіпті.
Сөзді Ығайға беріпті. Ығай:
– Қой жылы қостап, жылқымен отарға шықтық. Айына алты саптыаяқ тары, алпыс мысқал талқан азық, көже қатыққа екі сүбе қабырға, бір миқы омыртқа, бір құрт, екі малта беруші еді. Бұл азықты ай сайын алты атан түйемен түсіріп тұрушы еді. Бір күні ауылдан келген азығымды түсіріп алып жатсам, айғыр шаппай, шығып кеткен алты бием желіндеп жүруші еді, бәрі де бошалап кетісіпті.
Тоқпақ жалды торы айғырды жайдақ күйінде жүгенсіз, қақпалап мініп, жүгіртіп келе жатсам, шықпаған шыларжында қорықпайтын қоян жатыр екен. Торы айғырдың үзеңгісіне шіреніп тұрып, тұмағымды алып жіберіп, ұрып ем, күл-топырақ болып, аспанға ұшып кетті. Ұрған жеріме келсем, тұмағымның милығынан келіп, отыз үйрек балапандап, қырық қаз жұмыртқалап қалыпты. Сол күйі басыма кие салдым да, биелерімнің ізімен соғып келе жатсам, тумаған ту серкенің терісінен істеген местегі қымыз көштен түсіп қалыпты. Биелерім аман-түгел табылады екен деп ырым қылдым да, торы айғыр үзеңгі баулап алып, тағы соғып, келе жатырмын. Бір айдын шалқар дарияның жағасына келсем, үрлей, от жанып, сор май шығып, топырақ жанып жатыр екен. Торы айғырды суытып, қаңтара байлап тастап, тұмағымдағы толып жатқан құсты үстіне су құйып, асып отырсам, қырдан қызыл түлкі мені бас бағыпты да тұрыпты. Мақтадан оғы бар, балдырдан дәрісі бар, әкемнен қалған ақшолақ мылтығым бар еді. Тұмсықты тұстай, мұрынды нұсқай атып едім, тұмсықтан тиген оқ құйрығының үстінен шығып кетті. Тұмақтағы түстікке тояттап алып, қымызыма қанып алып, қанжығамды қаз толтырып, түлкімді бөктеріп, алты дарияның ар жағында, жеті дарияның жел жағында, Барсакелмес аралда алты бием құлындап, құлындарын аймалап тұр екен. Дария торы айғырдың тобығынан да келген жоқ. Бір айғыр үйір жылқы айдап, қайтып келемін.
Жолда келе жатып, кеш батқан соң бір жерге түнейін деп, қамшымның бүлдіргесімен барлық жылқымды матастырдым да, ыстық қылып ішейін деп айнала – төңіректен бір етек жапа теріп әкелсем, бәрі шіл екен, пырылдап ұшты [да] кетті, ұшты [да] кетті, – депті.
Сөзді Сығайға беріпті. Сығай:
– Мен кішкене күнімде бір сарттың сиырын бақтым. Сарттың бір күні бір сиыры ауырды. Есек пен ауру сиырды бір қораға қамадым да, арам өлмесін деп, мені күзеттіріп қойды. Қолыма бір өткір қожаныт сапысын қайрап берді. Бір мезетте қалғып кеткен екем, қараңғы қорада бірдеңе қорқырап барады екен. Бағанағы ауру сиыр өліп барады екен деп қорқырағанды бауыздап жіберсем, сарттың ұйықтаған есегін бауыздап тастаппын. Жаным жағамнан шықты. Таң сарғая, қорыққанымнан сартты көрмей, елге қашып, шығып кетейін деген оймен қораның бір тесігінен шығып, ар жағына қарғып түссем, сарттың ас үйіндегі қазанына түсіп кеттім. Жалма-жан тұрдым да, үш жұмыртқаны бөркіме салып киіп, сары майдан белбеуіме түйіп алып, о күні ұзай алмайтын болып, сарттың ұн салған үлкен сандығына кірдім де, жатып алдым. Сарт ертемен диірменге кетті де, кешке қайтып келіп, әкелген ұнды менің үстіме төгетін болды. Мен енді не болса да, болды дедім – дағы, сарт ұнды құя бергенде:
– Ойбай! – деп, өзін құшақтай алып едім, сарт қорықпастан шап беріп, ұстап алды. Ұрды, соқты, отырғызып қойды. Есекпен бірге бауыздаймын деп, пышақ қайрайды, ішімнен буынған белбеудегі сарымай еріп, астыма төгіліп отыр еді, сарт:
– Анаңды... қазақ, шыжыңбысың, – деп, төбеме түйіп қалып еді, бағанағы
жұмыртқа бырс етіп жарылып кетті. Сарт:
– Батшағар, таз екен, – деп, күбі шелекке салды да, айдалаға апарып
тастады.
Айдала, адам жоқ. Бір күн, бір түн елсіз далада жаттым, қарным ашты. Не қыларымды білмедім. Аяғында амал қылдым да, қасқыр болып ұлыдым. Ұлып едім, айналама қасқыр қаптап кетті. Ұлуды қойып, үндемей жаттым. Майдың исі мұрындарын жаратын шығар деймін, айнала тұрып, иіскелейді. Бәрі келіп, бір-бір сарып кетіп жатыр. Бір төбеті бұтын көтеріп сари бергенде, бөшке шелектің аузынан аңдып тұрып, құйрығынан шап беріп, ұстай алдым. Қасқыр күбіні салдырлатып алды да жөнелді. Тауға да, тасқа да соқты. Күбі күйреп, күл-күл болды. Болдырған қасқырды қақпалап мініп, үйге келдім.
Өсіп, ержеткен соң арыстан асқан, қасқыр алатын қақпаншы, бөрі алатын бүркітші болдым. Бөріге түсетін бөрте қара бүркітім болды. Өрелі қасқырды он күн қуып соғатын бурыл жүйрік атым болды. Алатауға аңға шықтым. Адыр-адыр тауларды арылтып, қиын-қиын тауларды қыдырып келе жатсам, бір қапталында бір айғыр үйірлі түлкі жүр екен. Биікте тұрып туралап, бүркітімнің томағасын тартқанда, құйрығымен қуалап, қанатымен қайырып, екі аяқпен елуді, тұмсықпен тоғызды ұстады, – депті.

Материалдың толық нұсқасын жүктеуге 45 секунд қалды!!!
Іздеп көріңіз:
0 0

Добавить комментарий