Сатиралық ертегі: Сәлім байбатша мен Рахым байбатшалардың қалай шүрегей етінен құр қалғаны

Сатиралық ертегі: Сәлім байбатша мен Рахым байбатшалардың қалай шүрегей етінен құр қалғаны


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Қазақтың қара сабыны жайлы не білеміз

Бір күні Сәлім байбатша менен Рахым байбатша аң аулауға шығыпты. Бұлардың қасында құсшы болған бір Боқбасар деген қазағы бар екен. Бұлар құстың етін жейміз ғой деп, жол азық алмапты.
Аң аулап жүргенде, бұларға ешнәрсе кез келмепті. Ертеден бері намазына шейін аулап жүріп, бір жалғыз шүрегей атып алыпты. Бұлар көп жүріп шаршаған соң бір жерге келіп, дем алмаққа тоқтапты. Әсіресе, қарны ашқан соң атып алған үйректің етін асып жемекке ойланып, Боқбасарға үйректің етін істікке шаншып, «отқа қақта», – деп, бұйрық қылыпты. Байбатшалар дем алуға жатыпты. Боқбасар онша көңілі қош болмай, мешкей байбатшалар, тым болмаса, маған үйректің бір жапырағын тастамас деп, үйректі жайғастыра бастапты. Қашан Боқбасар үйректің жүнін жұлып болғанда, байбатшалар қынжылып, бұлайша депті: «Үйрек бек кішкене екен, екеумізді тойғызбас», [– депті]. «[Ал] Боқбасарға да береміз», – деп, бір сөз айтпайды.
Боқбасар қазақ болса да, қу қазақ еді. Байбатшалардың не ойлағанын күні бұрын біліп, оларға айтты:
– Шүрегей бек кішкентай, байбатшалар, сіз екеуіңіз тоймайсыздар. Мұны жегендеріңмен қарындарың тоймай, ауыздарыңның дәмін алып, бекер тамсанып, сілекейлерің ағар. Менің ойымша, екеулерің бірдей аш болғанша, онан да шүрегейді біреулерің жеп, біреулерің аш болыңдар, – дейді. Байбатшалар Боқбасардың айтқанын мақұл көрсе де, шүрегейдің етін біріне-бірі қимай, екеулері де аш қалуға көнбеді. Сонда Боқбасар тұрып, былай дейді:
– Байбатшалар, сіз екеулерің бекер таласпаңдар. Әуелі жатып ұйықтаңыздар. Қашан үйректі мен қақтап, пісіргенге шейін қай жақсы түс көргендерің үйректі жерсіңдер, – дейді. Байбатшалар Боқбасардың айтқанын мақұл көріп:
– Мұндай әділеттікпенен билік қылғаныңа бәлі, рақмет, – деп, Боқбасарды мақтайды да, өздері шапандарын айқара жамылып, ұйықтауға жатты. Бұлар жатқанменен ұйықтамады. (Қайтып ұйықтасын, бір жағынан, қарны ашып бара жатса, бір жағынан, істікке қақтаған шүрегейдің иісі қызықтырып тұрса.) Өтірік ұйықтаған болып, «Қандай жақсы түсті ойлап айтсақ екен», – деп жатты. Сол арада Боқбасар байбатшаларға білдірместен істіктен шүрегейді алып, жайыменен отырып, жеп қойды. Мұнан соң ескі шекпенін басына бүркеніп, ұйықтап қалды. Біраздан соң байбатшалардың екеуі де қатар оянды. (Себебі – сол, екеуі бірінің артынан бірі аңдып жатқан еді.) Боқбасарды оятып, бұған көрген түстерін айта бастады (істіктің сорайып босқа жатқанын аңғармады). Сәлім айтты:
– Мен үстіме ақ шапан киіппін, ақ шалманы басыма ораппын, ақбоз атқа мініп, аспанға ұшыппын. Аспанда періштелерді көріп, Мұхаммед-Расулменен сөйлесіппін. Маған онда сондай қызық, сондай тамаша болған еді. Не қылып жылдам оянғаныма өкінемін, – дейді. Рахым айтты:
– Мен де һәм ақ киімдер киіп, ұжмақта болыппын, ұжмақтардың жемістерін асаппын, кәусар шарап ішіппін, ұжмақтардың бақтарында хор қыздарыменен бірге серуен етіп жүріппін. Ақырында, Рахым айтты:
– Мен де һәм өкінемін сондай тез оянғаныма, – дейді. Сәлім менен Рахымның айтқан түстерін тыңдап отырып, Боқбасар айтты:
– Солай, байбатшаларым, сіздердің айтқандарыңыз бәрі рас, – дейді.

– Жаңа мен ұйықтап кетсем, түсімде сіздерді көрдім. Біреуің Мұхаммет пайғамбарменен сөйлесіп, уа, біреуің хор қыздарыменен сөйлесіп тұр екенсіңдер. Бұл себептен мен ойладым, бұлар көктегі тамашаларды тастап, қайтып келмес деп, мен шүрегейді жеп қойдым, – дейді.

Мұнан соң байбатшалар сорайып тұрған істікке қарап, көріп, Боқбасардың көрген түсінің дұрыс екеніне таңғалысты. Рахым шүрегейдің не себепті жоқ болғанына көңіліне күдік алған еді. Қанша айтқаныменен, Сәлім көпті көрген ақылды емес пе, түсте көрген өңде болуға да мүмкін деп, Боқбасардың айтқанын мақұл көрді. Сәлім өзінің сөзін расқа шығармақ үшін бір күні түнде өзінің есегін күзеткенде көрген хикаясын сөйледі.

– Мен қалғып кетіп, түсімде есегімді ұрлайын деп келе жатқан ұрыны қолынан тұттым. Қашан оянып кеткен едім, екі қолымменен есегімнің құйрығын тұтып отырғанымды көрдім. Мұнан соң байбатшалар:

– Боқбасар үйректі қас қылып, әдейі жеген жоқ шығар. Түсінде жеген шығар, – деп сеніп, қолдарын бір сілтеп, аңдарын аулап, жүре беріпті

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Әлемдегі ең бай жазушы әйел табысының құпиясын жария етті



Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 20 секунд !!!



Комментарии для сайта Cackle