Сатиралық ертегі: Білгіш

Сатиралық ертегі: Білгіш

Баяғыда үш ағайынды болыпты. Үлкен екеуі – бай, кішісі – кедей, жалғыз арық аты бар екен. Оны ағаларының жылқысына қосып қойса, ағалары өз малдарын аяйды, сол байғұстың жалғыз шолағын мінгіздіреді екен. Бұ байғұс ағаларының бұ қылығын біледі екен. Ағалары оны біліп, [үндемейтіндігінің] інішегіне ашуланады екен.
Бір күні ханның қазынасынан алтыны жоғалыпты. Сонда хан жасауылдарын шаптырып, елінен білгіш іздетіпті. Сонда әлгінің екі ағасы жасауылға:
– Біздің осында бір білгіш ініміз бар, бізге қосқан жылқысы, аты бар, соны мініп қойсақ, біле қояды. Соны алып бар, – депті. Жасауыл әлгі сорлыны «Білмеймін» десе де, болмай, су еңіретіп, ханға айдап барады.
Сонда хан:
– Ай, білгіш, менім алтынымды кім алды, тап, – депті.
Бұ бишара күні-түні жылап жүрсе, бір кісі келіп:
– Әй, бишара, білгіш сен екенсің. Алтын алған мен едім. Ханға мені айтпайсың. Алтынды сен айтасың, алтын анау сайда, – депті.
Бұл ханға келіп айтса, хан:
– Маған ұрының керегі жоқ. Алтыным табылса, болды, – дейді.
Бұл алтынын алып келіп береді. Бұ байғұс үйіне келіп жатса, сол түні ханның арғымағы жоғалыпты. Хан тағы білгішке шаптырады. Ол жылап–сықтай тағы ханға келеді.
Хан:
– Ай, білгішім, арғымағым жоғалды, тап, – дейді.
Бұ бишара «Енді өлгенім осы ғой», – деп отырса, бір адам келіп:
– Ай, білгішім сен екенсің, атты алған мен едім, – деп, – ханға айтпасаң, арғымақтан көп пұл берейін, – деп, – арғымақ анау қорада тұр, – дейді.
Бұ арғымақты алып келіп, беріп, хан бұ шын әулие екен деп, мұны жанына отырғызып қояды.
Патшаның жанында отырып, бұ ұйықтап кетеді. Сол мезгілде ханға бір шегіртке қонып еді. Оны хан ұстайын деп, екі рет оқталып, ала алмай, үшінші ұмтылғанда ұстады. Жанындағы білгішті оятып:
– Ай, балым, бір іс болды, тап, – дейді.
Бұл «Енді өлдім» деп отырып, ханға:
– Екі тауып құтылдым, үшіншісін тұтылдым. Енді өзіңіз біліңіз, тақсыр, – десе, хан «екі рет оқталып, ұстай алмадың, үшіншісінде шегірткені ұстадыңыз»дегені екен. «Бұл шын кемеңгер, білгіш екен», – деп, өзіне уәзір қылып алыпты.

Материалдың толық нұсқасын жүктеуге 45 секунд қалды!!!
Іздеп көріңіз:
0 0

Добавить комментарий