Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі



ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Жеңілдеудің жеңіл жолдары

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Қазіргі уақытта Қазақстанда астық өндіруді тұрақтандыру ауыл шаруашылығы ғылымдары мен өндірістің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Әсіресе бұл мәселе нарықтық экономикаға көшуге байланысты өткір қойылып отыр, бір жағынан Республикамыздың дүниежүзіндегі дамыған 50 елдің құрамына кіру мақсатында және қуатты бидай астығын арттырудың, оның экономикалық әлеуетін тұрақтандырудың, әрі азық - түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің айтарлықтай шарты.
Мұндай қосымша астық алу көздерінің бірі – Қазақстанда күздік дәнді дақылдарды өсіру. Астық дақылдарының ішінде барынша өнімдісі күздік бидай екендігі белгілі. Ол барлық астық дақылдарынан өнімі бойынша 4, 0 - тен 10 - 12 ц/га дейін асып түседі. Осыған қоса жаздық бидайға қарағанда азық - түліктік құндылығы кем болмаса да одан бірқатар артықшылықтарымен ерекшеленеді: ол топырақтан, күзгі, қысқы, ерте көктемгі ылғалды және қоректік заттарды жақсы пайдаланады; топырақты су және жел эрозиясынан сенімді қорғайды; арамшөптерге қарсы күресте ерекше маңызы бар; аурулармен аз залалданады және астық зиянкесі – астық сұр көбелегі жарақаттануынан «өтіп кетеді», әрі 7 - 10 - нан 15 - 30 тәулікке дейін вегетациясын ерте аяқтайды. Күздік бидайдың ерте пісуі нәтижесінде егін жылы, құрғақ уақытта жиналады, ауыл шаруашылық техникалары тиімді пайдаланылады, көктемгі - күзгі себу және жаздық дақылдарды жинау кезеңіндегі қаурыттылықты төмендетеді. Оның ерте жиналуына байланысты тамыз айының бас кезінде сүдігер дайындауды ерте жүргізуге мүмкіндік береді, ал мұның өзі аңыз қалдықтарының жақсы миерализациясын қамтамасыз етеді, топырақта ылғал жинауға және арамшөптер мен зиянкестерге қарсы ерекше маңызды. Күздік бидай алғы дақыл ретінде жартылай сүрі танабы болып табылады да кейінгі дақылдардың өнімін арттырады.
Дәнді астық дақылдары ішінде бидай өте құнды тағамдық өсімдіктердің бірі ретінде дүниежүзінде 230 млн. га егіс алқабын алып жатыр, оның ішінде күздік бидай егістіктері 35%- ын құрайды, ал оның астық өнімі орта есеппен 25, 4 ц/га.
2009 жылы Қазақстанда күздік бидай 465, 1 мың га егістікте өсірілді және орташа астық өнімі 19, 4 ц/га құрады. Ал жаздық бидайдың астық өнімі 11, 7 ц/га болды. Елімізде күздік бидайдың негізгі егістік ауданы Батыс Қазақстан (133 мың га), Оңтүстік Қазақстан (137 мың га), Жамбыл (113 мың га) облыстарының үлесіне тиеді. Бұл жылы солтүстік Қазақстан облыстарында күздік бидай 29, 9 мың га алқапқа өсірілді.
Солтүсік Қазақстанда ұзақ уақыт бойы күздік бидайға жеткілікті көңіл бөлінбеді: аймақтық қатал климат жағдайлары оның биологиясына сәйкес келмейді, нашар қыстайды, маусым айының құрғақшылығын көтере алмайды да астық өнімін төмендетеді, - деп түсіндірілді. Соған қарамай Қостанай облыстық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы мен басқа да мекемелер аталған дақылды осы аймақта өсіруге болатындығын және жаздық бидайдың артық астық өнімін беретінін көрсетті.
Биологиясындағы ерекшеліктер. Күздік бидай биологиясы бойынша жаздық бидайдан ерекшеленеді. Жаздық бидайдан айырмашылығы – оның вегетациялық кезеңі күзде басталады да, келесі жылы жазда аяқталады. Тіршілік үрдісінде күздік бидай өну, көктеу, түптену, түтікке шығу, масақтану, гүлдену және пісу (сүттене пісу, балауыздана және толық пісу) кезеңдерінен өтеді. Алғашқы үш кезеңдері күзде, қалғандары – келесі жылы көктемде және жазда өтеді. Осы кезеңдері бойынша оның биологиялық ерекшеліктерін қарастырайық.
Тұқымның өнуі – бұл тыныштық күйдегі тұқымның белсенді әрекетке көшуі, ол үшін жылу, ылғал және ауа қажет. Тұқымы өз массасының 45 - 50 % су сіңіргеннен кейін өне бастайды, топырақтың оңтайлы ылғалдылығы ТЫС - тың 60 - 70 % мөлшерінде болғаны дұрыс. Құрғақ - далалы аймақта алғы дақылды таңдағанда және дайындағанда бұл өте маңызды. Тұқымның суды сіңіруіне температура көп әсер етеді. Күздік бидай тұқымы 0оС - да суды сіңіре алады, бірақ мұндай жағдайда тұқым бөрткенімен физиологиялық өсу үрдісі тоқтап қалады. Топырақ ылғалдылығы ТЫС - тың 60 %- да және температура 4оС - да тұқым ылғалдылығы 50 %- ға жетінші тәулікте, ал температура 10оС - да – 3, 5 тәулікте жетеді. Тұқымның өнуі үшін оңтайлы ауа температурасы 14 - 16оС. топырақ ылғалдылығы өте жоғары, қатты тығыздалып қалғанда немесе топырақ қабыршағы пайда болғанда анаэробты жағдайларда тұқым өнбейді немесе нашар өнеді.
Тұқымның өнуінің алғашқы күндерінде органогенездің бірінші кезеңі жалғасады - өсу конусының әртүрлі ткандерге дифференциясы (оқшаулануы) жүреді, ұрықтық тамыршалармен жапырақшалардың ұзара өсуі күшейеді, ұрықтық сабақ оқшауланады, жаңа жапырақтар ұрықтары қалыптасады. Тұқымның өну мерзімі топырақтың тығыздығы мен оны өңдеу түріне, тұқымның сіңіру тереңдігі мен топырақпен түйісуіне байланысты өзгереді. Құрғақ ірі кесекті нашар өңделген, арамшөптермен ластанған топырақтар күздік бидай тұқымының жаппай өнуіне жағдай жасамайды, мұны өсіру технологиясын жасағанда ескеру қажет.
Егін көгі (көктеу) кезеңі. Топырақ бетіне әуелі колеоптиле шығады, ол жарылады да бірінші нағыз жапырақ пайда болады, осы сәтті егін көктеді деп есептейді. Себуден өсімдіктердің көктеу кезеңінің ұзақтығы температураға, ылғалға ж. б. байланысты. Қостанай облысы жағдайында жақсы дайындалған ықтырмалы сүрі танабында 12 - 17оС жылылықта күздік бидай 6 - 9 – тәулікте, ал қуаңшылықты жылдары және сүрі танабы нашар өңделгенде – 10 - 16 – тәулікте көктеген. Ақмола облысының бұрынғы «Красный флаг» кеңшарында ылғалы бойынша қолайлы 1990 жылы орташа тәуліктік ауа температурасы 18, 6оС болғанда күздік бидай 5 - тәулікте көктеді, ал температура 15, 9оС және 12, 8оС болғанда (себу мерзіміне байланысты) тиісінше күздік бидай 6 және 8 – тәулікте егін көгін берді (Аринов К. К., Мусынов К. М., 1996).
Түптену кезеңі. Түптену кезеңінің басын әдетте төменгі жапырақ қолтығына бірінші бүйір өркенінің пайда болуымен анықтайды. Бірінші бүйір өркенінің жапырағының өсуіне қарай негізгі өркеннің екінші жапырақ негізінде орналасқан бүршіктен екінші бүйір өркен қалыптасады ж. б. Орта есеппен 5 - 7 өркен түзіледі, егістік сирек болғанда олардың саны жоғары болуы мүмкін. Осы кезеңде негізгі өркендердің түзілуі және өсуімен қатар түптену түйінінен екіншілік немесе түйін тамырлары (әрбір өркенге 2 - ден) қалыптаса бастайды. Күздік бидайда күзгі және көктемгі түптену кезеңдері ажыратылады. Күздік бидайға түйін тамыр жүйесі жаздық бидайға қарағанда қуатты дамиды.
Күздік бидайдың түптенуі 2 - 4оС - да жүре алады, алайда оңтайлы түптену температурасы 12 - 14оС. Солтүстік Қазақстан аймағы жағдайында оңтайлы себу мерзімінде себілген күздік бидай негізгі сабаққа қосымша 2 - 3 бүйір өркендерін (сабақтарын) қалыптастырады және түптену кезеңі 30 - 35 тәулікке дейін созылады. Жекелеген жағдайларда, топырақта ылғал жеткіліксіз болғанда, өсімдіктер түптеніп үлгермей қыстап шығуға кетеді.
Көктемде, топырақ температурасы 2 - 3оС жетісімен, өсу үрдісі басталады. Өркендерде күзде қалыптасқан күздік бидайды жапырақтарымен қатар, қыстап шыққан өркендердің төмен жапырақтарының қолтығында орналасқан бүршіктерден жаңа бүйір өркендер түзіледі. Күздік бидайдың көктемгі түптену кезеңінің ұзақтығы мен пәрменділігі топырақтың температурасы, ылғал және қоректік заттар қорына, оттегінің сіңірілуіне, қыстап шыққан өсімдіктер күйіне байланысты өзгереді және орта есеппен 30 - 35 тәулікті құрайды.
Түптенудің күзгі кезеңін (20 - 40 тәулік) және көктемгі бұл кезеңнің бір бөлігін (15 - 20 тәулік) органогенездің екінші кезеңі қамтиды. Органогенездің екінші кезеңінің соңында өсу конусы ұзарады да 0, 5 - 0, 8 мм жетеді. Көктемгі түптену кезеңі органогенездің үшінші кезеңіне сәйкес келеді – өсу конусы ұзарады, оның төменгі бөлігі оқшауланады, масақ білігінің тұғырлары түзіледі және дамиды. Түптену кезеңінің соңы деп алғашқы буынаралығының өсу кезеңін атайды.
Түтікке шығу (сабақтану) кезеңі. Бұл кезең бірінші буынаралығының 5 - 6 см - ге ұзаруынан басталады. Өсімдік сабағының шапшаң өсуі мен масақтың дамуы осы кезеңнен басталады, жапырақтардың негізгі массасының түзілуі аяқталады. Бұл кезеңде барлық буынаралықтар қалыптасады, тамыр жүйесі жайылып өседі. Аймақ жағдайында кезең сәуірдің соңы – мамырдың бірінші онкүндігіне дәл келеді де 20 - 30 тәулікке созылады. Бұл кезеңде топырақта ылғал жеткілікті, ал оңтайлы температура 10 - 22оС деңгейінде болады. Масақтың қалыптасуына азоттың өте көп мөлшері де, жетімсіздігі де теріс әсерін тигізеді. Фосформен жеткілікті қамтамасыз етілуі масақтың түзілуін тездетеді және генеративтік мүшелерінің дамуына, ал кейіннен масақтың дәнділігіне ықпал етеді, жоғары температура мен төмен салыстырмалы ауа ылғалдылығы масақ пен оның мүшелерінің (органдарының) қалыптасуына теріс әсерін тигізеді, бұл кезеңдегі ылғал мен қоректік заттардың жетімсіздігі өсімдіктердің кейінгі өсуі мен өнім шамасына теріс әсерін байқатады. Бұл кезең органогенездің IV - VII – кезеңдерін қамтиды: масақ төмпешіктерінің салынуы – IV - кезең; сабақтың бірінші буынаралығының жер үстінде пайда болуы мен бірінші және екінші буынаралықтарының ұзара өсуі – V – кезең; үшінші - бесінші буынаралықтарының өсуі мен генеративтік органдарының оқшаулануы – VI - кезең; сабақтың бесінші - жетінші буынаралықтарының өсуі және масақтың барлық мүшелерінің қарқынды өсуі – VII - кезең.
Масақтану кезеңі. Кезең масақтың жоғарғы жапырақ қынабы бөлігінен сыртқа шығуымен сипатталады және түтікке шыққаннан кейін 20 - 25 тәуліктен соң басталады, аймақ жағдайында бұл кезең мамырдың ортасы мен аяғына дәл келеді. Кезеңнің өтуі үшін оңтайлы ауа температурасы 18 - 20оС. Өсімдіктердің жеке дамуына бұл органогенездің сегізінші кезеңіне сәйкес келеді: ең жоғарғы буынаралықтың өсуі жалғасады, масақтың барлық мүшелерінің қалыптасуы мен тозаңдық дәндер мен ұрық қабының пісуі аяқталады. Жекелеген өсімдіктердің масақтануы 4 тәулікте тәмамдалады, ал танап түгелдей – 5 - 7 тәулікте. Бұл кезеңдегі ылғал жетімсіздігі, ауа мен топырақтың тым жоғары температурасы масақтағы гүлдердің жеміссіз қалуына, түптеп келгенде астық өнімінің күрт төмендеуіне ұрындырады.
Гүлдену кезеңі. Қолайлы жағдайларда күздік бидайдың гүлденуі масақтанудан соң іле - шала басталады. Оның ұзақтығы температураға, ауа мен топырақ ылғалдылығына тәуелді. Гүлдену мен тозаңдану жүретін ең төменгі температура 6 - 7оС, ал барынша қолайлы ауа температурасы – 20 - 25оС. Оңтайлы жағдайлар гүлдену мен тозаңдану уақытында топырақ ылғалдылығы ТЫС - тың 75 - 80 % деңгейінде қалыптасады. Солтүстік Қазақстанда бір масақтың гүлденуіне 3 - 5 тәулік, ал бүкіл танап үшін – 5 - 7 тәулік қажет. Барынша жақсы гүлдену мен тозаңдану тәуліктің таңғы және кешкі сағаттарында өтеді. Гүлдену, тозаңдану, ұрықтану, зиготаның түзілуі мен эндоспермнің қалыптасуы органогенездің 9 – кезеңін қамтиды.
Пісу кезеңі. Ұрықтанған ұрық бүршігінде эндосперм қалыптасады, ұрық өсіп - дамиды, жатын қабырғасынан қабық түзіледі де тұқыммен бірігіп өседі, соңынан дәнге айналады. Күздік бидайдың пісу ерекшеліктері көп жағдайда басқа дәнді дақылдарға ұқсас және ол “Тұқымтану” бөлімінде толық қамтылған.
Күздік бидайдың қоршаған орта факторларына қажетсінуін қорытындылай келе мынаны көрсеткен жөн:
- барлық өсіп - даму кезеңдерінде топыраққа жоғары талап қояды – қара топырақтарда жақсы өседі, алайда күңгірт - қоңыр топырақтарда да өсіруге болады;
- вегетация кезеңінде күздік бидай жаздық бидайға қарағанда ылғалды көбірек шығындайды, бұл оның аталған кезеңнің ұзақтығына байланысты; барынша оңтайлы топырақ ылғалдылығы ТЫС - тың (төменгі ылғалсиымдылықтың) 70 - 75 % мөлшерінде деп есептеледі; ылғалды өсу және даму кезеңдерінде пайдалану заңдылығы жаздық бидайға ұқсас;
- күздік бидайдың температуралық байқалатын өсу шекарасы 2 - 3 - тен 37 - 40оС аралығы, алайда өсімдіктердің пәрменді өсу мен дамуына барынша қолайлысы – 20 - 25оС; танаптық жағдайда күздік бидайдың күзгі вегетациясы, түптенуді қоса есептегенде, 15оС - дан 3оС аралығында өтеді, басқаша айтқанда, оңтайлы шамадан төмен деген сөз; дегенмен төменгі температура өсімдіктердің дамуына оң әсер етеді; 2 - 10оС температурада күздік бидай түптену түйінінде бүкіл құрғақ затқа есептегенде 20 - 30 %- ға дейін қант жинақтайды, ал мұның өзі жасуша шырынының концентрациясын арттырады және жақсы қыстап шығуға мүмкіндік жасайды. Ашық күндер және қысқа кетерде температураның бірте - берте төмендеуі күздік бидайдың шынығуын жақсартады. Қысқы жылымық дақылдың аязға төзімділігін азайтады. Жақсы шыныққан күздік бидай өсімдіктері түптену түйіні орналасқан топырақ қабатының теріс 30оС температураны (аязды) көтере алады. Қыста қар қалың түскен жылдары (25 см және одан жоғары) күздік бидай 35оС дейінгі аязға шыдайды, өйткені қардың астындағы температура үстіндегіге қарағанда 10 - 15оС жоғары, әрі қар қабаты күздік бидайды көктемгі үсіп және кеуіп кетуден сақтайды. Қар қабаты болмағанда күздік бидай түптену түйініндегі – 16 - 18оС аяздың өзінен үсіп кетеді.
- Қазақстан Республикасында, әсіресе Солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидай негізінен көктемгі қардың еру кезеңінде, әсіресе қары аз қыста, опат болады; бұл уақытта өсімдіктердің жапырақтары тіршілігін бастап, ылғалды буландыра бастайды, бірақ тамыр жүйесі топырақтың тоң қабатында әлі тыныштық күйде болатындықтан жапырақтарға ешқандай көмек жасай алмайды; өсімдіктер тез әлсірейді де түнгі 12 - 14оС аяздан опат болады; күздік бидай қолайлы қыстап шығу жағдайында көктемгі тіршілігінің басынан масақтануға дейін барлық қажетті ылғалдың 70 %, гүлденуден балауызданып пісуге дейін – 20 % шығындайды; топырақтың 60 см қабатындағы оңтайлы ылғал мөлшері ТЫС - тың 70 - 75 %, дақылдың транспирациялық коэффициенті – 460 - 500.
- Күздік астық дақылдарының ішінде күздік бидай топырақтарға барынша жоғары талап қояды; ол жоғары астық өнімін құнарлы, арамшөптерден таза, ылғалды қара және күңгірт - қоңыр топырақтарда қамтамасыз етеді; оған батпақтанған топырақтар жарамсыз; оған тегіс бетті, шұңқырларсыз танаптарды таңдайды – көктемде су жиналмайтын және өсімдіктердің тұншықпауы қаперге алынады. Күздік бидайдың вегетациялық кезеңінің ұзақтығы (қысқы тыныштық күйін қоса есептегенде) 180 - 310 күн аралығында өзгереді.
- Күздік бидайдың опат болу себептері: өсімдіктердің үсіп кетуінен (күзгі нашар дамуынан, қар қабатының төмендеуінен температураның күрт өзгеруінен ж. б.); ойпаң жерлерде судың артық мөлшерінен тыныс алу ережесінің бұзылуынан өсімдіктердің тұншығуы; түптену түйінінің топырақ бетіне шығып қалуынан (өсімдіктер әлсіреуінен); топырақ бетіне мұз қабыршақтарының пайда болуынан (ұзақ жылымықтан кейін күннің күрт суытуынан өсімдіктер мұздың бетіне жабысады да механикалық жарақаттар алады) т. б.
- Үсіп кетуге қарсы тиімді күрес шаралары – аязға төзімді сорттарды өсіру, фосфор - калий тыңайтқыштарын енгізу, дер кезінде себу, тұқымды топыраққа тереңірек сіңіру, сүрі танаптарында ықтырма өсіру арқылы қар тоқтату ж. б.; күздік бидайды шіруден опат болдырмауға топырақ тезірек қату үшін және өсімдіктерде тыныс алуға пластикалық заттардың шығынын азайту үшін қарды тығыздау қажет; ерте себуді және жиі егістік қалыптастыруды; артық мөлшерде азотпен үстеп қоректендіруді болдырмау ж. б.; түптену түйіндері мен тамырлардың топырақ бетіне шығып қалмауы үшін Тур препаратымен өңделген тұқымды топыраққа тереңірек сіңірген дұрыс, әрі себуге дейін және себуден кейін ЗККШ - 6А бұдырлы катоктарымен егістікті тығыздаған жөн; Артюшенко А. В. мен Артюшенко О. Г. (1977) тұжырымдары бойынша Қостанай облысы жағдайында күздік бидайдың опат болуы қыстап шығудың қолайсыз жағдайларынан емес, ерте көктемгі құбылыстарға байланысты – қары жоқ жерлерде өткір күн сәулесінің әсерінен өсімдіктер мезгілсіз ерте тіріледі де ылғалды буландыра бастайды, ал тамыр жүйесі әлі топырақтың тоң қабатында жатады да оларды ылғалмен қамтамасыз ете алмайды, өсімдіктер түнгі аяздан да (- 12 - 14оС) әлсірейді және опат болады; сондықтан өсімдіктердің тіршілік үрдісін көктемде кешіктірудің маңызы зор (жеткілікті қар қабатын жасау жолымен).
Өсіруге рұқсат етілген сорттар. Мироновская 808 - Украинаның В. Н. Ремесло атындағы Миронов бидай селекциясы және тұқым шаруашылығы ҒЗИ - да топтық сұрыптау тәсілімен шығарылған. Масағы әлсіз призма пішінді, ақ, қылтықсыз, орташа ұзындықта және тығыздықта (түршесі – субэритроспермум). Дәні қызыл, жартылай шынылы немесе шынылы, ірі, 1000 санының массасы 36 - 45 г. Дәндегі клейковина 28 - 37 % аралығында өзгереді. Нандық сапасы жақсы, қуатты бидай сортына жатады. Сабаны берік, жапырылуға және шашылуға орташа төзімді. Қысқа және аязға өте төзімді. Құрғақшылыққа төзімділігі орташа және ортадан жоғары. Қоңыр тат ауруымен орта деңгейде заладанады, орташа мерзімде піседі. Сорт өнімді, орта есеппен 2001 - 2003 жж. С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ - нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының Ақмола облысының күңгірт - қоңыр топырақтарында жүргізілген танаптық тәжірибелерінде зерттелген варианттарға байланысты 16, 7 - 17, 6 ц/га астық өнімін берді.
Ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігін жоғарылатудың маңызды шараларының ішінде күздік бидайдың ауруларға төзімді, жоғары сапалы сорттарын өндіріске ендіру және олардан жоғары өнім алу ең маңызды мәселе болып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік - Шығысы үшін өнімділік потенциалы 90 - 120 ц/га жететін, ауруларға төзімді, дәнінің сапа көрсеткіштері жоғары және суыққа, ыстыққа және құрғақшылыққа төзімділігі жоғары сорттар шығарылуда.
Мәселен, Р. А. Оразалиев пен А. Т. Сарбаевтың деректері бойынша соңғы жылдары Қазақстанның біраз аймақтарында, шет елдерде, жоғары сапалы агроэкотипіне жататын Прогресс, Алматинская полукарликовая, Қарлығаш сорттары өсірілуде, Богарная 56 және ОПАКС сорттары тәлімі жерлерде жоғары сапалы астық өндіру талаптарына сай келеді. Тұқымы жоғары сапалы күздік бидай сорттары алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда гектарынан 80 - 100 ц, ал қалғандарында 20 - 40 ц өнім береді.
Кезінде Қазақстанға Безостая 1 сортының орнына Опакс 1 күздік бидайының жаңа сорты келді. Ол 1993 жылы Алматы облысында 50 мың гектардан астам егістікке себілген болатын. Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты ғалымдарының бақылаулары бойынша күздіктер үшін қыс жағдайлары өте қолайсыз болған жылдары (1981, 1985) бұл сорттың көктемге дейін сақталуы стандарттан 5, 8%- ға жоғары болған, қысқа төзімділігі жоғары болуы есебінен өнімділігі де стандарттан орта есппен гектарынан 0, 2 - 0, 3 тоннаға жоғары болған.
Р. А. Оразалиевтің тұжырымынша, сорт ауыл шаруашылық өндірісін өзгертетін негізгі буын, сондықтан жаңа сорттарды өсіру үшін олардың тұқымын жақсартып, өсірудің агротехникалық мәселелерін шешу қажет. Себебі, туындап отырған мәселелерді дұрыс шешу көп жылдар бойы, жоғары, әрі тұрақты өнім алуға және елдің, бүкіл ауыл шаруашылығының жоғары тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
1984 жылы Алматы облысында Прогресс сорты аудандастырылды. Гектарынан потенциалды өнімділігі 9, 0 - 10, 0 т. 1985 - 1986 ж. ж. қыс мезгілі жағдайларының қолайсыздығына қарамастан, Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының «Қаскелең» тәжірибе шаруашылығының егістік жерлерінде оңтайлы себу мерзімінде себілген бұл сорттың көктемге дейін сақталуы 86%, ал гектарынан өнімділігі 7, 6 т. болды, бұл сорт басқа сорттарға қарағанда суыққа төзімділігі және жоғары өнімділігімен ерекшеленді.
Пәрменді типтегі Алматинская полукарликовая сорты жауын - шашынмен қамтамасыз етілген тәлімі жерлерде өсіруге рұқсат етілген. Қысқа төзімділігі орташа. Оңтүстік Казакстан обылысының тәлімі жерлеріндегі мемлекеттік сорт сынау учаскелерінде сыналған жылдары бұл сорттың көктемге сақталуы орта есеппен алғанда 71% болды, бұл стандарт ретінде алынған Безостая 1 сортынан 5, 7%- ға жоғары еді. Сонымен қатар орташа өнімділігі де стандарттан 0, 84 т/га жоғары болды.
Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының селекционерлері шығарған күздік бидайдың Жетісу, Алмалы және Таза сорттары суыққа және қысқа төзімділігі жоғарылығымен ерекшеленді. Конкурстық сорт сынау нәтижелері бойынша олардың орташа өнімділігі стандарт Прогресс сортымен (8, 61 т/га) салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып шықты (9, 56 т/га). Бұл сорттардың қыстап шығу деңгейі де 4, 9%- ға жоғары болды.
Елімізде 2007 жылға дейін күздік жұмсақ бидайдың 27 сорты өсіріліп келді. Көп таралғандары - Безостая 1, Миронов­ская 808, Карлығаш, Комсомольская 56, Богарная 56, Жетісу, Южная 12, Стекловидная 24, Красноводопадская және т. б.
Соңғы жылдары күздік бидайдың Актерекская, Алмалы, Юбилейная 60, Алия, Егемен және Сара­товская 90 атты жаңа сорттары өсірілуге рұқсат етілді.
Қазақстан бойынша (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) осы кезге дейін күздік қатты бидайдың бір ғана Айсберг одесский сорты өсіріліп келеді.
Тәлімі жерлерде өсіру технолгиясы. Орналастыру және ауыспалы егістегі орны. Күздік бидай жоғары өнімділіктің дақылы ретінде өзінің биологиялық потенциялын құнарлы топырақтарда және жақсы алғы дақылдарда іске асырады. Сондықтан оны өсіргенде жергілікті жердің топырақ - климат ерекшеліктері мен жер пайдалану аумағының бедеріне (рельефіне) ерекше көңіл бөлу қажет. Оны нашар ылғалданған, арамшөптермен ластанған және құнарлығы төмен топырақтарда орналастыруға болмайды. Оның егістігі үшін тек қана тегіс бедерлі жерлер емес, сонымен қатар көктемде су жиналып қалмайтын және өсімдіктердің тұншығуына жол берілмейтін, ой - шұңқыры жоқ аздаған еңкіш жерлер де жарамды. Негізінен күздік бидайды табиғи қар тоқтайтын, наурыз айында қардың қалыңдығы 40 см болатын танаптарда өсірген абзал.
Күздік бидай өсіру жоспарланғанда, учаскені таңдауда жер пайдалану аумағында қысқы ылғалдың (қардың) бөлінуін көрсетіп жасалған картограмманы негізге алу керек, басқаша айтқанда топырақтың қысқы жауын - шашынмен қамтамасыз етілуіне сәйкес егістік аумағын жоспарлайды. Агроландшафтық қар тоқтату картограммасын белгілі бір жер пайдалану аумағы үшін сол аймақтағы ғылыми мекемелер жасай алады. Күздік бидай егістігіне арналған алқаптар әдетте жартылай иілген қыраттың су жайылатын жел жағында орналастырады. Аталған аймақта мұндай топырақтар ылғалмен барынша жоғары деңгейде қамтамасыз етілген және құнарлылық потенциалы да жоғары.
Көпжылдық зерттеулер көрсеткендей, мұндай агроландшафтарда орналасқан танаптарда қар 10 - 12 тәулік кеш ериді. Қардың баяу еруі яғни сулардың топыраққа кеш сіңуі мен босқа ағып кетпеуіне алғышарт жасайды. Қорытындысында мұндай агроландшафтарға себілген күздік бидай тіпті нашар қалыптасып дамыған ықтырманың өзінде қармен біркелкі жабылады және ойдағыдай қыстап шығады.
Қардың еріп кетуін бір - екі аптаға кешеуілдетудің нәтижесінде бидайдың көктемгі тіршілік үрдісі кешірек басталады да қайталанатын көктемгі суықтың теріс әсерінен құтылады.
Күздік бидай өсіруге мұндай тәсілді тексеру үшін кезінде қазіргі ҚР АШМ - нің «Бараев атындағы астық шаруашылығы Қазақ ҒЗИ» РММ - нің аумағында (Азаров Н. К., Ахметов Қ. А., Аринов Қ. К., Мұсынов Қ. М., 1994) қар тоқтатудың картограммасы жасалды. Күздік бидайды бірнеше жыл бойы екі ландшафта (бірінде қар қабатының қалыңдығы 21 - 30 см, ал екіншісінде ол – 41 және одан жоғары болды) септік. Күздік бидайдың орташа астық өнімі бірінші жағдайда күздік бидайда – 11, 6 ц/га, бақылау ретінде жаздық бидайда – 15, 3 ц/га болды, ал екінші ландшафта – күздік бидайдың астық өнімі 24, 0 ц/га, жаздық бидайда – 19, 0 ц/га жетті.
Солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидайға жалғыз алғы дақылға ықтырмалы сүрі танабы жатады. Ықтырмалы сүрі танабына себілген күздік бидай ылғалмен және қоректік заттармен барынша жақсы қамтамасыз етіледі, әрі егін көгі қысқы үсіктен жақсы қорғалады.
Күздік бидайды арнайы ауыспалы егістерде шамамен дақылдарды төмендегендей кескінмен кезектестіріп орналастыру ұсынылады:
1. Ықтырмалы сүрі танабы – күздік бидай – жаздық бидай – жаздық бидай;
2. Ықтырмалы сүрі танабы – күздік бидай – жаздық бидай – жаздық бидай;
3. Ықтырмалы сүрі танабы – күздік бидай – жаздық бидай – жаздық бидай – арпа.
Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысында тәлімі жерлерде күздік бидай үшін (әсіресе ылғалы жеткілікті аудандарда) екпе сүр танабы да жақсы алғы дақыл қатарына жатады. Күздік бидайдың астық өнімі бұл жағдайда таза сүр танабындағымен деңгейлес немесе сәл төмен. Алайда екпе сүр жердегі дақыл өнімімен қайтарылады. Сүрі жерге екпе ретінде – жүгері (жасыл балаусаға), ерте картоп, асбұршақ, сиыржоңышқа мен сұлы қоспасы, сиыржоңышқа мен қара бидай қоспасы (жасыл балаусаға), көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптер (жасыл балауса мен пішенге) және бөрібұршақ (жасыл тыңайтқыш пен балаусаға) өсіріледі. Күздік бидайды бұл аймақтарда сүрі жер емес алғы дақылдардан кейін орналастырып өсіруге де болады, бірақ бұл жағдайда алғы дақылдарды жинағаннан кейін күздікті себуге дейін кем дегенде бір айдан ұзақ уақыт болуға тиіс.
Күздік бидайды жаздық танаптық ауыспалы егістерге енгізу олардың өнімділігін арттырады және ауыспалы егістің әр гектарынан астық шығымын молайтады. Оның үстіне күздік бидайдан кейінгі ерте сүдігер топырақта қосымша ылғал, қоректік заттар жинақтауға мүмкіндік жасайды, арамшөптермен ластануын азайтады, ал мұның өзі кейінгі дақылдардың өніміне оң әсерін тигізеді.


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Емханаға тіркелудің қандай жолдары бар?



00


Комментарии для сайта Cackle