Ойын арқылы баланың ой өрісін дамыту


МДҰ ТӘРБИЕШІНІҢ ӨЗ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРУ БОЙЫНША ЕСЕП
Тәжірибе тақырыбы: «Ойын арқылы баланың ой өрісін дамыту»
Тәжірибенің жұмыс істеу ұзақтығы. 3 этаптан тұрады:
Жұмыс тәжірибесі 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп, бірнеше кезеңдерге бөлінеді:
I кезең – бастапқы – теориялық кезең 2018 жыл, қыркүйек
ІІ негізгі кезең – тәжірибелік кезең 2019 жыл,
ІІІ кезең – қорытынды – бағалау кезеңі мамыр 2020 жыл.
І. Тарау ТӘЖІРИБЕ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ
1. Тәжірибе жобасының мақсаты мен негізі міндеттері:
Ойын бірлестіктерін құру, жалғыз және топтасып ойнау дағдыларын қалыптастыру;
Бүлдіршіндерге ойындардың мәнділігін, оларды өткізудің әдістерін ойластыра отырып, оларға әсер ете білу, дидактикалық тапсырмаларға барлық балаларды қамтуға тырысу, ойын - сабақтар арқылы тиімді білім беріп, «қабылдау, ойлану, сөйлеу» психикалық процестерін жетілдіру, баланың ойлау және қиялдау қасиеттерін дамыту;
Ойындар мен ойын материалдарына қамқорлықпен қарауға, өз бетімен оларды ретке келтіруге тәрбиелеу.
Қоғам талабына сәйкес, еліміздің дамыған елдерімен иық тіресіп тұру үшін, еліміздің болашағы мен қазіргі кезеңі үшін білімді, зерделі, өз бетімен іс - әрекет ете алатын, қоғамнан өз орнын таба алатын, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының, балабақшаның, барша халықтың міндеті. Заманауи алға қойған бұл міндеттерді өз мәнінде шешу үшін мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мазмұның түбегейлі жаңарту көзделуде. Қазіргі өмірдің өзінен туындап отырған талаптарды орындау, жаңалыққа жаршы болу үзіліссіз тәрбие негізінің бастау бұлағы мектепке дейінгі ұйымдардан басталғаны орынды.
МДҰ - да жүзеге асырылатын бағдарламалар тәрбиеленушілердің толық тұлғалық дамуына көмектеседі, олардың ақпараттық деңгейін арттырады және алған білімдерін, іскерліктерін, дағдыларын практикалық қызметте қолдануға ықпал етеді. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеудің педагогикалық тәжірибесіне негізделе отырып, бағдарламаның барлық бөлімдері назардан тыс жібермеуге тырысамын. Бірақ балалар тілін, ой өрісін дамытуға ерекше назар аударамын, себебі балабақшада балаларды тәрбиелеу мен оқытудың басты міндеттерінің бірі сөйлеу, сөйлеу қарым - қатынасын дамыту болып табылады. «Ойын арқылы балалардың ой - өрісін дамыту»тақырыбын жай алған жоқпын, себебі тәрбиешілердің оқу – тәрбие жұмысының негізгі саласы сабақ. Оқу іс - әрекеті үстінде балалардың біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, дүниетанымы дамиды. Негізгі бетбұрыс балалар білімінің сапасын арттыру, ол дегеніміз түпкі нәтижені көре білу, яғни балаларға берген біліміміздің қайтарымын көру. Ол үшін топтағы балалардың барлығын қызықтыра отырып қатыстыру қажет. Бес саусақ бірдей емес, яғни әр баланың оқу іс - әрекетіне қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан балалардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал ойын элементтері кез - келген баланың қызығушылығын тудырады. Ойын элементтерін қолдана отырып тәрбиеші балалардың сабаққа деген қызығушылығын, зейінін арттыру мақсатында әртүрлі әдіс - тәсілдерді қолданады. Атап айтқанда, тәрбиеші ойын жағдаяттарын туғыза отырып, әртүрлі заттарды қолдану арқылы сұрақтар қойып, затты көрсетіп, түсіндіріп ойын сюжетін құрастырады.
Ересек топтардағы тіл - дамыту оқу іс - әрекеті дидактикалық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, жаттығу сабақтарында да пайдалануға болады. Ересек топтардағы балалар әлі де ойын баласы, сондықтан тәрбиеші оларды жалықтырмай оқу іс - әрекетін әртүрлі ойын түрлерімен қызықты өткізуге тырысуы қажет. Ойындар балалардың ой - өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойындар балалардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға да баулиды. Балалар ойын ойнау барысында үйренген сөздерін айтып қана қоймай, оның қандай мағынада қолданылатынын да біледі.
Ойын оқу - іс әрекетінде мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер береді. Балалар болса ойын барысында қиындықтарды кездестіріп, бірақ тәрбиешінің көмегі тигеннен кейін бала ойынға қанағаты толып білімге деген қызығушылығы толады, содан соң бала бұл дидактикалық ойын арқылы өзі сезбей тұрып зейіні болсын, есі болсын, ойлауы болсын жетіле түскенін байқалып қаласың. Ойын – баланың жан серігі. Қай бала болмасын ойнап өседі. Ойын сырттай қарағанда қиындығы жоқ, оп - оңай көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала үшін ойынға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, сол ойындардан үлкен де мәнді - мағыналы істер туындап өрбитінің байқаймыз. Өйткені, ең алдымен не нәрсенің болсын жол бастар қайнар көзі болатыны белгілі.
Бүгінде баланың тілінің, ой өрісінің дамуы алаңдатарлық мәселе екені бәрімізге аян. Әдеби шығармалар, ертегі тыңдап өспеген бала компьютерлер мен ұялы телефондардан бас көтермей жатады. Осыдан да баланың тілдік қоры аз, байланыстырып сөйлеуге бейімделмеген, ортаға бейімделуі нашар ұялшақ қасиеттер басым келеді. Осындай кемшіліктерді байқай келе баланың бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, тілдерін, ой өрістерін дамытып, олардың өнегелі де тәрбиелі болып тәрбиеленуін ойын әдісі арқылы іске асыруға тырыстым.
2. Тәжірибе өзектілігі
Кеңестік педагог А. С. Макаренко: “Баланың ойынға деген құмарлығы бар, сол құмарлықты қанағаттандыра білуіміз керек. Ойнау үшін тек қана уақытты бөліп қана қоймай, сонымен бірге баланың барлық өміріне ойынды бере және сіңіре білуіміз қажет. Оның барлық өмірі ойыннан тұрады” деген пікірін өз еңбектерінде атап өткен. Ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Ойынның міндеті – баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру мақсатында іріктелініп алынатын нақты мазмұнымен анықталады. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл - әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады
Ойын – балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылды ұйымдастыруды қажет етеді. Ал білімді бала қайдан алады? Оған бала ойын арқылы өзі үйренеді, үлкендер де үйретуге тиіс. Ойынның өз мақсаты, жоспары, арнайы заттары, т. б көптеген ерекшеліктері болады.
Ойын – балалардың негізгі іс - әрекетінің бір түрі. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез - құлқын, ерік - жігерін қалыптастырады. Аса ірі психологтардың айтуы бойынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбекте де сондай болады. Ойын – адамның өміртанымының алғашқы қадамы. Жас сәбидің өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Балалар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті (сезіну, қабылдау, ойлау, зейін қою) ерік арқылы байқалады. Түрлі психологиялық түсінікпен сезім әрекетіне сүңгиді. Ойын үстінде бала бейнебір өмірдің өзіндегідей қуаныш пен реніш сезімінде болады. Балаға таңдалған білім баланың ақылына лайықтап, талабын шабыттандыратындай, ойын оятарлық іскерлігін дамытарлықтай, бастаған істің нәтижесіне жетуге тырысарлықтай нәрлі болуы керек. Халық өзінің қоршаған дүниенің қыры мен сыры егжей - тегжейлі білуді баланың санасына ойын арқылы жастайынан сіңіре білуді көздеген. Ойын бала табиғатымен егіз. Өйткені бала ойынсыз өспек емес, жан - жақты дамымақ емес. Мектепалды даярлық тобында балаларға ойын арқылы сабақтың сапасын арттыруға толық мүмкіншілік бар. Ойын арқылы бала түрлі логикалық жаттығуларды орындауға төселеді. Бұл жөнінде белгілі психолог - ғалым А. А. Люблинская “Зейін баланың белсенді әрекетінде туындап қана қоймай, олардың жақсы ұйымдастырылған іс - әрекетінде. Бәрінен бұрын олардың ой еңбегінде де қолдау табатынын айтады”.
ІІ тарау. ТӘЖІРИБЕ ТЕХНОЛОГИЯСЫ
Негізгі қозғалыс қасиеттерінің сипаттамасы
Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс - әрекет – ойын. Кеңестік педагог: А. С. Макаренко
«Баланың ойынға деген құмарлығы бар, сол құмарлықты қанағаттандыру керек» — деген пікірін өз еңбектерінде атап өткен. Ойын арқылы бала қоршаған ортамен, адаммен, олар - дың еңбегімен, қарым - қатынасымен танысады. Ойын арқылы олардың ой - өрісі дамиды. Ойын үстінде балалар әртүрлі рөльде жолдастарымен қарым - қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана отырып жауап беруге, қиялдауға, елестетуге қабілеттері қалыптасады. Сөздік ойындары балалардың ойлау, есте сақтау қабілетін дамытады. Ойыншықтарды пайдалана білуге үйренеді.
Арнайы ойын ұйымдастырылған оқу іс - әрекетінің мазмұнына қарай таным - дық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір - бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойынның да өзіне тән мотивтері болады. Мысалы мазмұндық ролдық ойындар баланың зейінін, есін ойлауын, қиялын қалыптастыруды зор маңыз арттырады. Ойын әсер арқылы бала өз қасиетін қалай қанағаттандыра алатынын қандай қабілеті бар екенін байқап көреді. Ал ақыл ой оындарында белгілі бір ережелерді сақтап ойнайды. Олар ойындар баланың тапқырлығын байқағыштығын зейіндігін арттыру мен қатар, ерік сезім турлерінде дамытады. Ойын түрлері көп. Соның ішіндегі кеңінен пайдаланатын ойын сабақ ойын жаттығу сергіту ойындары дидактикалық мақсаттағы ойындар, сөздік ойындар, логикалық ойын есептер ұлттық ойындар тағы басқа бұндай ойындар баланы жан - жақты дамытып білімді толық игеруіне көмектеседі. Оқу үрдісінде кеңінен қолданылатын ойынның тағы бір түрі, Ол - дамытушы ойындар.
Дамытушы ойындардың маңыздылығы балалардың ынта - ықыласын есепке ала отырып, оқуды қызықты етіп, білімді, білікті дағдыны қалыптастыру Ойын ұйымдастыруда балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады. Заттармен ойналатын ойындар: “Ғажайып қапшық”, “Қай ағаштың жапырағы?” т. б. Үстел үсті ойындарды ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады. Мысалы: “Суретті құрастыр”, “Қандай затқа ұқсайды”, “ Бір сөзбен ата”, “4 – не артық?”, “Қандай түс”, “Кім тез жинайды”, “Әдемі гүл”, “Бейнені құрастыр” т. б.
Ойындарды қарапайым математикалық ұғымды қалыптастыру сабағында пайдалану балалардың алған білімін күнделікті өмірімен ұштастыруға қолайлы. Ойын сабақтың мазмұнын байыта балалардың қиялдарын қозғап, зейіндерін кеңейте түседі. “Санамақ”, “Он саусақ” өлеңдерін жаттатып, мазмұнын түсінді - ру арқылы балалардың тілін ұстартып, логикалық ой - жүйелерін қалыптастыруға болады. Балалардың белсенділігін арттыра түсу мақсатында әрбір сабақты түрлендіріп өткізу орынды.
Ойындарды үнемі пайдалану арқылы балалардың ауызша есептеуге жаттығуына логикалық ой - жүйелерін жетілдіруге, түсінуге толық мүмкіншілік бар. Олардың қатарына халық ойындарын жатқызуға болады. Атап айтқанда, “Қай қолымда?”, “Қанша асық?”, “Неше жапырақ?” т. б.
Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді. Сонымен қатар, ойын - тынысы кең, ойдан - ойға жетелейтін қиялымен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе ақыл - ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
Ойын ұйымдастыруда балаларға жетекші бола отырып ойнай білуге, ереже - сін сақтауға, ойлануға бағыттау, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамыту және қозғау, белсенділігін арттыру болып саналады.
Балалардың ой - өрісін дамытатын “Санамақ” ойыны. Оның басты ерекшелігі баланың ойлау қабілетін жетілдіру. Атау ұйқастарын санау арқылы бала сан үйренеді, санға аты ұйқас заттарды танып біледі.
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үкі,
Төрт дегенім – төсек. т. б.
Балалардың ой белсенділігін, саналы ойлана білуін дамыту, жетілдіру – тәрбиешінің негізгі міндеті. Ойын баланың ойлау қабілеті мен сөздік қорын дамытуға, дағды мен шеберлікті меңгеруге, қиындылықты жеңуге, төзімділікке баулиды7Балалардың ойлау қабілеттерін дамытуға сөзжұмбақ, ребус, “Ұйқасын тап” ойындарының әсері мол. Мысалы, “Ұйқасын тап” ойыны арқылы балалардың білсем деген ұтымы артып, қызығып, белсенділігі танылады.
1. Өзінше ноян,
Қорқақ кім? (қоян)
2. Тұмсығымен шымшып,
Құрт тереді… (шымшық)
3. Бата алмас түлкі,
Үсті тікен… (кірпі)
4. Өңеші кең таңдайын,
Дәнге тосты… (комбайн).
Қазақтың ұлттық ойындарын қолдану. Мысалы, “Сақина салу”, “Ақсүйек” т. б. Ребустар шешудің баланың ой ұшқырлығын дамытуға әсері мол. Баланы ұшқыр ойға, тапқырлыққа жетелейтін жұмбақтарды әр сабақ сайын жүйелі пайдалану керек. Сабақта балаларға жұмбақтарды жатқа айтқызудың өзі тілін жаттықтырады. Ойын – балалар әрекетінің негізгі түрі, сондықтан ол бала өмірінде тәрбие мен білім берудің шешуші шарты болып табылады. Бала өзін қоршаған ортаны адамдар арасындағы қарым - қатынасты білуі мен сезінуі ойын негізінде жүзеге асады.
1. Ойынның мақсаты нақты қойылып, керекті көрнекіліктер мен материалдар күнілгері дайындалып, оңтайлы жерге қойылуы керек.
2. Ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібі балаларға әбден түсіндірілгені жөн.
Ойынның барысында тәрбиеші балалардың түгел қатысуын қадағалаумен қатар, олардың ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеуі керек. Ойын түрлерінің ұйымдастырылған тақырыбы мен мазмұнына неғұрлым сәйкес алынса оның танымдық, тәрбиелік маңызы да арта түседі. Оны тиімді пайдалану сабақтың әсерлігін, тартымдылығын күшейтеді, балалардың сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттырады.
ІІІ - тарау ТӘЖІРИБЕ НӘТИЖЕЛІЛІГІ
Ойната отырып, оқыту әдіс - тәсілдер жүйесі анықталды. Балаларды ой өрісін дамытуда ойын іс - шаралары ұйымдастырылды. Ойын арқылы баланың психикасында сапалы өзгерістер туды (баланың зейіні, ойлауы, қиялдау қабілеті). Ойын үстінде балалар әртүрлі рөлде жолдастарымен қарым - қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана жауап беруге, қиялдауға, елестеуге қабілеттері қалыптасатынын байқадым. Сөздік ойындарды балалардың есте сақтау қабілетін дамытады.
Ойыншықтарды пайдалана білуге үйренді. Балаларға жетекші бола отырып, ойнай білуге ойын ережесін сақтауға әрі оларды ойната отырып ойлануға бағыт жасап отырамын. Ол заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін қиялын дамытады.
Оқу - тәрбие процесін ойната отырып, дамытуға ыңғайлап ұйымдастырылды. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, балалардың танымдық, қарым - қатынас, қоршаған ортамен дамытудағы қабілеттері артып, өсуде, қорытынды кезінде жақсы нәтижеге ие болды: жоғары деңгейі 30% - ға, орташа 15 % өсті. Балалардың деңгейі төмен дерлік қалған жоқ.
Тәрбиеленушілер балабақшада ұйымдастырылған әртүрлі іс - шараларға қатысып, өз танымдық потенциялдарын көрсете алды. Біздің топтың балалары қашықтықтан өткізу байқауларының тұрақты қатысушылары. Балалардың жұмысы елеусіз қалған жоқ, әрқашанда жүлделі орындармен марапатталды.
Байқаулар қорытындысы, жүзеге асырылған жұмыс процесінде мүмкіндік жасауға оң нәтижелі қорытынды берді. «Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанар оты» деп В. Ф. Сухомлинский айтқандай ойын ақылды, ойды, тапқыр алғырлықты дамытатынын балалардың ойлау, есте сақтау қабілетін дамытып, оларды еңбектенуге, ізденуге баулитын сабақ элементтерінің бірі - ойындар екенін түсіндім. Сондықтан өткізген әр сабағымда болсын, іс-шараларда, мерекелерде, болсын ойын элементтерін қолданауға тырысамын.
Өз тәжрибемде ойын - балалардың сабаққа қызығуын, белсенділігін арттырып, ойлау қабілетін дамытуға, ұжымшылдыққа тәрбиелейтіне, тапқырлыққа, алғырлыққа, жылдамдыққа баулитынына, және де дұрыс таңдап алынған ойын баланың қиялын, сана - сезімін өсіріп, сөздік қорын молайтып, өз бетімен еңбектенуге дағдыландыратынын байқадым.
ІV - тарау ЖОБА МОНИТОРИНГІСІ
Өткізілетін жұмыстар келесі нәтижелерді көрсетті: балалардың сөйлеу сапасы, ойлауы, қабылдау, қозғалыс шапшаңдығы, еңбексүйгіштік қабілеттері жақсарды. Сөйлеуді дамыту бойынша жұмыс тәжірибесінің нәтижелілігі үнемі бақыланады. Оқу жылының I жартысында және II жартысында мониторинг жүргізіледі. Жыл басында мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс жүргізе отырып білім деңгейлерін көтердім. Соның нәтижесі ретінде үшінші жылдың соңында топтың балаларының білім деңгейі біршама өскендігін байқадым.

Тәжірибе авторы: Султанова Гульжамила Жумабековна
Педагогикалық өтілі: 10 жыл

Толық нұсқасын жүктеу​​​


Источник: bilimdiler.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
Пікір жазу