Қиял-ғажайып ертегі: Достық

Қиял-ғажайып ертегі: Достық


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Алыстағы Махаббатым

Бұрынғы өткен заманда бір жігіт аңға шығып құс салып жүрсе, бір тасқа қонып отырған бір көк құсты көреді. Кұстың қасына жақындап барса ұшпайды. «Бұл не қылған кұс» деп ұстап алып қараса, қанат, құйрығы жұлынып, жұрдай болып қалған екен.

Көк құстың мұндай ахуалда болғанына рақымы келіп, жігіт құсты үйге алып келіп, атасына көрсетіпті. Атасы құсқа қарап отырыпты да:

—Балам, бұл құсты он бес күн бақ, сонан соң тілеген жағына ұшырып жібер,—депті. Жігіт атасының, айтқанын істеп, құсты он бес күн бақты. Құсқа жаңадан қанат, құйрық шықты.

—Тілеген жағыңа ұшып кете бер,—деді жігіт.
—Басыңа қандай болса да бір қиыншылық туса, мені тауып ал, мен пәлендей жерде тұрамын,—деді көк құс.

—Жақсы, керек уақытта тауып алармын,—деп қалды жігіт.

—Қош, жігіт!—деп пыр етіп көк құс ұшып кетті. Күндерден күн өткенде жігіттің атасы да, қатыны да өлді. Малдан, бақтан айрылды. Киюге көйлек те, ішуге тамақ та таппады. Сондықтан ол баяғы көк құсты іздеуге мәжбүр болып жолға шықты.

Түн қатып, түсі қашып, бірнеше күн жол жүріп, бір жерге жеткенде алдынан бір адам шықты.

—Қайда бара жатырсың?—деп сұрады ол адам жолаушыдан.

—Көк құс деген досым бар еді, соны іздеп бара жатырмын. Оның ауылын білмейсің бе?—деп сұрады жолаушы.

—Оны не қыласың, ауылы ұзақ емес.

—Малдан, бақыттан айрылдым. Ол досым еді, сонан көмек сұрайын деп бара жатырмын.

—Олай болса, кішкене көк сандығы бар, оны үлкен бір сандыққа салып қояды, соны сұра. Соны алсаң бақытты да, бай да боласың.

—Жақсы, жора,—деп жолаушы жолға түсті. Ертеңіне көк құс досынікіне келді.

Көк құс іздеп келген досын әбден сыйлады. Киіндірді, тойындырды. Күндердің бір күні болғанда ол қайтатұғын болды.

—Алыс жерден арып-талып келген екенсің, не бұйымтайың бар, досым?—деді көк құс.

—Мал да, жан да сұрамаймын, тек қана үлкен сандығыңның, ішіндегі кішкене көк сандығыңды сұраймын,—деді жолаушы.

—Менің көк сандығымның барын қайдан білдің, біреу айтты ма?

—Жоқ, ешкім айтқан жоқ, өзім білдім.
—Қимас досым едің, берейін, бірақ сандықты үйіңе бармай ашпа,—деп сандықты берді.

—Жақсы,—деп көк сандықты қолтығына қысып жолаушы еліне қайтты.

Жолаушы бірнеше күн жол жүргеннен кейін бұл сандықта не бар екен, ашып көрейін деп, сандықты ашып еді, ішінен пыр етіп, екі кептер ұшып кетті. Жолаушы ізінен қуып біреуін ұстап, енді біреуін ұстайын дегенде бір көкжал арлан бөрі келіп кептерді жейтін болды. Сонда жолаушы бөріге жалынып:

—Досымнан сұрап алып келе жатыр едім, кептерімді жемей өзіме қайтарып беріңіз,—деді.

—Кептеріңді жемесем, бір жылдан кейін өзіңді жеймін,—деді бөрі айбаттанып, шабынып тұрып.

—Өзімді жесең же, досымнан алған кептерімді жеме, қайырып бер,—деді жолаушы.

—Жақсы, уәдеңе тұр!—деді де бөрі жөніне кетті. Жолаушы кептерді сандыққа салып алып, бірнеше күн жол жүріп, арып-талып, болдырып үйіне келді. Сандықты ашты. Екі кептер екі жаққа ұшып үйдің есігіне қонды.

Біразырақтан кейін үйдің ішінде бәрі дайын болып кетті, сонан бастап жанағы адам бай бола бастады.

Күндерден күн өтті, баяғы бөрінің келіп жейтұғын уақыты жетті.

«Бүгін келіп жейді ғой,—деп жаңағы адам қорқып жатқанда біреу келіп, құлағынан көтеріп аспанға алып ұшты. Біразырақтан соң тарс етіп мылтықтың дауысы естіледі. Жаңағы адам қорыққанынан сөйлей алмай тілі күрмеліп қалды. Бір уақытта есін жиып, өзіне келді. Қараса, қасында баяғы көк құс отыр екен.

—Досым бола тұрып, мені неге бұнша қорқыттың?—деді жігіт көк құсқа.

—Жоқ, қорқытпадым, достық істедім. Сені жейтұғын көкжал бөрі менің ағам еді, ол баяғыда менің қанат, құйрығымды жұлып, өлсін деп, елсіз құла түзге тастап кетіп еді. Сен мені тауып алып, он бес күн бағып күшіме келтіріп, қанат-құйрығымды жетілдірдің, достық еттің. Мен де саған достық етіп, сандығымды беріп едім. Бірақ әзәзіл ағам арамызға қыстырылып сені жейтін болғанын білдім. Сондықтан сені жегізбей алып қаштым. Бағанағы мылтық атқан мен едім, онда сені жейтін ағамды аттым. Сендей досым үшін ағамды өлтірдім, — деді көк құс.

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Күйеуімен жақындасудан себепсіз бас тартпау



Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 60 секунд !!!



Комментарии для сайта Cackle