Бұқар жырау
Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас.

Іштегі сыр Аллаға мағлұм: сырттағы құлақ амал емей немене.

Пейілі кең кемімес, пейілі тар кеңімес.

Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрiнгенге күлкi етер,
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер.

Қартайсаң да қарт бабаңды сыйлай біл,
Күндердің күні болғанда
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес.

Айтқан сөзге тұрмаған – жаман емей немене,
Сұрағанды бермеген – сараң емей немене,
Кісі ақысын көп жеген – арам емей немене,
Сыртыңдағы қулығың – амал емей немене,
Сусағанда берген су – шекер емей немене,
Ынжық ерге біткен мал – бекер емей немене?!

Хандар киген қамқа тон – шүберек болар тозған соң,
Жігіт жақсы бола алмас – алғаны жаман болған соң.

Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес.

Ажал жетпей — жан шықпас.

Ақтың үйі — ақ мешіт.

Өтірікті шын қылған — ол адамның қызыл көзді пәлесі.

Сыпайы сырын білдірмес.

Байдың малын көтерме: тайып кетсе табаның, шашыңды берсе жетер ме?!

Арғымағын жоғалтып, тай жүгірткен заман-ай.

Жаңғызға зорлық қылмаңыз, жағасынан алмаңыз.
Қара бура арыса — майы қалың бесті артық,
Баласы жоқ қатыннан — лақтаған ешкі артық.

Алатаудан асыңыз, ашуыңызды басыңыз.

Өзіңе еркіндік бермесе, азат бастан не пайда.

Қалмаса қайнар азайып, аққан дария суалмас.

Шын жолында сөйлесең — басыңа келер пәлесі.

Өлең — сөздің данасы, шындықтың анасы.

Мінген атың арыса — қатарға ену күн болар,
Қара көзден нұр тайса — қарға адым жер мұң болар.

Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз да көпке теңеліп,
Бір майданда жолығып,
Кегін бір алмас демеңіз.

Берем деген құтылмас.

Тірнектеп жүріп іс қылған жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға тең келіп, жайлауға көшпес демеңіз.

Риза болсаң құдайға, түзелер сонда ісіңіз.

Алладан һүкім келмей өлмек жоқ.

Тоқсан бес деген торы екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарайын десең –
Екі жағың ор екен,
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен –
Келмейтұғын неме екен!

Сексен бес жасқа келгенде,
Екі қара көзді алар,
Ауыздағы сөзді алар,
Бойыңдағы әлді алар,
Бетіңдегі нұрды алар,
Етіңдегі шырды алар,
Аузыңдағы тісті алар,
Қолыңдағы істі алар –
Өлмегенде нең қалар?!

Жетпіс бес жасқа келгенде,
Жылуы болмас қойныңның,
Қаруы болмас сойылдың –
Өлмесең де жойылдың.

Жетпіс деген жел екен.

Ханға жауап айтпасам — ханның көңілі қайтады,
Қандыра жауап айтпасам — халқым не деп айтады.

Арғымақтың жалы жоқ — жабылар жалымен теңесер,
Жақсылардың малы жоқ — жамандар малымен теңесер.

Үлгісіз сөз болмайды, матасыз бөз болмайды.

Ауылда адам бар болса — ауыл ада болмайды,
Ел иесі бар болса — елі ала болмайды.

Қорғанды шаһар қадірін — қазақ білмес, сарт білер,
Ер жігіттің қадірін — ағайын білмес, жат білер.

Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да –
Үмітін жоймас адамзат!

Найзасының ұшы алтын.

Асқар таудың өлгені — басын мұнар шалғаны,
Көктегі бұлттың өлгені — аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені — еңкейіп барып батқаны,
Айдын шалқар өлгені — мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені — қар астында қалғаны,
Өлмегенде не өлмейді — ғалымның xаты өлмейді.

Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да — тартпай қоймас негізге.

Таудан аққан тас бұлақ тасыса құяр теңізге,
Қанша малы көп болсын, бай қуанар егізге.

Жал-құйрығы қаба деп - жабыдан айғыр салмаңыз,
Қалың малы арзан деп - жаманнан қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз - жауға мінер ат тумас,
Жаман қатын алсаңыз - топқа кірер ұл тумас.

Отының болсын жантақтан,
Қатының болсын қалмақтан,
Қосының болсын қазақтан.

Мал жинасаң қойдан жи — майы кетпес шарадан,
Ит жинасаң сырттан жи — мал бермейді қорадан.

Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал, ерегіс.

Жаулық жолын сүймеңіз: мынау жалған сұм дүние өтпей қалмас демеңіз.

Арту-арту бел келсе — атан тартар бүгіліп,
Алыстан қара көрінсе — арғымақ шабар тігіліп.
Алыстан жанжал сөз келсе — азулы сөйлер жүгініп.

Рулының — оғы қалса табылар, жалғыздың — тартатұғын жағы қалса табылмас.

Дін мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?

Мал араға түспесе, құр айтқаннан не пайда?!

Ит жүгіртіп, құс салсаң — киген тоның түлкі етер,
Жаманменен дос болсаң — көрінгенге күлкі етер.

Жар басына қонбаңыз — дауыл соқса үй кетер,
Жатқа тізгін бермеңіз — жаламенен бас кетер.

Айтқаныңа көнбесе, айдауыңа жүрмесе: көңілінде болғаны аласы.

Абысынның арызы — ағайын сәнін кетірер,
Ағайынның арызы — елдің сәнін кетірер.

Екі жақсы дос болмас — сірне үстінде xаты бар,
Ежелгі дұшпан ел болмас — көңілінде кір, даты бар.

Құм жиналып — тас болмас, құл жиналып — бас болмас.

Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес.

Қараша торғай қаз болмас.

Көп ішінде бір жалғыз,
Сөйлеп те сөзі өтер ме.

Аздың ісі бітпейді.

Үй артында төбешік
Ерттеулі тұрған ат болар.
Қариясы кімнің бар болса
Жазулы тұрған xат болар.

Ақ сұңқар құстың баласы — ұяда алтау болмас па,
Ұяда алтау болғанмен, оның ішінде біреуі — ең алғыры болмас па.

Қайырсыз итке мал бітсе — аңқаң құрып келгенде саумал бермес ішерге.

Қара арғымақ арыса — қарға адым жер мұң болар,
Есіл көзден нұр тайса — бір көруге зар болар.

Іштегі сыр — Аллаға мағлұм: сырттағы құлақ — амал емей немене.

Аспаннан биік тау болмас.

Бауырыңнан қашқан күзен көрінбес.

Шын жаратқан ұл болсаң - құдай тағалам өзі берер нәсіпті.

Берік байлаған шешілмейді.

Пейілі кең — кемімес, пейілі тар — кеңімес.

Алла деген зар болмас, ақтың жолы тар болмас.

Ұрғашының жақсысының боз жорғадай бұлғаңы
Ұрғашының жаманының өсек болар құрғаны.

Қара қылды қақ жарған әділді айт.

Жалғыз көпке теңеліп, кегін бір алмас демеңіз.

Құрсағы құшақ байлардан дәулет.

Анаң аңырап қалмайғай.

Тоқсандағы қарт бабаң топқа жаяу бармағай.

Төрең тақтан таймасын.

Жақсы әйел ұл туса - патшадан болмас кемдігі.

Ардақталған аяулың күндердің күнінде басқаға олжа болмағай.

Әсіре пысық залымның тіліне еруге жазбасын.

Жиырма деген жасыңыз
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз
Қайғылы - мұңлы күн екен,
Сексен деген жасыңыз
Қараңғы тұман түн екен,
Тоқсан деген жасында
Ажалдан басқа жоқ екен.

Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ.

Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.

Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда.
Ерге дәулет бітпесе,
Шүлдіреген қызыл тілден не пайда.

Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы.

Жақыңдап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да —
Үмітін жоймас адамзат!

Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен белсе де,
Қызықты күн қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де —
Өмірге тоймас адамзат!

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін.

Әкесіз бала жиын болса бара алмас, барса орын ала алмас.

Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді.

Ақсақалға жарасар – тілеуқорлық тобасы,
Бәйбішеге жарасар – қолындағы қара сабасы.
Келіншекке жарасар – емшектегі баласы,
Қыз он беске келгенде – шашынан көп жаласы,
Бұл жалғанның жаманы – ағайынның жаласы.

Әкелі бала – жау жүрек,
Әкесіз бала – су жүрек.

Абысының арызы – ағайын сәнін кетірер,
Ағайынның арызы – елдің сәнін кетірер.

Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
— Қызыққа тоймас адамзат!

Қу таяқты кедейге дәулет бітпес демеңіз.

Аталыдан би қойсаң, адаспас жол мен жобадан.
Атасыздан би қойсаң, босамас аузы парадан.

Комментарии (0)

Оставить комментарий

Последние комментарии
Іңкәр - Сегодня, 02:59
Анашым, мама

Іңкәр

Омар Абдуррахман - Вчера, 21:33
Орыс тілі (русский язык) (5 сынып | 1, 2, 3, 4 тоқсан)

5 сынып орыс тілі бжб

Гость demo - Вчера, 19:48
Жиынтық бағалау (СОЧ, СОР) (ТЖБ, БЖБ): Математика (4 сынып | 1, 2, 3, 4 тоқсан)

ааа

Даржан - Вчера, 19:36
Саналы ұрпақ - жарқын болашақ

Саналы ұрпақ -ол жастайынан ұлтының бар болмысын бойына жинаған,елдің өсіп,өркендеуіне деген қадамдарын нық әрі,

багжан - Вчера, 19:22
Қазақ тілі Т1 (8 сынып | 1, 2, 3, 4 тоқсан)

маган казак тили керек еди 8сынып бжб 1 токсан

Гость Самал - Вчера, 19:19
Информатика (8 сынып | 1, 2, 3, 4 тоқсан)

Комментарий скрыт

Ақниет - Вчера, 17:56
Қазақстан тарихы | (7 сынып | 1, 2, 3, 4 тоқсан)

Маған да керек бар болса бере аласыздар ма☺

Гость Асем - Вчера, 15:43
Мұқағали Мақатаев (Қазақстан)

казакстан

Жансель - Вчера, 15:20
Абай Құнанбаев (Желсіз түнде жарық ай)

Өлең күшті және әдемі

Гость Назерке - Вчера, 14:51
Өмірлік мәні бар кеңестер

Памаги