Қанатты (нақыл) сөздер: Мұқағали Мақатаев

Қанатты (нақыл) сөздер: Мұқағали Мақатаев



Ақырын жүрсең сорың сені қуып жетеді, жылдам жүрсең сен сорыңды қуып жетесің.

Бақыт деген – сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.

Адамдардың жаны менен жүрегін,
Ойлайтын ем, бір кісідей білемін.
Ажырата алмай шуағы мен түнегін,
Танығанға мәз болыппын іреңін.

Тұрады көкірігіме күйік толып,
Жүремін кейде жанып, кейде тонып.
Күні бойы мазам кетіп қиналамын.
Көрінсем біреулерге биік болып.

Тағдырыма несіне өкпелейін,
Мойын бұрмай келіп ем көпке дейін.
О, өмір ұстатпаған уың бар ма?
Әкел, әкел оны да жеп көрейін.

Қарасаңдаршы,
Қаншама достан айырылдық...
Біріміз нағыз,
Біріміз жалған қайғырдық...
Тазалайықшы,
Ынтымақ деген айдынды.
Қалыпқа түспей тұрғанымызда маймылдық...

Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де со­лар­дың бірімін.

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.

Ал екінші бақытым – тілім менің
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім…

Өлгеннен сұра дер едім, тірі жандарға өмір дегеннің не екенін.

Қасиетін сезем деп ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.


Комментарии для сайта Cackle