Мақал - мәтел: Суық, аяз, боран, дауыл туралы

Мақал - мәтел: Суық, аяз, боран, дауыл туралы



Қар жауды деп қуанба,
Артынан аязы болар.
Қожа келді деп қуанба,
Артынан ниязы болар.

Аяз болады, бұлт болады,
Өткен күндер ұмыт болады.

Қарны ашқанға ас салғызба,
Суыққа тонғанға от жаққызба.

Жылыда жинақталмаған,
Суықта қымтала алмайды.

Құдай суықты сырт киіміне қарай жібереді.

Қар суық па,
Қайғың суық па?

Боранды күні бала құтырар,
Желді күні ит құтырар.

Торлаған бұлтты боран қашырар.

Баянсыз өмір өтті боран, желдей,
Фәнилік басып алды аққан селдей.

Борай-борай қар жауса,
Бұ боран атты өлтірер.
Аз кісіні көп кісі
Жаман да болса, біреуіне келтірер.

Дауылды күні құс салма,
Жауынды күні жылқы алма.

Дауылдың алды — жел,
Жаңбырдың арты — сел.

Жел дауыл шақырады,
Бұлт жауын шақырады.

Ұстамен жақын болсаң,
Мүйiз кесерiн аларсың,
Қайықшымен жақын болсаң,
Дауыл күнi кемесiн суға саларсың.

Сырнаймен дауыл жасамақ.


Комментарии для сайта Cackle