Сұлтанмахмұт Торайғыров (Мен қазақ)

 Сұлтанмахмұт Торайғыров (Мен қазақ)

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ер жеттім кеңшілікті сүтін ішіп.
... Алтай, Ертіс Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.

Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

* * *

Сүйдіріп, жүрегімді тартқан менің,
Сарыарқа, Сарыдала – туған жерім.
Көк күмбездің астында көк масаты
Сәулемен алтындаған сары белім.

Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,
Исі аңқып, бетім сүйген самал желім.
Кіндік болып, мал менен жанды өсірген,
Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін.

* * *

Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген
Сол тілменен бірінші білгізілген:
«Ана» деген сүйгендік сөз әм менен

Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!