Мақал - мәтел: Ақылды және ақымақ

Мақал - мәтел: Ақылды және ақымақ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Астың бетін ашық тастама

Ақыл - Алланың сыйы.

Ақыл жасқа қарамайды, басқа қарайды.

Ақыл - дария, алсаң да таусылмайды.
Жер - қазына, қазсаң да таусылмайды.

Ақыл - жас ұланнан,
Жүйрік - тай, құнаннан.

Ақылды өтірік шаршатады.

Ақылды жігіт атқа да қонар,
таққа да қонар.

Ақылдассаң - шешерсің,
Ақылдаспасаң - кем кесерсің.

Ақылдының сөзі қысқа,
айтса нұсқа.

Кешкі ой - нақыл,
Таңғы ой - ақыл.

Ашу асыққанда ақыл басу айтар.

Ақылдының алдымен жүр,
Ақымақтың артымен жүр.

Ашуың келсе, аузыңды жап.

Ақылды ісіне сенеді,
Ақымақ түсіне сенеді.

Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айт.

Ақылды шалалығын байқатпайды,
Оқыған балалығын байқатпайды.

Ақыл айтсаң, мақұл айт.

Ақылдының сөзінен енші алып қал.

Ақылды аузын жауып, ділін ашар.

Ақылдыға ар қымбат,
Ақымаққа жан қымбат.

Адамның тізгіні - ақыл.

Ақылдының алды,
Ағып жатқан дария.
Сараң адамның алды,
Қу тақыр, шөл жазира.

Ақылды мақтанса, іс тындырар,
Ақымақ мақтанса, аяғын сындырар.

Арзымасқа ақылыңды тауыспа.

Ашу тасады, ақыл басады.

Көкіректе ақыл болмаса,
Көз - шалбардың жыртығы.

Ақылсыз сұрақ беріп,
Ақылды жауап күтпе.

Ашу арындайды,
Ақыл артынан аяңдайды.

Ашу - пышақ, ақыл - таяқ,
Жона берсең, таусылар.

Адам ақылымен бай,
Жер дақылымен бай.

Киім ауыр болмайды,
Азық ауыр болмайды,
Ақыл ауыр болмайды.

Ақылды ердің ішінде,
Алтын ерлі ат жатар.
Ақылды әйел ішінде,
Алтын бесікті ұл жатар.

Көзі жоқ, құлағы саудың ақылы толады,
Құлағы жоқ, көзі саудың ақылы солады.

Өз ақылың ақыл-ақ,
Кісі ақылы шоқырақ.

Жау төнгенде батыл бол,
Дау төнгенде ақыл бол.

Ақ Еділдің өзі болмасақ та, бұлағымыз,
Ақылды бастың өзі болмасақ та, құлағымыз.

Жетең жаман болмаса,
Жете жарлы болмассың.

Малдан айырылсаң да, ақылдан айырылма.

Ертеңгі ақыл түске жарамас,
Түскі ақыл кешке жарамас.

Ақылды десе болар, сұрамай білгенді,
Жомарт десе болар, сұратпай бергенді.

Ақымақтың ақылы білегінде,
Ақылдының ақылы жүрегінде.

Кісі ақылымен бай болғанша,
Өз ақылыңмен жарлы бол.

Көп ақылды жиналса,
Қиын істі бітірер.
Көп ақымақ жиналса,
Оңай істі бүлдірер.

Ата-ананың ақылы
Сайрап жатқан жолмен тең.
Ақылдының ақылы,
Сарқылмайтын көлмен тең.

Жетесі асыл арланбас,
Жеті атасына дарымай.

Ақымақ тойынса, туысқанын танымайды
Ақылды тойынса, тәубесінен жаңылмайды.

Әйелдің ақылы көркінде,
Еркектің көркі ақылында.

Жаманға айтқан ақыл
Жапанға атқан оқпен тең.

Ас тасыса, қатығы төгілер,
Ашу тасыса, ақыл төгілер.

Ашу егестен шығады,
Ақыл кеңестен шығады.

Ақылды мен ақылды,
Ақыл жәйін кеңесер;
Ақылсыз бен ақылсыз
Ақыл таппай егесер.

Ақылды қателессе,
Басынан көреді.
Ақымақ қателессе,
Досынан көреді.

Адамды адамгершілікке сүйрейтін - ақыл,
Адамды жамандыққа ұрындыратын - ашу.

Ақылдының соңына ер, жолың болар,
Тиянақтының ісін көр, көңілің толар.

Ақылдыға айтқан сөз жөнін табар,
Ақымаққа айтқан сөз далада қалар.

Ар-ұят пен ақыл - мінез сауыты.

Сұлу сұқтануға жақсы,
Ақыл жұптануға жақсы.

Ашу шабыстырады,
Ақыл табыстырады.

Ақыл қалмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда.

Ақылдымен сөйлессең,
Ақылыңа ақыл қосылар.
Ақымақпен сөйлессең,
Өз ақылың тосылар.

Естіге айтқан ақыл сөз,
Шыңға тіккен тумен тең,
Ессізге айтқан ақыл сөз
Құмға сіңген сумен тең.

Алдаспан құрал емес,
Ақыл құрал.

Естілердің ақылын ескерген де есті.

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Асқазаныңыз ауырса



00


Комментарии для сайта Cackle