Жұмағали Саин (Екі жалын бір жүректе маздаған)

 Жұмағали Саин (Екі жалын бір жүректе маздаған)

Кешіктің сен,
Келмедің сен, зарықтым.
Шыдар деген үмітіңді жаңа ұқтым.
Күт демедің,
Мезгілінде таппадың!
Төрде тұрды,
Орныңды көп сақтадым...
Енді келіп өз қолыңды ұсындың,
Өкініш жоқ...
Жан сырыңа түсіндім.
Кешір мені!
Жұбайым бар қасымда,
Саған жер жоқ біздің оттың басында.
Сен кетерсің,
Маған теріс қарарсың!
Жүзі суық жат адамға санарсың.
Қалар менің дастаным боп жазбаған
Екі жалын бір жүректе маздаған.
* * *
Қарамашы, қадамашы көзіңді!
(Ет жүрегім, темір емес төзімді)
Ұшқын едім — жанып кетсем күйдірер
Ая мені, ая, сәулем, өзіңді?!
Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым?!
Үнсіз ғана мені қайда шақырдың?
Терең сырлы көздеріңнің түбіне
Бірте-бірте батып бара жатырмын...
Жаудыратпа мөлдір қара көзіңді?!
Ая мені, ая, сәулем, өзіңді!
Жан түбінде ұйықтап жатқан арыстан,
Боларсың мерт, оятпа сезімді!
Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым!
Үнсіз ғана мені қайда шақырдың?
Тыныш еді, неге дауыл тіледің,
Неге меш тұңғиыққа батырдың!..
* * *
Шырт ұйқыда жатыр едім.
Өлең әмір берді маған, тұр деді!
Ұшып тұрдым,
Жыр қанаты биледі,
Алып қашты ұшқыр ойдың дауылы,
Кеттім еріп, маған ерік тимеді...
Шала кидім киімді де асығып,
Назданды жыр, тұрды маған асылып.
Кейде бұлдыр, кейде айқын көрінді,
Көз алдыма әкелді бір өмірді.
Жақтым шамды, столыма отырдым.
Соқтым санды, сонда бірден өкіндім:
Даяр тұрған төрт қарындаш, төрт қалам,
Орнында жоқ...
Алып кеткен төрт балам,
Өлең кетті... мен отырмын тым-тырыс,
Жайлы төсек, білінбейді бір дыбыс,
Қай жерде екен?
Төрт қарындаш, төрт қалам?
Тәтті ұйқыда жатыр менің төрт балам,
Қараймын да қуанамын, тасамын,
Аяғымды еппен ғана басамын.
Көрпелерін, жастықтарын түзетем,
Ояумын мен, ұйқыларын күзетем.
Кірпіктері, еріндері, қастары...
Қараңдаршы. Дәл өзім ғой жастағы.
Тасты қиял, шақырды өлең, бастады —
Келешектің жазылмаған дастаны,
Қалың ұйқы, әне бірі күледі,
Мүмкін оның түсіне ойын кіреді.
Көргендері карновалдың кешінде,
Қалды ма екен, қалды ма екен есінде?
Балғын жүздер...
Қуаныштар, мақтандар...
Қарсы алдыма шырт ұйқыда жатқандар.
Ұрпақтарым, терең кеткен тамырым,
Жан тынысым, бойымдағы жалыным.
Ұзақ— Алыс...
Талай ойлар ойладым.
Неткен ғажап!
Қарасам да тоймадым.
Сағындым мен сонда бала кезімді,
Қызық...
Ауыр...
Күйлер басты сөзімді.
Маған жылы леп келеді маздаған,
Маған жана жыр келеді жазбаған,
Сол жырларды көкірегімде тоқимын.
Төрт баламның жүздерінен оқимын.
Қандай кітап дәл осындай сымбатты!
Қандай ақын бұдан артық жырлапты!
Айтыңдаршы дүниеде не барын!
Төрт жүректің соғуынан қымбатты!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!