Жұмағали Саин (Екі жігіт)

 Жұмағали Саин (Екі жігіт)

(Кейбір арамза азғындар туралы)

Тым мәлімсіз бір жас жігіт
Шар айнаға тұрды қарап.
Кейде қолмен сипап жағын,
Кейде кейін шашын тарап.
Терезеден сылаң қағып,
Түскен нұры сұлу күннің.
Күміс күннен ажар алып,
Құлпырғаны көк торғынның,
Бипазданған миуа талдан,
Мың бұралып шыққан үннің,
Оған тіпті әсері жоқ
Кескініндей қара түннің.
Ол тек қана қазір әуре
Тарауменен шашын кейін.
Саясаттан сәл болғанмен
Етек жыртар салға бейім.
Жас күнінен ойдан аулақ
Ренжиді жай әшейін.
Ұйқыменен жұмысы жоқ,
Тек жатады түске дейін.
Киінгесін әбден қатып,
Галстугын тағынған соң,
Кеңеседі жолдасымен
Кеше кеште ішкен асын.
Есті алатын «зәмзәм»- дердің
Төмендерін — таңдамасын,
Ең аяғы көзін қысып,
Қызға істеген ишарасын.
Бастан-аяқ айтып шығады
Саусағына қойып басын.
Сырдың суын бірге жүріп,
Сарқыса да көрмегендей,
Бүгін ғана кездейсоқ боп,
Ішкі сырын бермегендей.
Жолдасы да күле сөйлеп,
Таң болғандай таңдай қағады.
Тым қызықты іс екен деп,
Қоштап қояды етпей тағат.
«Сен түрегеп қос рюмка
Қағып салып, құйғызып ап,
Иегіңмен ымдап оған
Істегенсің бір ишарат.
Содан кейін қызды думан»
Дейді, анаған қосарланады.
Алға салады достар жайын,
Неше түрлі қыздың атын.
Айтысады таңғажайып
Сұлулығын түр - сипатын.
— Меруертті күн дер едім,
Егер өзім болсам ақын.
Бар әлемге жаяр едім,
Сүйгенім деп оның атын.
Деп манағы жас мырзамыз
Жолдасына назданатын.
«Ақындардың ақынындай,
Сөйлегенде сөз бермейтін.
Қыртиясын, қызға қарап
Бойыңа жан теңгермейсің.
Жұрт көзінде мақтанғанда
Төсіңді ұрып мен – мен дейсің.
Тіпті өзіңді Пушкинменен
Тең болмасаң кем көрмейсің.
Қызға жазған хаттарыңның
Махаббат деп келер басы,
Тым дөрекі, тым доғалдау
Әйтседе оңды сөз арасы.
Жырларыңның ұйқасымы
Тұрғандығы келіп нашы,
Ыспаттайды бар екенін
Ақындардың сенде атасы».
«Рас, достым, бұл айтқаның,
Мен ақынмын тілге жүйрік.
Махаббат деп талай жаздым
Сұлу жырды ұзын құйрық.
Мен секілді жаза алмайды —
Осындағы үлкен - кішің.
Одан-бұдан сөз құрайды,
Қаламақы ақшасы үшін.
Менде азырақ жалқаулық бар,
Бойыма жар бермейтұғын.
Тағы да бір әдетім бар
Өлең жазғым келмейтұғын.
Қашанғы сол сарылмайын
Жан болам деп өлмейтұғын,
Неге керек басты байлап,
Бір еңбекке өнбейтұғын».
Бұдан кейін махаббат пен
Жастық тағы сөз болатын,
Мінездеме беретұғын
Таныстардың айтып атын.
«Пай - пай-пай әнеугі қыз
Өмірі есте сақталатын,
Бір жан екен есім кетті
Көргенімде нұр - сипатын.
Қарашаш деп айтып па еді,
Бізге Әлихан соның атын.
— Я, ол қыздың патшасы екен,
Қолға түссе мақтанатын.
— Барайықшы бір сылтаумен
Тап сол үйге кешке жақын».
Иіссудің шынылары,
Қарағанда аузы төмен,
Ағып жатқан секілденді
Шарасынан шығып өзен.
Сырлы шкафтан опаны алып,
Бетке сүртті мақтаменен.
Айна алдында біраз тұрды
Пешпеттерін салып желең.
Бәтеңкесін шөткелесті
Ыңырсысып айтып өлең.
Айыптамас мені оқушы,—
Кетіппін ғой жобаны аттап,
Ең, әуелі жігіттермен
Таныстырмай түгел даттап.
Бақытты елдің жасымыз ғой
Үйренген жөн әдеп сақтап,
Бастапқы ойды кесіп айтпай,
Керегі не бұлталақтап.
Біз ешкімнен жүлде алмаймыз
Бірді боқтап, бірді мақтап.
Екеуінің түсі таныс,
Арғы түбі көлеңкелеу.
Кім біледі жүрген шығар
Жақындарын қылып демеу,
Аз істейді, көп қыдырады
Екеуі де жатқан сіреу.
Бір анадан тумағанмен,
Жүрегінің сыры біреу.
Біраз жыл болды бұл екеуі
Кездейсоқ боп танысқалы,
Ұшырасып ресторанда
Бас иіп, қол алысқалы.
Сылдыратып рюмканы,
Араққа әбден қанысқалы,
Қызулықпен сый үстінде
Біраз жерге барысады.
Бірі кекеп, бірі күліп,
Бірі аяқтан шалысқалы.
Кек сақтамай екеуі де
Артынан тез табысады.
Содан бері екеуінде
«Достық» деген туып сезім.
Сырлас болды, тастамады
Бір-бірінің айтқан сөзін.
Бір аяқтан тағам татып,
Бірге киді жібек - сөзін.
Бар болғанда айқап - шайқап,
Жоқ кезінде етті төзім.
Махаббаттан бал татысты.
Түрлендіріп қызға көзін.
Кей уақытта еске алысты
Екеуі де бала кезін...
Өсек айтып керегі не,
Жіпке тізіп жұрттың мінін.
Сыртқа шашып не қылайын,
Бәйділданың ішкі сырын.
Тек әшейін таныстырдым,
Көрмеген соң сіздер бұрын.
Жігітіміз байланбаған,
Мінілмеген асау құлын.
Шындықты да жек көреді,
Көтере алмайды көптің сынын.
Жаздыгүні бықсытады,
Қыстыгүні жұрттың жырын.
Енді оқушым ұққан болар,
Бәйділданың кері тілін.
Тағы талай шештірерміз
Жүрегінің нәзік қылын.
Борамбай деп атайды атын
Қасындағы жолдасының.
Қазбалаудың керегі не
Барлығының арғы түбін.
Доғал жағы толып жатыр
Мұның – дағы тарихының.
Күн көрісін «жеңілдеткен»
Ылай судан балық аулап,
Көтермеші танысы бар,
Жылы ұшырап алған баурап.
Мекемеде аз істейді,
Көп жүреді ақы даулап.
Өсек сөзге жаны құмар
Дабыл ұрады - қоңыраулап.
Көрген жігіт бұл екеуі
«Мәмент» кезін талай аңдып.
Тез-ақ сілтеп жібереді,
Өзгелерден бұрын қам ғып.
Арыздарды қаптатады
Бұраңдатып топалаң ғып.
Жала жауып күнәсізге,
Өздерін бір таза адам ғып,
Көрсетпекке тырысады
Жанжалменен көпті даңғып.
Керіспенен кесіп өтеді,
Жүрген жерін мүлде ылаң ғып
Кейде бұлар шаңқай түсте
Ұйқылы-ояу жүрер қалғып.
Мұрын бұзып, тіс сындырар
Істеді кетеді хулигандық.
Еріккеннен жазғаным жоқ,
Екеуінің сипат түрін.
Кездеспеген оқиға еді
Ойласам да бұдан бұрын.
Түлкі құйрық тұрпатсыздар
Шет жайылып жүрген қырын,
Адамшылық бейнесі жоқ
Көбік ауыз, қызыл мұрын.
Бұлар бір жат адамдарым,
Тап оларға қаным қара.
Келеді күнде азулағым,
Жүрегіне салып жара.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі