Жамбылдың батасы

 Жамбылдың батасы

Құдайым бұл үйге дұға берсін,
Тіл - аузын дұшпаныңның буа берсін.
Келіннің балағынан бала саулап,
Салпы ерін сары балалар туа берсін!

***
Бұл екі жасқа
Денсаулық, амандық беріп,
Ұзақ өмір берсін.
Адалдан бер,
Ақтан бер,
Пәле - жаладан сақтай бер.

Ер маңайын баққа бер,
Абырой асар жаққа бер,
Батпас күндей шат көңіл,
Жаңа қосақ жасқа бер.

Зор махаббат
Өмірлік серіктері болсын.
Бақыттары баянды болып,
Жаңа өмірде
Жолдары сәтті болсын,
Үбірлі - шүбірлі болсын,
Мерейлері үстем,
Мәртебесі зор,
Адамгершілігі мол болсын!
Бір - біріне сүйікті,
Ел - жұртына сүйкімді,
Отбасына сыйымды болсын!
Осы тілек қабыл болсын!

***
Атаңнан бата ал, балам,
Арғымақ атқа мін, балам.
Ақ сақалым желбіреп,
Артыңнан қарап мен қалам.

Қүлағыңда, құлыным,
Дауысым жүрсін жырлаған.
Алғадайым арлы едің,
Атаңның сөзін сыйлаған.

Перзентімнің алды едің
Көңілімді қимаған.
Аттандырдым майданға,
Аман - есен жүр, балам!

Абыройға ие бол,
Ағат баспа бір қадам.
Атақ берген атаңа,
Ел қадірін біл, балам!

Ел ерлігі, бірлігі,
Сынға түскен бұл заман!
Саған айтқан сөзімнен,
Сабақ алсын тыңдаған,
Айтылған сөз деп ұқсын,
Аңғарлы жан «бұл маған».
Қош, қош, балам, қош айттым,
Қолымды, міне, шошайттым!

***
Балалар, аманбысың, шырақтарым,
Майысып көлге біткен құрақтарым!
Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын,
Ішінен асып кетсе бір аптаның.
Қонаққа келді міне, Жамбыл атаң,
Сан жылдар жүк көтерген бүкір жотам,
Қарт бабаң дәуіріне мейірі қанған
Қуанып жастығынан сендей ботам.
Білемін өмірлерің тұрған жайнап,
Күндіз, түн жастық үшін жарық сайлап.
Ай, жұлдыз, күннің көзі, жел менен су
Бәрі де сендердікі әлемге айғақ.

***
Асарың асқар тау болсын,
Жүзерің мұхит көл болсын.
Сүйенерің ел болсын,
Дұшпаның қара жер болсын!
Есігіңнің алды ой болсын,
Ойыңтолған қой болсын.
Күнде ауылыңда той болсын!

Жақсыға елікте,
Жаманға желікпе,
Әрдайым шабытты бол!
Сарқылмас бақытты бол!

***
Иә, Құдайым оңдасын,
Бақ пен қыдыр орнасын.
Бала - шағаң аман боп,
Қызыр болсын жолдасың.
Иә, Құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Жақсылығы жәрдем боп,
Көтеріп Алла тастасын.
Пәле менен жаладан,
Бір Алла өзі сақтасын
Өсе берсін мақсатың
Шыға берсін жақсы атың,
Көсегеңді көгертіп
Жамандықтан сақтасын.
Әумин!

***
Иә, Құдайым оңдасын,
Бақ пен қызыр орнасын.
Ғайып берен, қырық шілтен,
Әрқашан болсын жолдасың.
Есіркесең елді қыл,
Жарылқасаң жанды қыл.
Тепеңдесіп келгенде
Тең құрбыңның алды қыл.
Бер тілеуін, ал тұсауын
Бір Алламыз қолдасын.
Әумин!

***
Өтірікті сүймедім,
Дүние үшін күймедім.
Алтынына біреудің,
Жолда жатса тимедім.
Думан топты қақ жарып,
Жастық шақта жүргенім.
Ақ бөкендей желгенім,
Ақынның көріп мергенін.
Өмірменен жанасып,
Жарлыменен санасып,
Ақиқатты сөйледім.
Ақ домбыра мергенім,
Сөздің оғын кезесем,
Алыстан атып жеткіздім.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!