Компьютер ойыны құмарлық па? Әлде індет пе?



ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Алғашқы жыныстық қатынас (секс) немесе қыздықпен қоштасу (+18)

Біз уақытты бақыт деп жатамыз. Осы берілген бақытты тиімді әрі пайдалы өткізу өз қолымызда. Бірақ қазіргі жас өспірім, мектеп қабырғасындағы оқушыларымыз, тіпті 5 – 6 жастағы балалар да және үлкен жастағы ағаларымыз да осы уақытты босқа өткізіп, барлық уақыттарын компьютер ойындарына арнауда. Елімізде бұл компьютер ойындарына қатысты адамдарның ойы екіге бөлінген. Бір тараптың айтуы бойынша компьютер ойындарына құмарту нашақорлықпен пара – пар дерт есептелетін ауру түрі десе. Екінші бір тарап компьютер ойындары баланың дамуына үлкен септігін тигізеді деседі.
Бұл компьютер ойындарына қызығушылықты баланың өзі емес, ата –ананың ықпалынан пайда болады деген де пікірлер бар. Себебі бала тыныш отыруы үшін қолына планшет немесе басқа да гаджеттер беріп, өз жан тыныштығын ойлап кететін ата – аналар да жетіп артылады. Қолына планшет түскен баланың не істеп, не қойып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Бір кірсең, шыққың келмейтін ойыннан басын алмай, құмары қанғанша басын көтермей ойын ойнап жатқанын ешкім байқамайды да. Ата – апаларымыз айтушы еді ғой «әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» деп. Қараусыз қалған баланың қолынан гаджеттерді алып, ойын ойнауын шектеп, оданда түрлі үйірмелерге беріп, пайдалы істерге баулыйтын ешкім болмай тұрғаны бәрімізді қынжылтады.
Бұл құмарлықтың кесірінен сабақта, басқа да пайдалы істер жайында қалады. Құмар ойындрының құлына айналған балалардың көзіне келетін зиянмен қоса, қызылды – жасылды боялған, қолына қару ұстап бір – бірін аяусыз атып өлтіру баланың психологиясына да теріс әсерін тигізбей қоймасы анық. Бала шынайы өмірін, экран өміріне айырбастап, достарымен араласу тұрмақ, тіпті өз ата – анасымен де сөйлесуді тоқтатады. Тағы да көп уақыт компьютер алдында отыратын баланың қимыл – қозғалысы азайып, физикалық тұрғыдан да әлсіз, нәзік балаға айналады. Компьютер ойындарының зиянымен қоса пайдасы да жетерлік.
Ойындардың қай – қайсысы болмасын балаға өзіндік әсерін тигізеді. Ойлау қабілетін жақсартатын, бір нәрсеге үйрететін, тығырықтан тез шығудың амалдарын көрсететін - шахмат,дойбы, асық, тіпті тоғыз құмала ойынының да компьтерлік нұсқасы бар. Бұл ойындар баланың есте сақтау қабілетін, есеп шығару барысында тез амал тауып кету сынды, басқа да тапсырмаларды орындағанда өз ықпалын тигізетіндігі айдан анық. Сондықтан компьтер ойындарын тек өзін дамыту үшін, қабілеттерін шыңдау үшін ойнаса нұр үстіне нұр болары анық.
Басында айтып өткендей уақыт біз үшін берілген бақыт. Сондықтан осы қамшының сабындай алтын уақытты құр босқа экран әлеміне айырбастамай, шынайы өмірге бейім болып, айналадағы көріне бермейтін ғажап заттарға көп көңіл аударсақ өмір шапағатына бөленетініңіз анық. Экранға телміріп сау басымызға сақина тілеп ауру жамап алғанша, табиғатта серуендеп, достарыңмен футбол ойнап уақыт өткізгенге не жетсін. Барлығы өз қолымызда. Таңдау өз еркіндігімізде.

Мәлік Мади Аманұлы

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Ас үйге қатысты пайдалы кеңестер



00


Комментарии для сайта Cackle