Махаббат хикаясы: Қала жігітіне алданған ауыл қызы

Махаббат хикаясы: Қала жігітіне алданған ауыл қызы


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Әжім кетіретін Сегіз түрлі нәр

Мектепті ауылдан бітіріп, үлкен қалаға оқуға түстім. Қалада туысқандарымыз болмағандықтан, пәтер жалдауға тура келді. Пәтерақыны ауылдағы ата-анам ай сайын салып тұрды, ал мен шәкіртақыма күн көріп жаттым. Осындай күндердің бірінде сабақтан келе жатсам, жаныма бір ақ джип тоқтайды. Джиптан сымбатты бір аққұба жігіт басын шығарып: "Қарындас, қайда барасыз? Жеткізіп тастайын" деді таза қазақша. Мұндай көріністі кинодан ғана көрген мен бейбақ не істерімді білмей тұрып қалдым. Өзім қарапайым отбасыдан шыққанмын, бір жағынан өмірімде осындай қымбат көлікке мініп көрейін деп ойладым. Біздің таныстығымыз осылай басталды.

Оның есімі Нұрғожа екен. Алматыда 2 қабатты үлкен коттеджде ата-анасы, қарындасы төртеуі тұратынын айтты. Шынымды айтсам, ертегі әлеміне тап болғандай болдым. Ешқашан мұншалықты бай жігітке жолығам деп ойламаппын. Нұрғожамен кездесуіміз жиілей берді. Ақшаны уыстап ұстайтын десем, артық айтқаным емес. Қазір ойлап қарасам, әр кездесуімізде айтатын сөзі - байлық туралы болыпты. Ауылдан келген қарапайым студент қыздың бәрін саралауға енді ғана ақылы жетіп отырған жайы бар. Аузым ашылып, әңгімесін тыңдай беретінмін. Келе-келе ол мені қатты қадірлейтінін айта бастады. Өйткені оның сөзімен айтсақ, "мен сияқты қыз бүкіл әлемде жоқ". Басты себеп - өздеріңіз де түсініп отырғандай, менің жігіт атаулысымен жақындаспағаным. Ал мен оның тәтті сөздеріне сене бастадым. Оны көрген құрбыларым: "сені пайдаланып кеткісі келіп жүр" дегенде, ешкімге құлақ аспайтынмын. Сол кезде құрбыларым шырылдап, "мені құтқарғысы келген екен-ау" деп қазір ғана ойланамын. Амал қанша, оның әрбір сөзіне құлай сеніп, еш күмән келтірмедім. Оның үстіне ол суреттен ғана көрсететін 2 қабатты зәулім үйде келін боп жүргенім елестегенде, қуанышым қойныма сыймайтын.

Бір күні жазда, екеуміз қыдырып жүрдік. Ол маған: "сен тазамын дейсің, бірақ мен оған сенбеймін", - деді. Мен шошып кетіп: "қайдағы жоқты айтпашы" дегенімде, ол: "мүлдем сенбеймін айтқан сөзіңе, басқа да жігіттермен жүргенде, олар қарап отырды дейсің бе?" деді. Оның алдында мектеп қабырғасында екі жігітім болғанын айтқанмын. Ол кезде жігітпен жақындаспақ түгілі, қолұстасып жүргенге мәз боласың ғой. Мен жыларман болдым. Тіпті, көзімнен жас шығып кетті. Бұл кезде мен оны қатты сүйіп қалған едім. Қалайша ол менің адалдығыма сенбейді? Оған не айтсам да, ол: "мүмкін емес" деумен болды. "Бір ғана жағдайда сенем саған, маған пәк екеніңді дәлелде" деді сосын. Міне, ол мені осылайша қармаққа түсірді. Қазір ойлап отырсам, ол маған бұл сөздің бәрін қасақана айтқан екен. Ал мен аңқау аузым ашылып, оның торына оңай түсіп қалыппын.

Осылайша қыз күніммен қоштастым. Болары болып, бояуы сіңген соң, оның қонақүй бөлмесіндегі айнаға қарап тұрып: "мен қандай мықтымын!" дегені есімде... Сол күнді иттің етінен жек көрем! Бұдан кейін оның хабарласуы сирей берді. Бір апта жоқ болып кететінді шығарды. Осы оқиғадан кейін үш айдай уақыт өткенде поштама хат келіп тұр. Хатта оның мені сүймей қалғаны туралы жазылған. Сол күнгі күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осыған дейін құрбыларым "ол сені алдап кетті" десе де, көңілім сенбеген. Ал хатты алған соң, кәміл сендім... Өз-өзіме қол жұмсағым келді, қайта жанымда құрбыларым болып, аман қалдым.

Қазір өз-өзімді қайта қолға алып, Астанада жақсы бір қызметте жұмыс істеп жүрген жайым бар. Басымда баспанам да бар, нағыз іскер әйел болып қалыптасып келемін. Одан кейін жігіттерден көңілім қалған, жігітім жоқ болса да, өз теңімді табатыныма сенемін. Бұл оқиғамды артымнан ерген сіңлілеріме сабақ болсын деп жазып отырмын... Аяулы қыздар, "тең - теңімен" деген рас сөз, ол мені тіпті сүймеген де. Оған қазір көзім жетіп отыр. "Сен не білем дейсің?", "сен сөйлемеші", "соның да орысшасын білмейсің бе?" деген сияқты сөздерді жиі айтатын. "Сен аңқаусың" дейтін сосын. Ол мені өзіне тең көрмеді, төмен санап, маған үйлену туралы ойламағаны да анық... Әлгі оқиға болардан бұрын ұзын қызыл көйлек сыйлаған 8 наурызға. Мен қуанып, "қандай әдемі!" дегенімде, ол: "Версаченің көйлегі ғой, ондайды бұрын-соңды киіп көрмеген боларсың" деген. Мен оған отбасымның қиындығы туралы айттым. Одан ақша дәмету ойымда да жоқ, жай ғана ішімдегі сырыммен бөлісетін адамым деп білдім. Сөйтсем, жігітіңе ақтарылып ештеңе айта бермеу керек екен. Нағыз жанашыр адамыңа болмаса, кейбір жігіттер қиындығыңды өз бас пайдасына жаратуға тырысады. "Қыздар жұмбақ болуы керек", "сақтансаң, сақтаймын" деген сөздер бекер айтылмаған.

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Махаббат хикаясы: Сүйген жан!





Комментарии для сайта Cackle