Ұстаз - қоғамның тірегі

 Ұстаз - қоғамның тірегі

Оразбекқызы Гүлжанат
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе селосы.

Мұғалім деген ат — қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам - мұғалім.
С. Мұқанов

Ұстаздық ету – ең ұлы іс. Ал ұстаздар – шын бақыттылар. Ұстаз алдынан өтпеген жан кемде-кем. Мейлі әкім бол, мейлі ғалым бол, ұстазыңның алдында мәңгілік қарыздарсың! Өйткені оның тәлім-тәрбиесін, үйреткен оқу-білімін жылдар бойы сіңіріп, дүниенің бір кірпіші боп қаландың.

Ұстаз деген кім? Ол – мектептің жүрегі. Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен жеткізсек, ұстаз - білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім. Мен «ҰСТАЗ» ұғымын өз ісінің ұстасы, шебері деп түсінемін.

Әр мұсылманға ілім үйренуді парыз еткен асыл дінімізде де ұстазға деген құрмет сөз болады. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар»,- делінген. Халқымыздың: «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген даналығынан ұстаздар қауымының жоғары бағасын көремін.

Ақын Төлеген Айбергенов:

Ақ өркеш Алатаудай асқар ұстаз,

Махаббат Сырдария саған деген

- деп тебіренсе, Ғафу Қайырбеков:

Сол күйі, ұстаз күйі үлгі болып,
Мәңгілік көз алдымда қалды менің!

-деп, ұстазын сағынышпен еске алады. Ұлағатты ұстаздарына жыр арнаған ақындар тізбегі бұнымен бітпек емес. Қалай десек те, өмір сапарында жіберген қателіктерімізді ұстаз секілді ешкім кешірген емес. Ұстаз есімі сонысымен де ыстық...

Қоғамның тірегі – ұстаз. Қоғам тұлғаны жетілдіреді, ал тұлға қоғамды гүлдендіреді. Сондықтан қоғамның дамуы үшін білім беру мәселесі маңызды. Мұндай жауапты міндет - аты алтын әріппен қалатын аяулы ұстаздың еншісінде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінгідей жаһандану жағдайында мемлекет пен адам озық, бәсекеге сай болуы үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі қажет» - деген еді. Білім өркендеуі үшін педагог – инноватор маманға, оқушы – сапалы білім мен саналы тәрбиені бірдей сіңірген озатқа айналуы тиіс деп ойлаймын.

Мұғалімнің қоғамдағы рөлі – шәкіртіне білім беріп қана қоймай, алған білімдерін өмірде тиімді қолданып, жарата алуына жағдай жасау. Сондай-ақ, оларды бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу. Жас ұрпақтың ата салтын ардақтар, ұлттық құндылықты ұлықтар озық ойлы болып қалыптасуына ықпал ету.

Педагог өз шеберлігін ұдайы шыңдай отырып, қоғамға белсенді қызмет етуі қажет. Үнемі тербеліс, ізденісте жүретін инноватор педагог - сабақ барысында жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, жаңашылдыққа бет алса, оқушылардың да пәнге ынтасы, белсенділігі артып, ізденімпаздық, дербес ойлау қабілеті дамиды.

ҚР білім беру ісінің үздігі, ұстаз Аягүл Миразова бір сұхбатында : «Кез келген мұғалім әр сабаққа дайындықпен бару керек. Ол 44 жыл беріп жүрген сабағы болса да, үтір-нүктесіне дейін мән беріп, қалай айтамын, қалай түсіндіремін, қалай сұраймын, қалай білгіземін, қалай қорытындылаймын деп баруы керек. Ал сабақтан қайтып бара жатқанда есеп беріп, кейде көңіл күйің шалқып бара жатасың. Сабақтың бәрі жақсы өтсе, түсінсе, бір жылы сөз естісең, соған шалқисың. Ал бірдеме дұрыстау болмай жатса, ісіңнің нәтижесін көрмесең шаршайсың. Көрсең – шаршағаныңды ұмытасың»,- деген болатын. Академиктің бұл сөзі менің де ішкі ойларыммен егіз іспетті...

Сан жастың қамын шертесің,
тағдырын ойлап толғанып.
Әр үйдің бір-бір еркесін
үйреттің өзің қолға алып.

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
шәкіртсіз өмір – сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің
бейнетін кешіп жүрсіздер.

Жүректе тұрар жалқы үнің,
жанымнан жалын жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
әр сәтің тұрған бір ерлік!

- деген сөздерді поэзия падишасы Ф.Оңғарсынова паш етті. Кешегі Алаш арыстарының жалғасы ретінде осындай киелі мамандықтың тұтқасынан ұстағаным үшін кеудемді қуаныш кернейді. Әуелі Аллаға арқа сүйеп, сонан соң Абай атамыз айтпақшы, өзіме сеніп бастаған мұғалім атты мәртебелі мамандықта жүргеніме биыл бесінші жыл. Мен өзімді болашақта инноватор педагог, майталман маман, ұлағатты ұстаз ретінде көргім келеді. Бұлақ көрсе көзін ашатын, тер төгіп еңбек ететін ұстаз болуды жазсын Аллам!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі