Жәжеңді жоқтау (Қазақ ауыз әдебиеті)

 Жәжеңді жоқтау (Қазақ ауыз әдебиеті)

Кеңестің басы биссимилла,
Біз айталық жұрт тыңда.
Ханымыз дүние салған соң,
Халқымыз түсті қысымға.
Атамдай болып кім өткен,
Өзінің тұрғы тұсында.
Бисимилла деген бір қорған,
Кіреді оған дін сорған.
Расұл қайтып дүниеден,
Содан қалып жұрт болған.
Жаназаңа жиылды
Дін мұсылман оң-солдан.
Екі жерден үй тігіп,
Жұрт жиылған ақ ордаң.
Қылған ісің түзеліп,
Теріс ұшып, оң қонған.
Сегіз ай жатып абақты,
Құтылып ең шын тордан.
Бес баласын сатының
Жүргізіп ең бір жолдан.
Алашқа шығып атағың,
Сатыға болдың кең қорған.
Жұмықтың жығып ордасын,
Алып бір кетті-ау сұм жалған.
Патшадайын жаз әкем,
Зарығатын күз болды-ау.
Күміс кісе, алтын ер,
Тұлдаулы қалды көк жорғаң.
Дүниеден көшті ханымыз,
Шықпаған отыр жанымыз.
Атам тірі тұрғанда,
Жұрттан асқан сәніміз.
Алты бабаң, бес саты,
Не болар екен мәніміз?!
Айрылдық жұртым ақылдан,
Дүние шіркін ғапылдан.
Екі түрлі сұраушы ең,
Тентек пенен мақұлдан.
Ес қалмаушы еді Орыда,
Шабарманың шақырған.
Ашуы келсе, кекіріп,
Арыстандай ақырған.
Перісі түссе бойына,
Жауды көрсе, жапырған.
Солдаттар да батпады,
Самарқанды сапырған.
Осы совет келгелі,
Өзге ұлықтар кетілген.
Мүсірәті артқан соң,
Менің атам жегілген.
Болмайды деген ісіне,
Мөр басқандай бекіген.
Іргебай қари имам боп,
Анықталып бекіген.
Сатының шалы не болар,
Қасірет-қайғы, дертіңнен.
Ағузы деген сөзге бас,
Ойласам шығар көзден жас.
Қара кедей қан жұтып,
Дос-ағайын, қарындас...
Қарсы шапсаң қамалға,
Күл болушы ед қара тас.
Қасыңа ерген жолдасың,
Көлеңкеңе бәрі мас.
Қайран атам сағынсам,
Басқан ізің табылмас.
Үлкен қажы бабамыз,
Он үште жетім қалыпты.
Сонан кейін бақ қонып,
Анық қыдыр дарыпты.
«Елімді бер» деп қолыма,
Шотанға кісі салыпты.
Жұртын алып қолына,
Көрсетіпті нарықты.
Байжігіт, жұмық екеуін
Ұстады бірақ қалыпты.
Патшадан шен алып,
Амандаса барыпты.
«Қазақтан шыққан асыл» деп,
Мұңғұл-қазақ жабықты.
Өлтірдің деп кісімді,
Еженнен құнын алыпты.
Қолынан бөліп күмісті,
Үлестіріп еліне
Қуантыпты халықты.
Жалған емес бұл сөзім,
Алты алашқа анық-ты.
Ғаділ болып тұсында,
Сусыны жұрттың қаныпты.
Сол атаның мансабын
Ұстап едік өзіңдей,
Айтып кеткен бір сөзін
Көруші едің көзіндей.
Түзетіп ең қисықты,
Үйшілердің тезіндей.
Сарокинді сабадың,
Соттан қорқып сезінбей.
Арғымағын сойғыздың,
Арбасын тықтың білгізбей.
Әлпештеген атекем,
Кім болады өзіңдей?!
Жұрт тілеуін көп тілеп,
Қарамаушы ең мал-жанға.
Адам болса шыдар ма ек,
Құл көнер Құдай салғанға!
Қайран атам, қайтейін,
Бізге жоқсың жалғанда!
Тоймайды жұртың көркіңе,
Қоймайды қайғым еркіме.
Насоспен құйып сөндірдің,
Талайдың жанған өртіне.
Еміл асып, сиез қып,
Жетпедің осы сертіңе.
Қас ойлаған залымдар
Тағзым етті бетіңе.
Теңдесем деген залымның,
Қарауыл қойдың беркіне.
Енді кім сүйтіп талпиды,
Қажыдан ұғып заң түйді.
Семейден іздеп алғызды
Қазына алған «жалшиды».
Темір қанат Закиің,
Орныңда қалып қалтиды.
Қаби мен Заки қос балаң
Кімге еркелеп шалқиды?!
Жыласам, атам, сізді ойлап,
Он екі мүшем балқиды.
Құтымбет, Күшік бабаңның
Жамандығын жасырған.
Бәрін кісі қылам деп,
Жақсылығын асырған.
Олжа алғандай болушы ед,
Шай ішкен кісі қасыңнан.
Дұшпаныңа көрінген,
Жарқылдап тәжі басыңнан.
Бұл саты қайтып ел болар,
Айрылып мұндай асылдан.
Бақытына ерлігі
Күй сайын өрлеп қосылған.
Аузыңнан шыққан лебізің
Жол көрініп жосылған.
Бір арманды айтушы ең,
Мединеге барсам деп.
Жол ашылса дәм тартып,
Мекеде құрбан шалсам деп.
Бәйтолланы айналып,
Зәмзәм ішіп қансам деп.
Өлмейтін пенде болмайды,
Раузаңды алсам деп.
Зіл сақтамай дұшпанға,
Береке жол салсам деп.
Жер үшін отқа сан түстің,
Не қылсам да, алсам деп.
Жұрт биледің отыз жыл,
Сөйледің сайрап қызыл тіл.
Сарабын тура келтіріп,
Қақ жарушы ең қара қыл.
Қараңды көрмей жөнелген,
Сайраған бұлбұл, сан дүлдүл.
Бұл шілік қайтып ел болар,
Бақшасы сөнген қызыл гүл.
Дос түгіл күйді дұшпаның,
Әмірі құс боп ұшқаным.
Ағайын түгіл алашты,
Дін жолына нұсқадың.
Амалым қанша қайтейін?!
Қайғының шоғын ұстадым.
Бес сатының баласы,
Қайырбай, Мұқыш жолдасың.
Жұрт ішіне тарқаттың,
Жүректегі аласын.
Адасқанға жол сілтеп,
Ақылдың айтып сабасын.
Көрсетпеуші ед бөтенге
Ішіндегі жарасын.
Атама айтқан бәйітім
Түгел жұртқа тарасын.
Бұзықты қуып арылтқан
Тарбағатай саласын.
Адамның алдың басынан,
Көлеңке қылған панасын.
Тыңдасаң естіп мұң-зарды,
Осы сөзге қанасың.
Ақыш қажы тиянақ
Бес сатының тынысы.
Алты жұмық атанып,
Топқа кірсе жынысы.
Сабаздар түгел тұрғанда,
Жұмықтың қолда ырысы.
Жиыны түгел дұрысы.
Дауыс айтпақ қазақтың,
Бұрынғы ескі жорасы.
Шариғат мұны сөге ме,
Қалайша деп мұнысы?
Бәйітті қазақ сөкпейді,
Күннің батыс-шығысы.
Жұмықтағы жолдасың,
Қоңыр қажы, Қызайбай,
Құдай қосқан құдаңыз
Сізді көрсе, көңілі жай.
Жасы құрдас дос қажы,
Күнде жылар Сиырбай.
Ақыш қажы бауырың
Жалғыз қалды япыр-ай!
Жұңғодағы бір інің—
Зәңгі болмай Ыбырай.
Әбілдәбек төгістің,
Жас күнінен мінген тақ.
Шайекеңнің баласы
Алмас қылыш алтын сап.
Қарсы келген дұшпанға
Атқан оқтай сөзің нақ.
Құрманқажы ағаңыз
Дін жолында көңілі хақ.
Көшті осы дүниеден,
Ажал жетіп мөлшер шақ.
Қарадай хат таныған,
Күн сайын өсіп мал мен бақ.
Қыдырмолла баласы—
Оған да берген тіл мен жақ.
Құрманқажы айтыпты,
Әкесінен асты деп.
Қазақтан мұндай ұл тумас,
Жасап ем мұндай жасты деп.
Жақсы аруақтың орнына
Келтіріп Алла қосты деп.
Маңайыңа бармады,
Қасындағы посы деп.
Сыдық, Ғалым, Қанапия—
Сол қажының баласы.
Қыдырмолла тақуа—
Аталып жұрттың данасы.
Ақтанберді, Есбайлар—
Сайболаттың сарасы.
Оспан зәңгі, Қабилар—
Елдің биік жағасы.
Шадай, Тақат дос қажы,
Бәрінің бірге ағасы.
Мәсәлым мен Тоғжандай,
Жұмықтың жоқ баласы.
Тоғжан ағаң дос өткен,
Жүректе болмай аласы.
Халқына зиян қылмаған,
Еңсе қажы ағасы.
Бұл мырзаның күнінде,
Төгілді Жұмық сабасы.
Қан төгісіп ел-жұрты,
Еміл, Шілік даласы.
Бекінген ұры бір толды,
Тарбағатай саласы.
Қожан да Мықан теңлесің—
Мәсәлім бидің баласы.
Төбесі қыстау халыққа,
Жайлауы болған жағасы.
Бабасынан бақ қонған,
Кең шабылған шарасы.
Советтің келген жылында,
Көшіп бардың Жұмыққа.
Атам менен Мұқидың
Амандығын білісті.
Ақыш, Қоңыр, Зейнолла
Жұмыққа қорған, елге бас.
Қыдырмолла, Қызайбай,
Ыдырыш қажы замандас.
Алашқа жақын манаптар
Жақынға, жатқа қылмас қас.
Ыдырыш қажы, Нұреке
Жұртқа қорған, елге бас.
Әлімғазы, Қанағат—
Заманы бір тұрғылас.
Бұрын кеткен Нұғыман,
Шәйіт болып қайран жас,
Құдай салды қайғыны,
Күндіз-түні көзде жас.
Жапабай, Қыпай, Ақмәди—
Алдыңғы қатар таптағы.
Үшеуі де жолдасың
Керей, найман саптағы.
Қожамбет, Ысқақ құдаңыз
Бәйге атындай баптағы.
Балдызыңыз Өмірбек
Алтай-Ертіс жақтағы.
Бәрінің басшы аты екен
Патшадай тақтағы.
Есмамбет, Мәмбет, Сарноқас—
Зеңбіректің шақпағы.
Қайнолла мен Уәсіл—
Ақжол қажы інісі.
Ойлағаны бәрінің
Атамның артқы жұмысы.
Сейілқан мен Тоқабай—
Көншідегі қатарың.
Білгеніміз жоқ еді,
Мезгілсіз күннің батарын.
Сартұмсыққа барып ең,
Қайырсыз болды сапарың.
Шолпанымның батарын,
Ишаратпен айтыпты,
Бақиға жүрер сапарын.
Тірі пенде біле ме
Ажалдан шарбат татарын?!
Мамырбек пен Тұрысбек
Көгедай ханның туындай.
Келмеген жері бар ма еді,
Ұлықтың сегіз қырындай?
Әлен, Мәми теңдесің,
Бөтендік жоқ сыртында.
Алдыңа түскен кісі жоқ
Байжігіт пен мұрында.
Тірі жүрген жақсы жоқ
Бұрынғы жаннан ырымға,
Атағы жеткен бұрынғы
Жұңғо менен Қырымға.
Советтің салтын тез ұғып,
Түсірдің жұртты порымға.
Ініңіз таңғыт Үкірдай,
Белгілі сыры қолыңда.
Ол да ақиық Алтайдың,
Аюды тұтқан қорымда.
Жомарт қажы атанып,
Әкесі түскен толымға.
Қонжа, еңсеге жан жетпес,
Жүрегінің ағына.
Екеуі қатар шығыпты,
Жақсылықтың бағына.
Балаларын мінгізіп
Өз-өзінің тағына.
Тәрбиелеп өсірген,
Халықтың қарап бабына.
Алдына келген кетпеген,
Әділдік айтып ағына.
Жұртына түгел қараған,
Ащы менен тоғына.
Екі бетте жұмығың,
Түбі бірге жуығың.
Ақсақал Тоғжан Құдайшыл—
Сөйлейтін сөздің тұнығын.
Қайтейін Жұмық айрылдық,
Гауһардан біткен сынығым!
Бұл секілді әкені
Не деген бала сағынбас?!
Құдай басқа салған соң,
Қайғылы тіл жаңылмас.
Байжігіт, жұмық сатыға,
Атамдай қорған табылмас.
Бір күнгідей болған жоқ
Өлшеп берген ғұмыр жас.
Жасы арманда демеймін,
Жаралған артық гауһар тас.
Жұртын жауға бермеген,
Ақ көңіл, әділ, данышпан.
Қазақ бөтен көрмеген,
Қырық жыл таққа отырып,
Көңілі титтей желмеген.
Мал мен бас, мансап қатар боп,
Бар ма еді жері келмеген?!
Иман бер, жалғыз тәңірім!
Екі болмас әмірің.
Құрбыңызды көргенде,
Өксиді-ау жылап өмірім.
Су сепкендей басылды
Жанған оттай көңілім.
Атыңды білген әр дуан,
Қайғымен жылап сөз қуам.
Есіме түссе хан атам,
Көз жасыммен бет жуам.
Қырық жыл мөрін күтем деп,
Сәлем айтты хан Уаң.
Тарқаттық қайтып құмарды,
Жоқтайық асыл шынарды.
Әбіжем, Шоқам бұрынғы,
Ұмытып едің бұларды.
Тірі күнде кім білген,
Бәйтерек құлап сынар-ды.
Асықпай ойлап іс қылған,
Жұрттың көңілі тынар-ды.
Бұрынғы өткен жас Шоқам,
Аш арыстан жүректі,
Халифадан хан туған,
Шын жолбарыс білекті.
Қасы, көзі қиылған,
От перідей ретті.
Он бесте болып кандидат,
Тұлпар кердей үдепті.
Тұяқсыз өтіп жас кетіп,
Сындырыпты сүйекті.
Жетім-жесір ғаріптің
Жығылғанын сүйепті.
Сиезбасы Әбіжем,
Патшадан туып хан болған.
Болыс болды дегенде,
Естіген ел таң қалған.
Екі болыс атанып,
Әкесіне пар болған.
Соңында қалған атекем,
Жүк көтергіш нар болған.
Мүсәпірге қайырлы,
Залымға алды тар болған.
Жылап келген ғаріптің
Жалпағына жар болған.
Алаштан асқан сабазым,
Аумайтын ғаділ таразым.
«Жаңылдық, жаздық, тақсыр» деп,
Алдыңа келген аразың.
Белет болды Уаңға
Мөр басып берген қағазың.
Мирас болды халқыңа
Оқыған жұма намазың.
Теңеп едің тұсыңда
Бай мен кедей көп-азын.
Кем көрмеуші ед Қабиден
Кенженің айтқан шын назын.
Берекемен алып ең
Өткен жылдың бұл жазын.
Неше түстің қысымға,
Шіліктің қимай қу сазын.
Асып ең тұрғы-тұстан,
Арманыңды алдың ұсынған.
«Не дейсің бәлем» дегенде,
Күйзелді түгел мұсылман.
Жиырмада тақ мініп,
Ұлықтыққа ысылған.
Айтушы еді халайық,
Әкесіндей болды деп.
Сырт ел айтар балаңды,
«Не болар екен сорлы» деп.
Әкесі тірі тұрғанда,
Бақ, дәулеті толды деп.
Бақ беріп Құдай қалаған,
Жанды өзіне санаған.
Қайраты мен ерлігін
Жұмығың мыңға балаған.
Заман бұзық болса да,
Аузыңа жұртың қараған.
Біріне бірі кем болмай,
Төрт тұлпар тудың анадан.
Алып шықтың сатыны
Кісі өлтірген жаладан.
Сан қыранды құтқардың
Зеңбірек тиген жарадан.
Құрама жиып ел қылдың,
Келдің демей даладан.
Мезгілсіз күнде ұшырдың
Бұл жұмықтың тотысын.
Күшін салып кірісе,
Ағайынның соты үшін.
Күтуші едің бір түрлі
Мұсылманның сопысын.
Тумақ—сүннет, өлім—хақ,
Күнаға жазба, Құдайым!
Сабыр қылып қояйын,
Моллалар құран оқысын.
Үйден шығып аттандың,
«Сартұмсыққа барам» деп.
Бата беріп жастарға,
Түзу жолға салам деп.
Өтірік-өсек айтқанды
Шаужайына қағам деп.
Жетім-жесір мұңайса,
Ауыз естіп қанам деп.
Дәретсіз жер баспадың,
Түзу дінді табам деп.
Жұма оқыттың халқыңа,
Жазға мешіт салам деп.
Жер үшін түстің сан сотқа,
Не қылсаң да алам деп.
Жас күнінен тақ мініп,
Алысқа қолды сермеді.
Арғын, найман бас қосса,
Топтан қалар ер ме еді?!
Сартұмсықта ауырып,
Қайтып үйге келмеді.
Екі үйдегі бәйбішең
Қолынан сусын бермеді.
Жастық қойып төсек сап,
«Хош болыңыз» демеді.
Жансыз тәнді құр көріп,
Жалғыз бауырың шөлдеді.
Қарыс жерде қаза боп,
Осы арман бізге жөн бе еді?!
Ақыш, Қоңыр, Сиырбай
Тоқтай алмай еңіреді.
Құс Мәулие, Зияда
Солардан бұлар кем бе еді?!
Сексендегі анасын
Өз қолынан көмбеді.
Жасы толған кезінде
Қайғының отын теңдеді.
Бабаңды шалы сағынып,
Құрт аурудай меңдеді.
Қайтарып алдың қонысты,
Сабап жүріп орысты.
Ақыл айтып қоюшы ед,
Жаңа болған болысты.
Үйретуші ең үлгі қып,
Бұрынғы өткен жол—істі.
Өтіп кетті дегенде,
Талды ма деп жорысты.
Өтті деуге қимады,
Бас-аяғын жинады.
Көңіл айтқан ағайын
Қу Шілікке сыймады.
Бұдан былай не болар
Артқылардың жинағы?!
Зираттан жұрты аттанбай,
Қиын болды қимағы.
Ақыш қажы кеп отыр,
Уайым-қайғы жеп отыр.
Шіліктегі бағланым,
Қайда кетті деп отыр.
Отырмыз, жұртым, аңырап,
Қолдасын артық кәрі бақ.
Жарлық шашқан сұлтаным,
Енді болдың аруақ.
Жетім қалып шулап тұр
Тарбағатай, Маңырақ.
Шулап келді бар Жұмық,
Қозы мен қойдай жамырап.
Жеңіл қылып сұрағын,
Жәрдем берсін жалғыз хақ.
Өз қолыңнан мінгізген
Атаңнан қалған алтын тақ.
Сапар шектің атекем,
Елу тоғыз жасыңда.
Баулып жүрген Досаның,
Ауырғанда қасыңда.
Айдының артық арыстан,
Тергеуші ең орыс масын да.
Екі молла хатым қып,
Жеті күн жатты басыңда.
Адамнан жәрдем алмаған,
Айтқаны жерде қалмаған.
Қанша дұшпан жабылса,
Ақылдан сасып танбаған.
Қарсы келсе егесіп,
Кісіге сөзін салмаған.
Абақтыға жатса да,
Ақылын тауып ойлаған.
«Сені ме» деген дұшпанын
Алдына салып айдаған.
Жақының түгіл жат жылар,
Қылығыңды ойлаған.
Қайтып бір қиып жөнелдің,
Қызығын көрген жұртыңды.
Жолдастарың сағынар,
Жайдары, жақсы күлкіңді.
Опасы жоқ жалғанның,
Қайсысын айтам арманның?!
Арманы бар ма жұртым-ау,
Араздасып қалғанның?!
Ұйқысын бұзып күзетіп,
Аузынан рұқсат алғанның.
Биссимилла деген бір сарай,
Хан кірер оған бір талай.
Расұл көшкен дүниеден,
Бар ғаламның сұлтаны-ай.
Бізден де мұңлы бар ма екен,
Қолынан ұшқан сұңқары-ай?!
Бір уақ тәубе қылмас па ек,
Ауырып жатса бір талай.
Әділетті, әмірлі,
Қасиетті, қадірлі,
Құрулы мылтық тұрса да,
Саспайтұғын сабырлы.
Дос болам деген кісіге
Тигізбеген зәбірді.
Уағда айтса кісіге,
Аузына салған тәңірді.
Қара қылды қақ жарған,
Қисайтпаған дақ жарған.
Залымға өктем, қайырымды,
Өткір қылыш, қанжардан.
Жылады деп сөкпе, жұрт,
Айрылдық гауһар шамдалдан.
Ақылдан әбден тарықтық,
Алты айға толмай зарықтық.
«Өлсем-ау, саты, көрсем-ау!»
Деуші еді қайран жарықтық.
Оңай екен адамға,
Алла жазса ғарыптық.
Дүниенің аттай желгені-ай,
Алланың тілек бергені-ай.
Біз де кәрі болдық деп,
Бастан-аяқ тергені-ай.
Қайым етіп қоюшы ед,
Айтқанының келгені-ай.
Алаштан асты тәлейің,
Баспаған шайтан маңайын.
«Бата оқыр» көрді қызығын,
Екі жерде сарайың.
Көңіл айтқан ағайын!
Мұңымды айтып шағайын.
Халифа, сұлтан атекем,
Іздесем, қайдан табайын?!
Бір ордаңда Қабылқақ,
Он беске келмей жас қалды.
Үлгі-тәлім үйренбей,
Ақылға толмай бос қалды.
Әмірі күшті құдірет,
Жылай да жылай көз талды.
Жанға жеткен хатыңыз,
Қараға жеткен дәтіңіз.
Мағлұм болған ғаламға
Абылайдай атыңыз.
Бұйырған дәмін жамағат,
Алмай ақыр қоймайды,
Жан тәңірге аманат.
Басқа салса, шара жоқ,
Көрсетсе Құдай ғаламат.
Орын беріп жаннаттан,
Иманы болсын саламат!
Менің ұйқым келмейді,
Тілім қатып болдырмай.
Молла оқысын құранды,
Бір ауыз қате қалдырмай.
Би әкем еді асыл тас,
Жыласам, шығар көзден жас.
Жалғанда берген тәңірім
Ақіретте қор қылмас!
Көп жылаудан пайда жоқ,
Иманы болсын жан жолдас!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!