Қайын атасын жоқтау (Қазақ ауыз әдебиеті)

 Қайын атасын жоқтау (Қазақ ауыз әдебиеті)

Биссимилла деп бастайын,
Асығыс айтып саспайын.
Иманды болғыр, атекем!
Аузымнан қайтып тастайын.
Бір пайғамбар Ыдырыс,
Мүдірмей сөйле отыз тіс.
Әкешім өтіп дүниеден
Басыма түсті қиын іс.
Бір пайғамбар Жақия,
Ноқалап тіккен тақия.
Әкешім өтті дүниеден,
Айрылып қалдым қапияда.
Алмалы бұлақ ағылар,
Алмасы бетке жағылар.
Айналайын, әкешім!
Іздесем қайдан табылар.
Тауға мұнар түсіп тұр,
Тау жемісі пісіп тұр.
Әкешім өтіп дүниеден,
Басыма қайғы түсіп тұр.
Тау басында қар жатыр,
Бауырын төсеп нар жатыр.
Жан әкемнен айрылып,
Жүректі қайғы жеп жатыр.
Жоң үстінде асылдай,
Шашағы жерге басылды-ай.
Тасып бір тұрған көңілім,
Су сепкендей басылды-ай.
Қарадан шапан жамылдым,
Шаң болар деп қағындым.
Әлпештеп баққан жан әкем!
Бір көре алмай сағындым.
Бір пайғамбар Сүлеймен,
Судағы балық сілейген.
Жаратқан, Алла, әкеме
Иманды бер деп тілеймін!
Есіктің алды бетеге,
Бетеге биік өсе ме?!
Әлпештеп баққан жан әкем,
Есімнен мәңгі кете ме?!
Тауда жүрген кекілік,
Тасқа бір шығар секіріп.
Кеше бар әкем бүгін жоқ,
Отырмын ғой өкініп.
Есіктің алды күрке еді-ай!
Күркеден атым үркеді-ай!
Кеше жүрген жан әкем
Топырақ бетін бүркеді-ай!
Кішкене тау маңырақ,
Күн бір шығар жадырап.
Айналайын, аташым!
Орның қалды аңырап.
Бір пайғамбар Калима,
«Жылама» дейді шариғат.
Жыламай қайтіп шыдайын,
Ішімде қайғы қат-қабат.
Базардан келген алты оқ,
Атайын десем бірі жоқ.
Жыламай қайтіп шыдайын,
Атам мен апам қатар жоқ.
Биссимилла деген сөз басы,
Ойласа келер көз жасы.
Иманды болғыр, аташым,
Иманы болсын жолдасы!
Ақ үйге салған үзігім,
Қолыма салған жүзігім.
Артыңда қалған балаңның,
Көрмей де кеттің қызығын.
Ботаң болып боздайын,
Жүрегімнен қайғы қозғайын.
Қой десең, жұртым, қояйын,
Құранды тастап үзбейін.
Базардан келген ақ моншақ,
Аталы бала мақтаншақ.
Атасы жоқ біз сорлы
Әр нәрседен жасқаншақ.
Қой десең, жұртым, қояйын,
Қойдан да қоңыр болайын.
Жан атам келер күн болса,
Ақсарбас айтып сояйын.
Екінші намаз пешінде,
Белдеуден тұлпар шешілді.
Кеше жүрген жан атам
Пейішке қарай жосылды,
Өрісте жүрген бозінген,
Өркеші биік көрінген.
Құдіретті күшті Жаратқан!
Атадан бала бөлінген,
Бақиға көшкен, жан атам,
Иманың болсын жолдасың!
* * *
Базардан келген құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Жүрегімді дерт шалды,
Қиын да екен туысқан.
Ойпырма-ай, Алла, жасаған!
Жазуыңнан аса алмай.
Туысым сені ойласам,
Аяғымды баса алман.
Жүк артайын інгенге,
Сөз сөйлейін білгенге.
Мұңымды айтып шағайын,
Ағайын-туыс келгенге.
Жез шәйнектің тұтқасы-ай,
Осал да соққан ұстасы-ай.
Арманда кеткен туысым,
Өміріңнің қысқасы-ай.
Тауға бір шықтым қиялап,
Жазу бір жаздым сиялап.
Айналайын, туысым!
Сен едің ғой тиянақ.
Ойлай да, ойлай, ой болдым,
Ат көтермес шой болдым.
Ақ көтерер өзімді,
Кім көтерер сөзімді.
Басыңа жастық қоймадым,
Аузыңа сусын қоймадым.
Жан үзетін кезіңде
Көзімменен көрмедім.
Су жағалай өрледім,
Суат таппай шөлдедім.
Сағынып туысым келгенде,
Ақ жүзіңді көрмедім.
Есіктің алды салынды,
Етегім суға малынды.
Жүректе қайғы, ішім шоқ,
Шығарайын жалынды.
Алдым бір биік, артым жар,
Айланарға жерім тар.
Кешеде жүрген туысым,
Бір көруге болдым зар.
Аташым еді кәріміз,
Бауырында өстік бәріміз.
Бақиға атам кеткен соң,
Кетті ғой енді сәніміз.
Базардан келген тақтайын,
Әлпештеп баққан аташым.
Еңбегіңді қайтіп ақтайын.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі