Шығарма: Ұлы Отан Соғысының батыры Мәлік Ғабдуллин

Шығарма: Ұлы Отан Соғысының батыры Мәлік Ғабдуллин



Бижұма Сандуғаш
11 сынып Жалағаш ауданы , Бұқарбай батыр ауылы
Жетекшісі: Әбдіқадыров Е.

Ұлы Отан Соғысы ... Кімге де болса қиыншылық көрсеткен сұрапыл жылдар. Ел басына күн туғанда, етегімен су кешкен есіл ерлерде шек жоқ. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова т.б қазақ батырлары өлшеусіз үлес қосты. Осындай ерлік көрсеткен ұлы тұлғаның бірі- Мәлік Ғабдуллин. Ол 1915 жылы 15 қарашада Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келген. 14 жасынан бастап атақты Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алады. Қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы (1959), профессор (1959), КСРО Педагогика ҒА-ның академигі (1959), Кеңес Одағының Батыры (1943). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1941-1945 жылдары Кеңес әскерінің генерал Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан Соғысына қатысты. Оның бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б. Полевойдың "Правдада" жарияланған "Эпостың тууы" атты очеркінде баяндалды. Көптеген қазақ ақындары Ғабдуллинге арнап, өлең-жырлар шығарды. 1941 жылы ел басына күн туып Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Соғыс кезінде қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға қамқоршы аға болады.
Тіпті, Мәншүктің қазасынан кейін оған Батыр атағын бергізу үшін М.Ғабдуллин үлкен еңбек сіңіреді. Бұл жайлы ҰОС ардагері Байуақ ардагер мәлімдейді. Мәншүктің қазасын ести салысымен, ол дереу Невель қаласына келеді. Мәлік келе-сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады. «Мейлі, 4 мың-ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық немене керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті, Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем» деп, қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Батыр атағы беріледі. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Батыр солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Алған жарақатына қарамастан, жауға қарсы оқ боратады. Осы қанды шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, 1943 жылы 30 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой темір өзек жауынгерлерін көзі¬мен көріп, таңғажайып ерліктеріне елжі¬ре¬ген дивизия командирі, генерал-майор И.В.Панфиловтың толға¬нысын былайша суреттейді. “…Өзінің көргісі келді. Сұңғақ бойлы, талдырмаш жасты Панфилов ұзақ айналдырып қара¬ды. Шынын айтқанда, Мәліктің денесіне соғыстың әскери киімі әлі қона да қойма¬ған кезі еді. “– Мә, саған ғылым адамы! Жарайсың! Жаман солдат болмас¬сың”, – деді ол Мәлікке жарықшақты дауысымен. Сөйтті де, Мәлікті өзіне қарай тартып алып, кәдуілгі орыс халқының әдетінше, бетінен үш рет сүйді. Бұлардың қасында жақын тұрған адамдар, көп езу тартпай¬тын, салқын жүзді атақты генералдың сыр бермейтін жүзінде әкелік қуаныштың лап бергенін байқасып қалысты”, – дейді ол. Етігімен су кештіріп, қанды көбік жалат¬қан қатыгез күндер өз батырын осылай тудырды”. Қазақ халқының алдында Азамат ретінде өзін сан мәрте дәлелдейді. Оның тұлға ретіндегі ерлігін 2-ге бөліп қарауға да болады. Бірі- сұрапыл жылдары елді жаудан қорғаса, екіншісі, қазақтың бай мұрасы ауыз әдебиетін, тарихын 1950 жылдардағы қиыншылыққа қарамастан батыл зерттейді. М.Ғабдуллин осындай ерліктердің талайын бастан өткізген.
"Менің майдандас достарым" (1947), "Алтын жұлдыз" (1948), "Майдан очерктері" (1949), "Сұрапыл жылдар" (1971) атты кітаптарына енген әңгіме, очерктерінде М.Ғабдуллин майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын, кеңес өкіметінің адамдарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттеді. Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес" (1966) деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың тәсілдерін көрсетеді. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес береді. Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанда былай деген екен: «Батыр атағына ие болған мен емеспін, ол қазақ халқына берілген атақ. Неге десеңіз, менің аты-жөнімді біліп жатқан адам аз, ал қазақ деген халық барын білетіндер көп. Егер майданда біреу ерлік жасай қалса, онысы көпке тарай бастаса, жұрттың ең алдымен сұрап білгісі келетіні – сол жауынгердің ұлты кім екен? – деген болады».
Майданда жүрген қазақ жігіттері жаумен жақсылап соғысып, ерлік жасаса, ол тек өз қарабасының ғана емес, халқының атын шығарады ғой... «Мен еш уақытта да ерлік жасау туралы, Батыр атағын алу туралы ойлаған емеспін, менің барлық ой- арманым отан алдындағы өзімнің парызымды қалай адал атқару керек дегенге тірелетін» Міне, қазіргі заман жастарына патриоттық тәрбие осылай берілсе керек. Иә, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Себебі, Мәлік Ғабдуллин сынды батыр-ғалымның мол мұрасы, ұрпақтан– ұрпаққа жете берері анық.


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 10 секунд !!!


Комментарии для сайта Cackle