Әжемнің әңгімесі

 Әжемнің әңгімесі

Алпамыс Мөлдір
5 сынып, № 33 орта мектеп
Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылы
Жетекшісі: Қалмағанбетова Г.Ж.

Мен сіздерге өзімнің әжем жайлы әңгіме айтқым келеді. Өйткені, мен- әжемнің ең сүйікті немересімін. Менің әжемнің аты-Сабира. Менің әжем өте әңгімешіл кісі. Жас келгесін бе, әлде біздерді қуантқысы келеді ме екен өзі жайлы, балалық шағы жайлы айтқанды жақсы көреді. Менің әжемнің балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіпті.Соғыс басталғанда, әжем небары он жаста ғана екен. Әжем жасынан өте пысық, өмірге бейім, сөзшең кісі болған. Тоғыз жасында-ақ анасынан айырылған әжем әкесінің оң қолы болыпты .Өзі бойы кішкентай ғана шағын қелген кісі. Ісінің тыңғылықтылығына тәнті болған көрші кемпір«Өзі қолбасындай, қолбасындай болса да, қорғасындай » деп әжемді мақтап отырады екен. Әжем әкесі және Күнзия деген әпкесі мен Жүсіп деген інісі төртеуі Арал маңындағы темір жол бойындағы бір ауылда тұрыпты. Алдында әпкесі болса да отбасының жауапкершілігі өз мойнында болыпты.Әпкесі өзінен үлкен болса да ,алғырлығына риза болған әкесі әжеме көп арқа сүйепті. Ерте ер жетіп, тірлікке араласуына соғыс кезінің қиыншылығы әсер етсе керек. Үш жасар інісі әпкелеріне еркелеп өсіпті. Әкесі Жұмағали азаннан қара кешке дейін теміржолда жұмыс жасапты.Тылда қалған кәрі-құртаң,бала-шағаға бас- көз болсын деді ме , әлде тышқандай үш жетімнің де себебі болды ма,әйтеуір әкесін соғысқа алмапты. Қолы қалт еткенде үйінің отын-суы , малдың шөбін қамдап бір тынбайды екен. Күз аяқталар кезде әжемнің әкесі бір түйесіне мініп, екінші түйесін жетекке алып, өзіндей адамдармен бірігіп, Сыр бойына кететін болған.
Әкесі апталап, кейде ұзағырақ жүріп қалатын кездері болыпты.. Сол кезде тапшылық болса да , адамдардың пейілінің кеңдігі сондай кішкентай үш бала өз үйлерінде қала береді екен. Үйіне жақын жерде әкесінің қарындасы Қойлан деген кісі тұрыпты. Әжем сол кісінің жақсылығын қөп қөрдік дейді. Әкесі сол кісіге балаларын аманаттап сапарға кетеді екен. Есігінің алдында жаман жаппа қораларында екі-үш ешкі болыпты. Соны сауып,сүтін тамақ қылыпты. Түбітінен қолғап ,шұлық тоқиды екен. Екі-үш ешкінің түбіті аздық ететін болғасын ,киіз басқан, алаша тоқыған ауыл әйелдеріне қолғабыс жасап, азды-көпті жүн мен жіп алатын болған. Әжем «Тоғыз жасымда-ақ сырмақ, алаша тоқып, киіз басуды үйренгенмін»-дейді. Ауыл темір жолдың бойында болғасын, ауыл үстінен ерсілі- қарсылы жүк тиеген пойыздар, соғысқа бара жатқан солдаттар мінген вагондар ағылтегіл өтетін көрінеді. Кейде пойыздар жол тосып тұрыңқырап қалатын кездері де болыпты. Әжем мен әпкесі екеуі соғысқа кетіп бара жатқан солдаттарға өздері тоқыған қолғап, шұлықтарын апарып береді екен. Риза болған солдаттар бұларды қуантқысы келіп, қолдарында бар нәрселерін беріп те кетеді екен. Кейде бас киім мен жейделерін де беріп кеткен кездері болыпты. Қолдары сәл босай қалса, ауыл сыртынан «қотырқара» деген отынды шауып, байлап Аралдың базарына апарып ,тамаққа айырбастайды екен.
Елде қиын жағдай, ас-ауқаттың тапшы кезі болса да , ешқашан үйдің есігін ілмей, есік алдындағы ешкі қамаған жаппа қораның аузын байламай, ағашпен тіреп қоя салады екен.Елде ұрлық жасау, біреуді ұрып-соғу деген мүлде болмапты. Ел болғасын елде бірен –саран тентек болса, оны ел болып түзетуге тырысады екен. Бірде шеттей бала-шағасы бар,күйеуі соғыста өлген жесір әйелдің үйінен әжептәуір ақшасы жоғалыпты. Жылап-еңіреген әйелді ешкім жұбата алмапты. Ауылдың бүкіл адамдары жиналыпты. Жаудың алыстан келмегенін білген ауыл тұрғындары басқа амалы болмаған соң, ауылдың шетіне бақан ағашын көміп, басына ақ шүберек байлапты. Ақшаны ұрлаған адам өзі түнде ақшаны әкеліп, шүберекке байласын десіпті. Тек қана, үшінші күн дегенде ақшаны біреу әкеліп, байлап кетіпті. Әкесі барарда кептірілген балық алып барса, қайтарда соларға айырбастап бидай әкеледі екен.
Әкелген екі-үш қап бидайды келер жылға жеткізетін болыпты.Әкеміздің арқасында аш-жалаңаш болған жоқпыз дейді әжем. Сол бидайды диірменге тарту ,оны нан қылу әпкесі екеуінің міндеті екен. Әлі де бала емес пе,наны күйіп кететін кездері де болған. Сол күйген нанды әкесі жемнің арасына салып қояды екен.Сондағы ойы- әлде қандай заман болады деп ойласа керек. Үйдің қасында көп балалы отбасы тұрады екен. Сол үйдің балалары есіктің арасынан қолын созып ,нан сұраса ,әжемнің бауырлары нанды беруге әкелерінен қорқады .
Тек менің әжем ғана сол нанды көрші балаларға береді екен. Сосын бауырларына мен сауап іс қылдым деп мақтанатын көрінеді.Соны өзіне мақсат еткен әжем әлі күнге дейін жұртқа жақсылық жасап, қолында барын бөлісіп отырады. Әжемнің жоқшылық көрмей,үбірлі-шүбірлі болып, ұзақ өмір сүріп жатқаны да сол кісілердің алғысы шығар. Сосын болса керек, балашағасына «жұрттан қарғыс алма, алғыс ал» - деп айтып отырады.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
» Мұғалімдер ұрлап жатыр: Петропавлда осындай жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды.
» 🏡Үй алуды мақсат еткендерге тағы бір жағымды жаңалық😍