Неменеңе жетістің бала батыр...

 Неменеңе жетістің бала батыр...

Базылова Жанерке
Қарағанды «Болашақ» маңызды білім беру колледжі
Жетекші: Хасенова Галия Абдрахмановна

Ұшқыр ойды от - қайраққа жаныған,
Туған елді өз үйім деп таныған,
Жалындаған жастар керек еліме
Батыр баба қасиеті дарыған!
Сырбай Мәуленов
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес! Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радио-телехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері Ұлы Отан соғысының басталғанына 75 жыл, ал Жеңіске 71 жыл уақыт болса да , ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі Кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Дегенмен, сол сұрапыл соғыстың куәгерлері мен қатысушыларының күннен-күнге қатары азайып барады.
Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр - деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмыр басты пенде үшін теңдессіз құндылық – ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр.
Осыдан 75 жыл бұрын, фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасады.Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болған. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан еткен. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылған. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі Беларусь жерінде қалған. Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылған. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранған. Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосқан.
1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданған, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Қазақ - ел басына күн туғанда толарсақтан саз кешетін жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының қатпарлары парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғынға қаймықпай соғысқанына ашық көзіміз жетеді. «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам», - деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқының намысын қорғағаны – өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек.Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Ұлы Отан соғысында ел күйреп, талай адам ажал құшты. Сол соғыста өзiнiң қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген бабаларға мың алғыс. Осы ержүрек бабалар қатарында Бауыржан Момышұлының еңбегi ерекше.
«Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған батыр атамыз, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Бауыржан ата бiр естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын», - дейдi. Батырдың әр қазақтың жүрегiнде сақталуының себебi де, ұлтын сүйгендiгiнен шығар.Бауыржан Момышұлының тұлғасы маған қашанда мұзарт шыңның басында, мұнартып қалықтаған ақиық, мұзбалақ қыран болып елестейді.1941 жылы Мәскеу түбiндегi қанды шайқастарда теңдесi жоқ ерлiгiмен әлемдi дүр сiлкiндiрген қазақстандық 316-атқыштар дивизиясының батальон командирi ретiнде қапияда ой тауып, қараңғыда жол көрсеткен, ерен ерлiгiмен аты әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атанған. Жеңiстiң 70 жылдық мерейтойы қарсаңында қаһармандық пен өшпес ерлiгі үшін Мәскеу халқы құрметтеп, үлкен сый жасаған.
Мәскеу қаласынан ұлан - ғайыр, ұзын көше, зәулiм мектепке батыр атамыздың есiмi берілген. Бұл Бауыржан Момышұлының ерлiгiн мойындау және бүкiл қазақ халқына деген құрмет едi. Оның «Ежелден ер тiлегi – ел тiлегi, Адал ұл ер боп туса – ел тiрегi» деген өсиетiнің өмiрде орындалғанын көрiп қуанамыз. Ержүрек батырдың кiтаптарын оқып отырып, терең ойға қаласың. Отанға деген сүйiспеншiлiгiнен, халқына деген махаббатынан, ұлттық биiк рухынан қуат аласың.Бауыржан атаның қаламынан шыққан «Москва үшiн шайқас», «Қанмен жазылған кiтап», «Ұшқан ұя», т. б. шығармалары бұған дәлел. Оның шебер суреткерлiгiне, адам психологиясын танып - бiлудегi сезiмталдығына таң қаласың. Шығармаларында әр кейiпкер өзгеше бiр әлем... Әр сөйлемде тұнып тұрған сыр жатыр. Бұларды оқып қана қоймай, жаттап, үлгi өнеге алуымыз керек.Оның бiзге қалдырған мәңгiлiк өшпес, ғасырдан-ғасырға жетер мұралары үшiн ұрпақтары мәңгi қарыздар.
Бақытты болашақ, Тәуелсiз ел - аңсаған арманы едi. Бүгiн сол армандардың – ұлттық тiлдiң, дәстүрдiң, салт - сананың мызғымас тiрегi, күшi, алтын дiңгегi – халықтың бақ жұлдызы жарқырап жанған күн.Сiздiң тағылымыңызды зер сала оқып - үйрену бүгiн де, ертең де келешек ұрпақ үлесiнде. Ұлт болашағының негiзiн жасайтын жастар санасы өркениет деңгейiне сай болуы шарт. Осыны ойлаған кезде сiздiң: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едiм, ендi қорқынышым көбейiп жүр. Балаларын бесiкке бөлемеген, бесiгi жоқ елден қорқамын. Екiншi, немересiне ертегi айтып беретiн әжелердiң азаюынан қорқамын. Үшiншi, дәмдi, дәстүрдi сыйламайтын балалар өсiп келедi. Оның қолына қылыш берсең, кiмдi де болса шауып тастауға даяр. Қолына кiтап алмайды. Үйренiп жатқан бала жоқ, үйретiп жатқан әже, әке жоқ», – деген өсиетiңiз ойға оралады.Бұл – үлкен алаңдаушылық. Өзiн халықтан бөлiп қарай алмайтын тұлғаның алаңы. Бұл үн бүгiнгi күнмен де үндесiп жатыр. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – біз үшін де ұлы мереке! Ұлы Отан соғысы біздің әрбіріміз үшін ұмытылмастай ізін қалдырды. Осы соғыста қаншама адам қаза тауып, қаншамасы мүгедек атанды. Қаншама ана жесір, балалар жетім қалды. Оңай келмеген жеңісте ерен ерлігімен көзге түсіп, ерекше сый-құрметке ие болған сан мыңдаған жауынгерлердің ішінде қазақ аталарымыз бен апаларымыз да көп. Ерлігін жыр қылып айтатын әрбір қазақ батырымызды ешбіріміз ешқашан ұмытпаймыз. Қазір қазақ елді-мекендерінде көптеген көшелер, ғимараттар, оқу орындарына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақтардың есімдері де берілуде. Ол деген біз, яғни, болашақ ел тізгінін ұстайтын жастар, қазақстандықтар – өз ата-апаларының ерліктерін ұмытпасын, біліп жүрсін, мақтан етсін деген мақсат.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?