Жеңіс жыры- асқақтасын жаңғырып!

 Жеңіс жыры- асқақтасын жаңғырып!

Равшанбекова Парвина
9-сынып, №7 Бабыр атындағы жалпы орта мектебі
ОҚО,Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы
Мұғалімі: Қорғанова Гулнора

«Бiздiң жүрегiмiз темiр емес. Бiрақ бiздiң кек отымыз қандай темiрдi болса да ерiтiп, күйдiрiп жiбере алады. Бiздiң үрейдi жеңетiн ең күштi қаруымыз бар,ол – Отанға деген сүйiспеншiлiк» Бауыржан Момышұлы.
Соғыс - атауы құлаққа жағымсыз тіршілікті қан жылататын, асты қайғы – қасіретке толы қаралы сөз. Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 71 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған - туысқандарына, жақын - жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде - бір үлкен шайқас болмады.
Қазақ ел басына күн туғанда жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай - ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлеріміздің бірі – Бауыржан Момышұлы еді.
Ұзын бойлы, қара сұр Момыштың ұлы Бауыржан сол кезде отыздың үстіндегі жас жігіт еді. «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам», - деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінің айқын дәлелі болса керек.
Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. «Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды», - дейдi батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысында ел күйреп, талай адам ажал құшты. Сол соғыста өзiнiң қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген бабаларға мың алғыс. Осы ержүрек бабалар қатарында Бауыржанның еңбегi ерекше. «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған батыр атамыз, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Бауыржан ата бiр естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын», - дейдi. Батырдың әр қазақтың жүрегiнде сақталуының себебi де ұлтын сүйгендiгiнен шығар.
Бауыржан Момышұлының тұлғасы маған қашанда мұзарт шыңның басында, мұнартып қалықтаған ақиық, мұзбалақ қыран болып елестейді. 1941 жылы Мәскеу түбiндегi қанды шайқастарда теңдесi жоқ ерлiгiмен әлемдi дүр сiлкiндiрген қазақстандық 316 - атқыштар дивизиясының батальон командирi ретiнде қапияда ой тауып, қараңғыда жол тауып, ерен ерлiгiмен аты әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атанды. Жеңiстiң 65 жылдық мерейтойы қарсаңында қаһармандығы мен өшпес ерлiгі үшін Мәскеу халқы құрметтеп, үлкен сый жасады. Мәскеу қаласынан ұлан - ғайыр, ұзын көше, зәулiм мектепке батыр атамыздың есiмi берілдi. Бұл Бауыржан ерлiгiн мойындау және бүкiл қазақ халқына деген құрмет едi. Оның «Ежелден ер тiлегi – ел тiлегi, Адал ұл ер боп туса – ел тiрегi» деген өсиетiнің өмiрде орындалғанын көрiп қуандық.
Ержүрек батырдың кiтаптарын оқып отырып, терең ойға қалам. Отанға деген сүйiспеншiлiгiнен, халқына деген махаббатынан, ұлттық биiк рухынан қуат аламын. Бауыржан атаның қаламынан шыққан «Москва үшiн шайқас», «Қанмен жазылған кiтап», «Ұшқан ұя», т.б. шығармаларын оқып шықтым. Оның шебер суреткерлiгiне, адам психологиясын танып - бiлудегi сезiмталдығына таң қаладым. Шығармаларында әр кейiпкер өзгеше бiр әлем... Әр сөйлемде тұнып тұрған сыр жатыр. Бұларды оқып қана қоймай, жаттап, үлгi-өнеге алуымыз керек. Оның бiзге қалдырған мәңгiлiк өшпес, ғасырдан ғасырға жетер мұралары үшiн біздер мәңгiлік қарыздармыз. Бақытты болашақ, тәуелсiз ел - аңсаған арманы едi. «Қадiрiн бiлмеппiз ғой тiрi кезде, Деп жылап сорлы қазақ мен өлгенде.Ұрпақ атар 80 мен жүздiгiмдi, Тарихтың түкпiрiне сөз келгенде», – деп өзі айтқандай, 1990 жылы кеш те болса Бауыржан Момышұлына «Кеңестер Одағының Батыры» атағы берiлдi.
Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз!
Ғаламтордағы мәліметтер мен үлкен кісілердің айтуынша, соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық шекарашылар болды. Олардың біразы 1941 жылы Брест гарнизонында қызмет етіп, кейін тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Соғыс Қазақстан үшін кенеттен басталса да, бүкіл Кеңес Одағындағы өзге елдердегідей қазақтар да бірінші күннен соғысқа қатысты.
Осы соғысқа анамның атасы, менің атам да қатысқан екен. Ол кісі 1943 жылы шақырылыпты. Оларды Петропавл қаласынан таң ата батысқа қарай алып жөнеліпті. Эшелон тоқтаған әрбір станцияларда бұларға жергілікті халық қолдарында бар тамақтарын беріп, ақ ниеттерін көрсетіп отырған. Межелі жерге жеткен кезде атамдар бірден ұрысқа кіріскен. Менің атам қан майданда отыз жеті ай болыпты. Өйткені, атам елге соғыс біте сала оралмапты. Біз мұны атамның соғыс кезінде жазған күнделігінен оқыдық. Күнделік атамның қызында сақталған екен. Мен атаммен мақтанамын!
Жеңіс туы- желбіресін мәңгілік,
Жеңіс жыры- асқақтасын жаңғырып!
Жеңісім – салтанат, сән, сәулет,
Жеңісім – береке, бақ, дәулет!
Ұлы Отан соғысы аяқталып, Жеңістің туы желбірегеніне биыл - 71 жыл! Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – біз үшін де ұлы мереке! Ұлы Отан соғысы біздің әрбірім үшін ұмытылмастай ізін қалдырды. Осы соғыста қаншама адам қаза тауып, қаншамасы мүгедек атанды. Қаншама ана жесір, балалар жетім қалды. Оңай келмеген жеңісте ерен ерлігімен көзге түсіп, ерекше сый-құрметке ие болған сан мыңдаған жауынгерлердің ішінде қазақ аталарымыз бен апаларымыз да көп. Ерлігін жыр қылып айтатын әрбір қазақ батырларымызды ешбіріміз ешқашан ұмытпаймыз. Қазір қазақ елдімекендерінде көптеген көшелер, ғимараттар, оқу орындарына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақтардың есімдері де берілді. Ол деген біз, яғни, кішкентай қазақстандықтар, өз ата-апаларының ерліктерін ұмытпасын, біліп жүрсін, мақтан етсін деген мақсат. Қазіргі кезде сол батырларымыздың қатары сиреп, азайып қалды. Олар - біздің мақтанышымыз!
9 мамыр – бұл мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы. Біздің парызымыз – бұл күнді ешқашан ұмытпай есте сақтау! Әрине, олардың орасан зор еңбегін еш уақытта өтеу мүмкін емес. Соғыс ардагерлеріне тағзым ете отырып, келешек еліміздің ертеңі жақсы болса екен деп тілеймін. Әрбір қазақ баласы өз Отанын анасындай сүюі қажет.
Тәуелсіз еліміз өркендеп, өсе берсін!
Еліміздің көк аспанында бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, азаттықтың туы әрқашан желбірей берсін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі