Шығарма: Соғыстың құсы қазақ көгіне қонбасын!

Шығарма: Соғыстың құсы қазақ көгіне қонбасын!


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Астың бетін ашық тастама

Сәтібек Айкөркем
9-сынып Ғ.Сланов атындағы орта мектеп
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы
Жетекшісі: Жұмағұлова Айсұлу Дәулетбайқызы

Әлемде екі бірдей нәрсені ақырызаман деп атауға болатын секілді: бірі – табиғат құбылысының әсерінен болса, екіншісі адамға қайғы – қасірет әкелген сұм соғыс. Себебі барлығымызға да белгілі ғой. Соғыстың нәтежиесінде екі ғана жол елдің тағдыры болып табылады. Біріншісі жеңіп бостандық алу немесе жеңіліп, біреудің өмір бақи құлы болып өмір сүру. Бұл әрине екі дүние арасы емеспе? Осы заматты да ата – әжелеріміз өз басынан өткерді. Талай тауқыметті көрсе, осынау сындарлы кезеңнен аман шықты. Елі үшін, жері үшін аянып қалмады. Халқын азат ету жолында қаққан қазықтай тік тұрып, ажалға мінді. «Майдан» атты кемеде бірге жүзіп, ұрандап, кеуделерін оққа тосты. Күн демей, түн демей, «ал, жауға» дегенде , қолдарына қару алып, тылда күресті. Айта берсең, таңды – таңға ұрып, олар туралы талай жауһар сөздерімді арнауға бармын. Сонымен қатар, мұндай көріністерді тек фильмдерден көреміз. Ал, мұның барлығы, қазақ атам жасаған ерлік.
Сол заматты көзіммен көрмесем де, үлкендердің әңгімесінен аңғарамын. «Ой, біз соғыс кезінде не көрмедік, біздің көргенімізді сендерге Алла – тағала көрсетпесін» деп қабағы сәл түсіп, күрсініп қоятын. Мысалы, менің әжем өзінің талай қиындық көргенін, біреу қатқан қара нан берсе соған риза болып қуанатындығын айтып отырады. Соның баршасы да соғыстың зардабы емеc пе?! Әжем тағы бір сөзінде: - Менің нағашы ағам соғысқа кеткенде, ол мені нағашы әжемнің қасында болуын қалапты, тілекші болсын деп. Нағашы әжем майданға кеткен баласын ойлап жылағанда, мен де қосылып жылайтынмын. Ой. дүние – ай десеңші, ақыры ағам сол кеткеннен мол кетті, - деп айтып қалды. Басында түсінбейтінмін, кейін ұқтым.
Сол бір қарғыс атқыр соғыстан біреулер аман оралса, кей боздақтар оқ құшып, жан тапсырды. Ал артында етегі жасқа толған бала – шағасы қалды. Тіпті менің атамның өзі жап – жас кезінде соғысқа аттанып, сол күйі хабар – ошарсыз кеткен. Менің атамның есімі Дүйсен. Жеке басым, достарыма атамның соғысқа барып, ел қорғағаны жайлы баяндап отырамын. Бұл да бір тарих. Сол кездегі бір жапырақ «қара қағаздың» ішінде талай қасірет жатқаны да мәлім. Ата – бабаларымыз Берлинде соғысқан, демек, қаза тапқандардың мәйіті де сол жерде жерленбей ме?! Ой таразысына салып қарайықшы, сонда, есіл ерлерге туған елдің топырағы да бұйырмаған ба?
Дәл осы жерде, жаулықтылардың еңбегі, шеккен азабы да өлшеусіз. Сырт жұмысты да, үй шаруашылығы, бала тәрбиелеу де осы бұрымдыларға жүктелген болатын. Қазақтың қыздары осы абыройлы есімді кірлетпей алып шықты. Алладан жарының соғыстан аман оралғанын тіледі. Төрт жылы, төрт ғасырдай болып, үміт шырағын өшірмей, қазақ аруы қайсарлықпен төзе білді. Сонымен бірге соғысқа өз еркімен сұранып барып, қолдарына суық қару алған аруларымыз да аз емес. Мәселен, Әлия Молдағұлова – снайпер, Мәншүк Маметова – пулеметші, Хиуаз Доспанова – ұшқыш қыздарымыз.
Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүк туралы айтып жатудың өзі артық. Ә.Молдағұлованың бір басына тоқталар болсақ, ол үрімдей жас кезінде, яки, он сегіз жасқа әлі толмаған шағында соғысқа аттанады. Буыны қатпаған қыз өзінің он сегіз жасқа әлдеқашан толып кеткендігін айтып, майданда фашистпен соғысуға жүрексінбегені мені әлі күнге дейін таңғалдырады. Ал, Мәншүк Маметова әйгілі «пулеметші» қыз, Х. Доспанова тұңғыш қазақтан шыққан ұшқыш қыз. Бір қызымыз қолына пулемет алып, бір қызымыз садақ алып, бір қызымыз көкке самғап, дұшпанмен айқасты. Батыр қыздарымыздың жаны жәннатта болсын!
Пах, шіркін! Алланың құдіреттілігінде шек жоқ. Бір қазақтың бағына небір дара батырлар мен ержүрек тұлғаларды бере салған. Бауыржан атамыздай нағыз жауынгердің өзі дәл осы сөзіме айғақ бола алары сөзсіз. Қазақтың маңдайына біткен, бітімі бөлек тұлға – Бауыржан Момышұлы. Халық қаһарманы ерен ерлігімен ел есінде қалды. Ол «соғыста кез – келген амалды қолдануға болады» деп тұжырым жасаған. Сонымен қатар ол өзінің керемет тактикаларымен жау жасағын жер жастандырған деседі. Бұл оқиғаны көзіммен көрмесем де, «қазақ» деген ұлы халықтан осындай өр тұлға, тәжірибелі қолбасшы, рухты батыр шыққанына күмәнім болмас еді.
Соғыс... Осы бір сөз көңілге үрей ұялататын, айтылуы суық естілетін сөз. Шағын зерттеуім бойынша , «соғыс» сөзі, «қақтығыс» немесе «қақтығыс» деген сөздерінің баламасы. Біз бұларды күнделікті өмірде қолданамыз. Ал, осы бір болмашы сөз бүкіл елге қайғы қасірет әкеледі емес пе?! Әрине, бұл сөз екі ел арасында дәнекер болмасын деп тілеймін.
Адам өміріндегі жеңіс деген қуаныш, толқыныс, алға қарай ұмтылуға керекті құрал.
1945 – жыл. Соғыс бітті... Жеңіс... Осы бағалы сөзді естіген жұрттың сезімі қандай болды екен. Бөрікті аспанға лақтырып қуанғалы міне 71 жыл. Аналар көзіне жас алып, балалары қам көңілмен әкесімен, асыл жарын сарыла күткен арулар сағыныса қауышқан сәт. Әрине, бір өкініш, көңілде кірбің қалды. Қағазға түскен сия секілді, бұл қайғы – қасірет ешқашан, ешуақытта көзден кетсе де, көңілден кетпек емес. «Қара қағаз» алған жанұялар тіректері мен жүректерінен айырылған сезімді бастан кешіргені белгілі. Ажалымен жасы келіп қайтыс болған адамның өмірден өтуінің заңдылық екенін түсінесің, ал бірақ он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздар мен бесіктен белі шықпаған, аузынан ана сүтінің дәмі кетпеген жап – жас ұлдарымыз жау қолынан қаза тапты. Бұл, не дегенмен ауыр, үлкен қасірет.
Ел үшін ең маңызды нәрсе – тәуелсіздік, еркіндік. Және осы дүниелердің жолында талай сыннан болсын өту керек. Соғысу керек болса, соғысуға тура келетін кез болады. Міне, осылай ата – бабаларымыз «тәуекел түбі – желқайық» деп, жаудан тайсалмады. Елдің де күткені сол еді, жеңіс туын желбіретіп, ұрпаққа талай өнегені насихаттап кетті. Ендігі жерде жас жеткіншектер сол ерен ерлерімізге еліктеп, нағыз қазақтың ұландары болғай деп тілейік.
Дәл осы соғысқа дейін де, кейін де қазақ халқының көрмегені жоқ. Құдды бір ертегі дерсің. Тіпті ертегінің өзі дәл осы оқиғалардай қызықты бола алмас. Осыншама тауқыметті арта отырып, халқым бірлігі мен татулығын жоғалтқан емес. Қашанда барлығын да бірге көрді. Басқа елдің азаматтарын үйіне қонақ етіп, төрінен орын берген. Қонақжайлылықпен қарсы алып, аузындағысын жырып беріп, достық ықыласын білдірген қазақтың байырғы дәстүрі де өз жалғасын тауып келеді. Елімізде 130 – дан астам ұлт пен ұлыс бар. Ешкіммен қырықпышақ болмай мәнді де, сәнді өмір сүрудеміз. Ал бұл көрегенділіктің бәрі көпжылдық тәжірибе. Кеше ғана «Қазақ хандығының 550 жылдығын» тойлаған едік. Бұл жай ғана мереке емес, бұл бүкіл қазақтың өткені мен бүгінін саралайтын, жастарға қазақтың сан ғасырлық тарихының маңызының қандай екенін ұғындыру мақсаттарында тойланған мереке. Осының барлығы тәуелсіздігіміздің жемісі.
Ендігі ұрпақтың міндеті – мол біліммен қаруланып, кең – байтақ жерімізді теріс пиғылды жаудан қорғау. Иә, расында да, осы елдің болашағы бізбіз. Замандастырыма «біздің тәрбиелі, білімді, ізденімпаз, намысты, мақсатты, намысты болуымыз абзал. Тарихтың «алып қазаны» қайнап жатыр. Ерлік пен елдіктің «жанды толқындары» жағаға ұрып, жаны байыз таппай толқиды. Бұл толқу бостандықтың күйін шертеді. Тәуелсіз болу – ешкімге кіріптар болмау, өзіңнің «меніңді» таныту, гүлдену, көркею жолында ата – баба дәстүрі мен ізгі салттарын санаңа сіңіру, өз байрағыңды көкке көтеру.
Мен жұдырықтай ғана жүрегіммен жаңа ғасыр көгінде тәуелсіздігіміздің әрі қарай да тұғырлы болатынына сенемін. Мен сенемін Қазақстанымның нұрлы да шуақты күндерінің боларына, білімді де өнегелі ұлдарының жетістіктеріне, бүкіл әлемнің «Қазақстан!» деп таңдай соғарына !
Жеңіс туы мәңгі желбіреп, әлемде соғыс болмасын, еліме ашық аспан, алтын күн тілеймін. Ұрпағы рухты, қызы инабатты, ұлы намысшыл, қарты сыйлы, ең бастысы – халқының бірлігі бекем ұлт болайық!

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Асқазаныңыз ауырса



Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 60 секунд !!!

00


Комментарии для сайта Cackle