Ардагерлердің ерлігі көңілден кетпес

 Ардагерлердің ерлігі көңілден кетпес

Құбашева Жібек
9 сынып оқушысы Махамбет атындағы орта мектеп
Атырау облысы Индер ауданы
Жетекшісі: Кайрлиева Ардак Тулеуовна

Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздерінде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.
М. Әміреұлы
Соғыс жаңғырығы жылдан - жылға алыстап барады. Ол туралы кинолардан, деректі фильмдерден көреміз. Әйтсе де өткенге көз жүгіртпей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. ХХ ғасырдың орта кезінде болған алапат соғыс -Екінші дүниежүзілік соғыс болса, соның бір бөлшегі Кеңес Одағының тарихындағы Ұлы Отан соғысы болды. Бұл соғыс кезінде әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанып, Отан- Анасын қорғауға атсалысты. Қаншама қазақстандықтар ұрыс даласында мерт болды. Жеңіс бізге миллиондаған адамдардың төгілген қанымен келді. Соғыс салған қасірет әрбір жанұяның тарихында із қалдырып кетті. Ұлы Отан соғысы тарихы туралы қаншама шығарма жазылып, қаншама кино түсіріліп жатса да, оның тарихына еш уақытта нүкте қою мүмкін емес.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін,
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім, – деп ақын ата Қасым Аманжолов жырлағандай, елі үшін қасық қаны қалғанша арпалысқан ер мінезді ерлердің ерлігін халқымыз ұмытпақ емес, ұмытпайды да.
Ежелден ел тілегі – ер тілегі,
Адал ұл ер боп туса – ел тілегі, – деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, қашан да халық адал ұлдың елге тірек болуын аңсаған. Халыққа тіреу болған да сол ер рухты аталарымыз еді.
Соғыс аяқталып, оның соңғы оғы атылған Ұлы Жеңіске де міне, 71 жыл толғалы отыр. Бұл сұм соғыс, адамдардың жаппай ерлік пен майданға бүкілхалықтық көмек көрсеткен патриоттық сезімдері біздің жадымызда мәңгіге қалары сөзсіз. Аталарымыздың бұл ерлігін біз еш уақытта ұмытуға тиісті емеспіз. Туған жерім Жарсуат ауылдық округі бойынша майдан даласында 200-ге жуық боздақ қаза тауып, оралған жоқ. Өкінішке қарай, жыл сайын ардагерлердің қатары азайып бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Бірақ көзден кетсе де, олардың ерлігі көңілден кетпесі анық. Солардың бірі де, бірегейі – елдің мақтанышына айналған, өмірі ұрпаққа үлгі, жауынгер-ұстаз менің атам Құбаш Мырзаұлы.
Менің атам Құбаш Мырзаұлы 1922 жылы Гурьев облысы ( қазіргі Атырау болысы) Махамбет ауданының жетінші ауылында дүниеге келген. Ол 2 жасында әкесінен айырылып, анасымен қалған. Өзімен бірге туған Сағидолла деген ағасы және Айсұлу деген апасы болған. Өкінішке орай, олардың барлығы да ерте өмірден өткен. Ағасы соғыстан оралмаған. Аналары да ертерек көз жұмып, жетімдікті көп көрген. Бірақ менің атам өмірде көрген қиыншылыққа төзе білген. Ол өз бетімен көп ізденген. Он жылдықты 1940 жылы Есболдан бітірген. 1941-1942 жылдары Құрылыста бастауыш сыныбына сабақ берген. 1942 жылы соғысқа аттанған, онда ол небары 20 жаста болған екен. Атам соғыста көргендерін айта бермейтін. Есіне түсіруді қаламайтындықтан шығар. Бірақ оның әкеме айтқан бір әңгімесі есімде қалыпты. Мұны мен өз әкемнен естігенмін. Сол әңгіме менің есімде «Қызыл етік» атымен қалды. «Бір жағы жазық дала, бір жағы ну орман. Шегінген немістер орман жағалауларына мина көміп тастаған. Аса сақтықпен бір аяқ жолмен келе жатқан жаяу әскер. Қасымда ауылдасым Молдағалиев Тұржігіт есімді азамат болатын. Кенет төбемізден ұшқан жау ұшақтарынан оқ атыла бастады, жау ұшақтары құдды бір қыран бүркіттей бізге шүйіріледі. Біз амалсыз орманға қарай жүгірдік. Қасымда Тұржігіт бауырым да ілесіп келе жатқан. Кенет дүрс еткен дыбыстан еш нәрсе естімей қалдық. Үстімізді топырақ басып қалған . Тұржігіттің аяғында қара хром етігі болатын. Көзімді ашсам сол қара етік қызыл қанға боялған күйде жұлынып менің жаныма түсіпті. Сол кезде адамдардың хабарсыз кетуі немесе көмусіз қалуы әбден мүмкін екен. Дәл қасымда жүрген жанның жоқ болып кетуі менің жаныма қатты батты, ең болмаса жерлей алмадым-ау деп мұңаятын»- дейді әкем.
Атамның көзі тірісінде Жеңіс күні – біздің отбасымыздың тойланатын айтулы мерекесі еді. Ал бүгінгі күндері мен атамды есіме алып, ойша сырласамын. Атам мен үшін – дүниедегі ең мейірбан, жан жылуы мол адам. Майдангер атамның өмірі, оның көрсеткен ерлігі – мен үшін өнеге. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында атамды еске алу – менің парызым деп есептеймін. Атам «Тұлпардың тұяғы, асылдың сынағы десек те болады. Себебі ол жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы Кеңес үкіметінің тап жауларымен күресте қаза тапқан командир Кенжебеков Мырзаның жанұясында дүниеге келген. Ол 20 жасында 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысына қатысқан. Атам маған соғыс жылдарындағы басынан кешкен оқиғаларын жиі айтып беретін. 1942 жылы 4 қаңтарда әскер қатарына алынып, бір жарым жыл ұрыс даласында болды. Алты ай Бузулук қаласында кіші командирлер даярлайтын оқуды оқып, Ленинград майданының Старая Русь бағытында ұрысқа кіреді. 1943 жылы жазда Новороссийск, Тамань қалаларын азат ету жорықтарына қатысып, Керчь бұғазы мен Қырым түбегін жаудан босатуға қатысады. Бұл жерде атам – Украина майданы, дербес Приморье армиясының атқыштар дивизиясының 691- полкінде пулемет расчетінің командирі міндетін атқарады.
Біз атамыздан соғыс жылдарындағы дәрігерлердің жанкешті еңбегі мен адамдарға деген жанашырлығы туралы айтуды жиі сұраушы едік. Сол сәтте атам сәл үнсіз ойланып, тебірене әңгімелейтін. Сол әңгімелерінің ішінде әкеме айтқан оқиғаның бірі- Валя атты 13 жасар орыс қызының поезды тоқтатып, қансырап жатқан атамның өмірін құтқаруы еді. Атам өмірін құтқарған сол орыс қызы Валя мен дәрігерлерге өмір бойы қарыздар екендігін айтып келген.
Атам 1944 жылы мамыр айында екі рет ауыр жараланып, соғысқа жарамсыз болғандықтан елге оралады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін « І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Г.Жуков», Қарулы Күштердің мерекелік медальдарымен марапатталған. Ұзақ жылдар бойы мектептерде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарған. Менің атам ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін 1971 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды.
9 мамыр – «Жеңіс күні» - мен үшін бір үлкен мейрам, мереке болатын. Мен ес білгелі сол күні үйде дастарқан жайылып, соғысқа қатысқан ауыл ардагерлері бас қосушы еді. Атам ордендерін тағып, бір ерекшеленіп кететін. Өкінішке орай, атам қазір жоқ. Атам біздерге көзі тірісінде бауырмалдылық, кішіпейілділік секілді адами асыл қасиеттерді насихаттап отыратын. Оның өсиет сөздерін жадыма тоқып, жақсы адам болу- менің ата алдындағы парызым. Мен осындай адамның шөбересі болғаныма мақтанамын. Мен атамды мақтан етемін, себебі менің атам бізге бейбіт өмір сыйлады. Жас жеткіншектерге өз өнегесін бере білді. «Ер есімі- ел есінде» демекші, менің атамды мектеп оқушылары мен бүкіл ауыл халқы 9 мамыр мерекесінде еске алады. Атамды әлі ауылдастары мақтан тұтып әңгімелейді.
Міне, ата – бабаларымыз сыйға тартқан бүгінгі бақытты өмірімізді қорғау - әрбір саналы азаматтың, біздердің борышымыз деп санаймын. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» ұранын ту ғып ұстап, қан майданға аттанған аталарымыздың ерлігін еш уақытта ұмытпаймыз. «Бұл өмірде әр ісіңнің жаңғырығы болады» деген Мұхтар Шаханов айтқанындай, бүгінгі тәуелсіз ел ашық аспанының кешегі жаңғырығы – отты жылдар еді. Біздің міндетіміз – солар сыйлаған ел тыныштығын сақтау.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?
» Мұғалімдер ұрлап жатыр: Петропавлда осындай жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды.
» 🏡Үй алуды мақсат еткендерге тағы бір жағымды жаңалық😍