Шығарма: Нағашы атамның естелігі

Шығарма: Нағашы атамның естелігі

Қабекеш Ақжол
Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебі 8 сынып оқушысы
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жасқайрат ауылы
Жетекшісі: Казиева Салтанат Оржановна

Ата мен әжемнің ойлы әңгімелерін ұйып тыңдап, санаға тоқығанға не жетсін?! Нағашы атам Қазиев Оржанның да кеудесі сыр сандыққа толы.Ол үнемі бізді әңгімеге тартады.Солардың бірін паш етейін.
Ұлы Отан соғысы басталғанда мен бес жастағы бала едім.Бір күні біздің ауылдың ортасына көп атты кісілер жиналды.Ауылдың бар адамы жиналып шулап, жылап жатыр. Тіпті, үлкен шалдарға дейін кемсеңдеп,әлдебір ағалармен қимастықпен қоштасып, «қарақтарым,жортқанда жолдарың болсын, Қыдыр баба қолдап жүрсін» деп бата қылып шығарып салып жатыр екен.Мезгіл желтоқсан айының іші болса керек.Жерде қар бар. Көк атты жортып,ауылдан ұзай берді.Бір кезде менің ағам Қазиев Серғазы астында өзіміздің жүйрік жирен бие,қайырылып шауып келіп мені ат үстіне көтеріп алып, сүйіп-сүйіп: «аман бол,әлі ертең сен жігіт боласың»деп маңдайымнан иіскеп,қайта жерге түсіріп манағылардың артынан шауып кетті.Ауыл адамдары кетіп бара жатқандарды көз ұшына шығарып салмай,үйлеріне қайтар емес.Мен де тосын жайға таңырқап, есік алдындағы күлдің үстіне жалаңаяқ шығып тұрғанмын.Соны байқаған ағайым мені қимай, аяп оралған беті екен.Әлі есімде.«Мына ит тоңып қалды ғой» деді.Бұл мен көрген бір көрініс.Ол кезде біздің ауыл №17ауыл совет деп аталады.Үш кішкентай Социнал, Коммуна, Чапай атты колхоздардың басын құрайды.Орталығы біздің ауыл-Коммуна колхозы.Ол кезде біздің ауыл Мақат ауданына қарайды.Әскери комиссариат Доссорда. Жаңағы кеткендер сол жерден аттарын қайтарып өздері майданға аттанбақ. Кейін есейгенде естігенімдей бұл кеткендер шамасы 25 адам болса керек.
Менің ағам 1921 жылы туған. Бәрі қатар.Сонда майданға алғашқы аттанғандар 20-21 жастағы қылқан кескендей жастар екен ғой.Есімде қалған ағаларым Қазиев Сырғазы, Әлиев Таяр, Кішкенебаев Мәккі, Меңдібаев Темірхан, Барсаев Темір, ағайындылар Аманғалиев Нұрсұлтан, Нұрберген, Мендіғалиев Бақыбай. Бұлардың алдында Кішкенебаев Есендияр, Үбішев Жолмағанбет,Махамбет Жайын, Құсайынов Шәки, т.б. кеткен.Бұлардан ең соңғы кеткендер Сарышев Аманғалиев Бақтығали, тағы басқалары.Осы азғантай ауылдан кеткендердің бірталайы оралмай,соғыс даласында қалды ғой.Соғыс елге де оңай болған жоқ.Бала да болсақ сезіп,ерте есейдік.Тамақ аш,киім тапшы, уайым көп,күлкі аз.Біраз уақыт өткеннен кейін елге «қара қағаз» бәле келе бастады.Пошта тасушы «теміртаяқ» атанып кеткен Жұмақұл шалды көрген адамдар хат алса қуанып, «қара қағаз» келсе жылап-сықтап, тіпті кейбірі әлгі шалды қарғайтын да көрінеді.Соғыс жалыны шарпымаған үй болған жоқ. Кейбір үйлерден 2-3 адам кеткендер де болды.Колхоз жұмысы кемпір-шал, жас қыз-келіншек, бозбалаларға қалды. Менің есімде қалғаны сол кезде мектепке барып жүріп ,колхоз жұмысына қолғабыс берген Қитаров Ғаббас, Ахманов Тұрсынбай,Аманғалиев Бисұлтан,Демешев Есенғабыл, Сапарғалиев Есен, Қабдешев Жолжан, Есендияров Төлеген,т.б болды.Үйде де бос отыру жоқ. Жүн түтіп,иіріп салдаттарға жылы киім,қолғап-шұлық тоқу үлкен науқан.Не керек, ауыл адамы таң бозарып атқаннан келесі түн ортасы ауғанша ояу,қолдарынан келгендерін жасап жатады.Тіпті біз де 7-8 жасқа келгенде шөмелей тартатын атқа отырдық.Әкелеріміз солай үйретті. Адам күші жетпеді,оларға көмек керек. Шөмелей деген бір шана шөптің аумағы. Ол күнде әйелдер,ерлер шалғы орақпен шөп шабады. Қолмен жинайды. Шөмеле етіп үйеді. Сол шөмелейді атпен,сүйрейді.Ұзын сырықпен шөмелейдің астынан арқан өткізіп байлап таңып,бір ұшын аттың мойынындағы қамытқа байлайды. Соны атқа жеңіл, біз құсаған балалар пішен үйетін жерге тасимыз. Елдің ырыздығы ма, әлде жұмыс күшінің кемдігі ме, тарыны басып үлгермей біраз өнім қырманда қалып та қоятын болды. Соғыс азабы адам айтып жеткізе алмастай болды ғой. Азып-тозып елінен, жұртынан безіп, тіпті туған-туыстарының қайда еткенін білмей, бейтаныс елге украиндықтар өгіз арбамен көшіп келді. Біздің ауыл үйлері бір-бір бөлмесін беріп,ас-суын аямай, оларға қайырымдылық қолын соза білді. Біздің кішкентай үйге де бір бөлмеге Николай, Вера деген ерлі-зайыптылар кіріп,ас-суымызды бірге ішіп отырдық.Тіл білетін адам жоқ, ымдап түсінеміз. Үйренісіп кеттік. Сол бір кездегі мақал болып кеткен «Арба-телегі, қарамай шелегі» деген сөз неден шыққанын әркім әртүрлі айтады. Әйтеуір тіл білмегенсін түсінудің бір түрі болар. Соғыс бітіп,олар елдеріне қайтарда жыласып айырылды. Бірін-бірі қимай. Елдеріне барғаннан кейін «аман жеттік, жақсымыз» деген 1-2 рет хат алдық. Соғыстың екінші жылы-ақ армияға жарамсыз, мүгедек, ауру адамдар елге орала бастады. Алғашқылардың бірі болып Махамбетов Жайын ағам бір қолын беріп оралды. Содан жалғасып келе бастады ғой. Тірі келгеніме шүкір деп, қалқадірінше той жасайды. Біз шашу теріп мәзбіз. Бала болсақ та үлкендердің қасы мен қабағына қарап өстік. Солар жадыраса қуанамыз,жыласа мұңаямыз. Сол жылдары колхозды кемтарлау ағамыз Жұмағалиев Қанаш басқарды. Кіші басқарма Қалмырзалиев Аманғали атам,сиыр фермасын Жәния деген апай, қой фермасын Бөлекбаев Шошақ деген адамдар басқарды. Менің ағам Қазиев Сырғазы 1945 жылы аурулықтан сапқа жарамай,елге оралған. Ол кезде Мақатпен біздің елге тұрақты қатынас жоқ.Оны Қамидолла деген ағайын түйе арбасымен алып келді. Ауылға 4-5км қалғанда өзі алдымен жаяу жүгіріп келіп: «Сүйінші,балаң келді»дегені. Үй абырсабыр,көршілер естіп,келіп құтты болсын айтып жатыр. Ағам үйге кіргенде мамамның құшақтап тұрып айтқан:
«Құдай берді құрмалап,
Шуда жіппен шырмалап» деген жолдар есімізде қалыпты.Соғыстың тарихта қара таңбамен қалғаны фашистерге деген елдің қарғысы мен қайғықасіреттен туды ғой. Көп адам оралмады. Кейбір шаңырақ ортасына түсті.Қанша ана,қанша жар қайғыдан қан жұтып,айықпас дертке шалдықты.Қанша о дүниелік болып кетті,оны анық білмесек те шындық. Жеңістің өзі майданның да, елдің де тілегіне орай келді ғой.Бір күні астында сұр айғыр, Дүйсенғали атам (жылқышы) ауыл-ауылды аралап, «соғыс бітті,сүйінші,біз жеңдік,енді азаматтар елге оралады» деген хабар таратты. Адам қызық қой,оған да жылап жатыр. Адам қуанса да,қайғырса да жылайды екен-ау.Үш колхоздың адамдары жиналып,әр колхоз өзінше сән түзеп, салт атпен парадқа шығып, қолдарында қызыл ту,келіп жетті.Митинг болды.Ұлы бәйге, тоқ бәйге,құнан жарыс,тай жарыс,жаяу жарыс,алтын қабақ,аударыспақ,ойын түрлері көп өтті.Халық қуанышты, тойды сағынып қалған екен.Қайтсін.Соғыс басталғалы жұрттың жарыла күлмегені рас қой. Сол кездегі ақсақалдардың әңгімесінің көбі мынандай еді.
«Сол жылы күн тұтылып,ай қып-қызыл болып күйіп туды және көңірсіген иіс болды. Малдар мазасызданып, ауылдардың иттері күндіз-түні ұлып,тіпті құрнт-құмырсқаға дейін илеуіне мазасыз кіріп-шығатынын көрген едік»деп отыратын.Алда болатын үлкен апатты сезетін болар. Табиғаттың өзге құбылысын хайуанаттар алдымен сезеді деген шындық осы. Бұл жазып отырғандарым кішкентай ауылда ғана болған жағдайлар. Мен өзім Шүкір Таңатарұлы Еркінов атамыздың атындағы орта мектепте оқитынымды мақтан етемін. Менде өскенде батыр атам сияқты отанымды қорғайтын боламын. Атамыз даңқ орденінің толық иегері.Менің ауылымда дүние есігін ашқан жан.Сондықтан ол кісі менің атам бәріміздің атамыз.Бәріміз атамызға ұқсап өсеміз.Әрине,зерттеуші емеспін. Тек нағашы атамнан естігендерімді мен есімдегілерді ғана сыныптас оқушыларға жеткізу болды мақсатым.Құрбыларыма айтарым, аталар мен әжелердің салиқалы ақыл-кеңестеріне құлақ асып, еңбек ету мен адамгершілік қасиетті бойымызға дарыта берейік.


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 20 секунд !!!

0 0


Комментарии для сайта Cackle