Шығарма: Бабалар ерлігі туралы үзік ой

Шығарма: Бабалар ерлігі туралы үзік ой



Қабдиева Ғалия
Атырау облысы, Исатай ауданы, Х. Ерғалиев ауылы
Жалпы білім беретін Новобогат орта мектебінің 10-сынып оқушысы
Жетекшісі: Жеткінов Дидар

Түні бойы мені ауыр зіл басып, көз ілмедім. Таң атқасын күшімді жинап, тысқа шықтым... Арайлап атқан таң. Әсем дала. Күлімдеген күн. Оң жағыма қарасам балалық шақтың қызығына түскен балалар. Сол жағыма қарасам, күйбең тіршілікпен айналысып жүрген адамдар. Аспанға қарасам қалықтап ұшқан құстар. Бәрі тамаша. Осының бәрі өмірге мән беріп тұрғандай. «Туған жердің ауасы да шипа» демекші, терең тыныс алдым да, осындай бейбіт елде өмір сүріп жатырғаныма шүкіршілік еттім! Шүкіршілік еттім де өзімді билеген белгісіз сезімді ақ қағазға түсіруге асықтым. Ойлап отырсам, бізге осы тыныштықты сыйлаған ата-бабаларымыз, аға-әпкелеріміз! Азаттық жолында өз жауларымен арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысқан батырлардың ерлігінің арқасында ғана қазір бейбіт өмір сүрудеміз. Тәуелсіздік оңайлықпен келмеді. Басқа емес, бір ғана Ұлы Отан соғысын айтсақ та жеткілікті. Міне, бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысындағы жеңіске жетпіс бір жыл толып отыр.
Соғыс оты тұтанған сол бір замандағы Ұлы Жеңіс еліміздің тарихында алтын әріптермен қалатыны хақ. Ел басына күн туып, шаңырақ шағылған сол сәттерде "Отан үшін отқа түс, күймейсің" дегенді жадына тоқыған атабабаларымыз атқа қонып, жаумен аянбай күресті. «Ел бостандығы, халық бақыты, ұлттық арман ешқашан арзанға түскен емес». Олар Отан үшін өмірлерін қиюға дайын еді. «Тағдыр мені адамзаттың жан түршігерлік қайғы қасіретінің куәгері болуға жазса да, ақ қағаздың бетіне болат қаламсаптың ұшымен қисынды сөзді маржандай етіп тізе алатындай өнерім болмаса да, жай себеппен, менің қолым жауға сілтер қылыштың сабын ұстауға, пистолеттің шүріппесі мен жауынгердің атының тізгінін ұстауға үйренген қолыма-қаламсап та, уставтың өктем бұйрығына үйреніп қалған тілім де ырық берер емес, бірақ та сарандардың санатында қалмас үшін, өлгендердің рухы, зардап шеккен, адал солдаттарымның алдында – үн-түнсіз қалмауға, бастан кешкендерді тілсіз қағаз бетіне түсіруді өзіме парыз санаймын, өйткені ол: «ерлік елеусіз қалмасын, олжа – елге, атақ – ерге сауға» деген әділеттілік қағидасын еске салатын, шындық оқиға куәгерінің тілі болсын.» Бұл Бауыржан Момышұлының оқырмандарына жазған қолжазбасынан үзінді. Бұдан соғыстың жан түршігерлік қайғы-қасіретін, қан төккен солдаттарды, батыр атамыздың соғыстың куәгері болғанын байқаймыз.
«Ұрыста адамның барлық қасиеттері сынға түсіп, тексеріліп, бәрі де шешіледі. Ұрыс өтірікті, жалған батырлықтың бет пердесін сырып тастайды. Ұрыста зәре-құтыңның ұшқанын жасыра алмайсың. Батылдық мүлдем жоғалады, болмаса, өзінің барлық көрінісімен тек ұрыста ғана көрінеді». «Өмір ешкімге сыйланбайды, ол жаулап алынады, өйткені ұрыс аяушылықты білмейді». Иә, Б. Момышұлының бұл сөздерін оқи отырып, елі үшін сынға түсіп жатқан өмір, секундына қаза болып жатырған адамдар, жанын қорқыныш билеген солдаттар көз алдыңнан өтіп жатады. Ойласам, жүрегім елжіреп, көзіме еріксіз жас келеді... Бауыржан Момышұлының қолжазбаларында қорқыныш сезімі мен парыз сезімі қатар келетіні айтылады. «Сен өлесің, сенің жастық шағың осымен бітті, сені қазір өлтіреді, болмаса қайтіп бас көтертпейтіндей етіп жаншып тастайды, сенің денеңнің быт-шытын шығарып, бұтарлайды, сені ешкім таба да, жерлей де алмайды».
«Бәлкім, мүгедек болып та қаларсың, мұның өзі жұрт жек көретін жаны мүгедек болып жүргеннен әлдеқайда артық. Мүмкін, өз борышыңды орындау жолында қаза табарсың, онда сені мәңгі есте сақтап, алғыс сезіммен айтатын, мақтанышпен еске алатын болады. Есейе түс! Алға ұмтыл!» Өмір мен өлім мәселесі, елдің тағдыры шешіліп жатқан ұрыста әр солдаттың ойында осындай екі ой арпалысып жататынын, адамгершілік сезімі жеңетіні айқындалады. Біз осындай ұлтын, жерін сүйген ата-бабаларымызды мақтан етуіміз керек! Қазақстаннан шыққан батырларымыз қан майданда саптың алдыңғы шебінде өздерінің ержүректілігінің арқасында ерекше көзге түсе білді. Қазақстаннан соғысқа миллионнан астам қазақ азаматтары қатысты. Атап айтар болсақ, Б. Момышұлы, Т. Бигелдинов, И. Панфилов, И. Журба, Г. Булатов. Бұл соғыста тек қана ерлер емес, ержүрек, батыр аруларымыз да болды. Мысалы, М. Мәметова, Ә. Молдағұлова және өзіміздің жерлесіміз, Атырау облысынан шыққан, немістер «Түн аждаһалары» атаған ұшқыш батыр қыз – Хиуаз Доспанова әпкелеріміз алапат шайқаста ерен ерліктерімен дүниені таң қалдырды. Міне, осыдан-ақ олардың ел мен жерге деген махаббатын көруге болады. Қазіргі қыздардың қолына қару ұстатып көріңізші, көздері мөлтілдеп, «байтал түгелі бас қайғы» деп, бастарын ала қашпайтынына кім кепіл болмақ? Отанын қорғаған батырлардың есімдері жадымызда мәңгі сақталмақ! Иә, біз шыр етіп дүниеге келгенде ең бірінші анамызды көріп, отбасымыздың аяулы алақанында болдық. Бізді, бәрімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп отыр. Енді соғыс кезеңіне шегінсек, ол кезде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін еркіндікті сағынды, арқасын кеңге жайып қазақтың кең байтақ даласына қарап тамсануды аңсады. Олардың ойына таң атар атпастан соғыстың ызғары оралады. Киерге киім, ішерге ас таппады ғой олар... Көзін ашпай жатып, соғыс тауқыметін тартып, бірі анасын, бірі әкесін көрмей өсті. Соғыс шырылдап дүниеге келген қаншама сәбидің балалық шағын ұрлады десеңші?
Өмір бойы басқа елдердің қорлығын көріп, жеңіс туын көре алмай кеткен қандастарымыздың тамшылап аққан қаны қанша? «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деп Б. Момышұлы айтқандай, соғыс кезеңіндегі солдаттардың бойындағы ізгі қасиеттердің бірі – батырлық. Б. Момышұлының: «Ердің туы – намыс», «Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады», «Жауды өлтірсең – өлімнен құтылдың, Өлтірмесең – өлімге ұмтылдың» деген сынды нақыл сөздері орынды айтылса керек. Ерлікті ту еткен батырларымыздың ерен ерлігі елеусіз қалмас! Осындай бейқам өмірге жеткеніміз сол жандардың арқасы емес пе? Мен елімді, жерімді аман сақтап қалған ата-бабаммен мақтанамын! Оларға әр минут, әр секунд сайын тағзым етуіміз керек! Отан үшін отқа түскен жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес! Күннен-күнге, жалданжылға, тіпті, ғасырдан-ғасырға ұлығланып жетіп отырмақ.
Өз ойымды жүрегімді жарып шыққан өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
Бейбіт елді әперген аталарым,
Ұрыста қан төгіскен ағаларым,
Бас иеміз әрқашанда иіліп,
Есімдері елеулі бабаларым.
Қорғады бар жанымен елімізді,
Оңайлықпен берген емес жерімізді.
Сақтап қалды қазақтың әр қаласын
Жайнап тұрған жап-жасыл кең даласын.
Тағзым етер бүгінгі ұрпақ сіздерге,
Тыныштықты сыйлағасын біздерге.
Асқақтатып ту тігілді желбіреп,
Аспаныңда бейбітшілік көк тіреп.
Күліп тұр ғой қасында оның күнің де,
Бақытты ғой ұрпақтарың бүгінде!
Қан майданда жанын берген адамзат,
Мың алғыс саған күніне!
Лайым Алла елімізге тыныштық, тәуелсіздігімізге ұзақ ғұмыр бергей!


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 10 секунд !!!


Комментарии для сайта Cackle