Отты жылдарды ұмытпайық

 Отты жылдарды ұмытпайық

Мирас Гаухар
7-сынып, №51 гимназия, Астана қаласы
Жетекшісі: Муратова Индира Жарқынбекқызы

Дүниені дүр сілкінтіп, бейбіт жатқан дархан даланы от шарпытқан, ана мен баланы зар жылатып, өксігімен ел тұншықтырған, арлан азаматтарды туған ел топырағынан айырып, бөгде елде жер құштырған Ұлы Отан соғысының залалы әлі де жадымыздан өшкен емес. Бірімізге әке болатын, енді бірімізге ата болатын абзал аталар әлі күнге отты жылдарды күңірене еске алады, түсінде көріп жанталасады. Бірі майданда болып, қыршыннан қиылып жатқан бауырлардың қан жоса болғанын, бомбаның жарылысына тап болып күлінің көкке ұшқанын көріп көз жасын бұлайды. Енді біреулері бұғанағы қатпаған бала бола тұра аналар мен қарттар қатарында тылда еңбек етіп, бауырлар мен ел ағаларының аман- есен оралуына тілектес болды. Әлбетте, қазіргі жас ұрпақ бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі тәуелсіз бақытты заман бірден орнай салмағанын біріміз біліп, біріміз білмей жатамыз. Отты жылдардың естеліктерінен сыр шерткен ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыздың әңгімесі, болмаса қан майданда хатталып жазылған көне сары қағаздар мен кітаптар ғана бәз біреулерге ой салып, санасын қозғайды. Бұған құлақ асып, қайсар батырлардың жолын жалғауға уәде ететіндер, өздерінің ел қорғаны бола алатынына кәміл сенетін құрдастар мен замандастар қаншалықты көп екен деп ойланамын. Менің анамның айтуы бойынша, оның нағашы атасы үш ағайынды болған. Олардың ең кішісі 17 жасар бозбала еді. Осы бір үйден кеткен үш азаматтың бірі де қан майданнан оралмады. Бір атаның ұрпағы түгелімен соғыстың құрбанына айналады. Ал өз жұрағаты бойынша, анамның әкесінің әкесі үш ағайындының бірі болып, соғысқа аттанады, бейтаныс елді мекеннен мәңгілік орын табады. Өзге аталар да хабар-ошарсыз кетіп, оралмайды. Елде еңіреп қалған анамның әкесінің анасы сол уақыттағы ашаршылық пен дерттің салдарынан көз жұмады. Бұл бір ғана менің атаәжелерімнің басында болған қасіреттің бөлігі десек, тұтас қазақ елінің қайғысының қаншалықты қалың болғанын елестетудің өзі өте ауыр емес пе?
Соғыс даласындағы батыр бабаларымыз жандарын шүберекке түйіп жүріп, елдің азаттығы, болашақ ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін күресті. Бұл сұрапыл жағдайдың қалайша болғанын қазақ халқының қаhарман ұлы - Бауыржан Момышұлы атамыз өз жазбаларына түсіріп жүрген. Оның:«... Ерлерді ел танысын деген мақсатпен «Жауынгердің тұлғасы» деген теманы қолдан келгенше жазып, тілдің жеткенінше айтып, қалам ұстаған жазушыларға көзбен көріп, қолдан өсірген, әрине, әскери мағынада ел азаматтары, жігіттер, жауынгерлердің, олардың әскери мамандықтары, кәсіптерінің әр түрінен майдан-соғыс оқиғасына байланыстырып, болған ақиқат мысалдар келтіріп, аттарын қағаз жүзіне қалдырып, істерімен елді қысқаша таныстыру ниетімен, күнделікті дәптерге найзадан қол босаған кезде шала-шарпылау етіп, асығыста жазып жүргендерімнің бірнешеулері, осы одағай, көркемсөз түрінде сізге тарту болсын...» - деп жазып кеткен күнделік-естеліктерінің өзі біздей ұрпақтарына жарқын өмірді қадірлей білуді аманат еткендей. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі қанды қақтығыстарды, Волоколомск тас жолы маңындағы шайқастарды өзге де жауынгерлермен бірге өткеріп, жаудың алқымынан алғанын жазып қалдырғаны атамыздан қалған баға жетпес мұра болмақ. Батыр бабамыз жеңіс күнін тойлап, артына өз заманының шындығын баяндайтын, ұрпағының талай ғасырлық ғұмырына татитын тау-тау өнегелі дүниелерді қалдырды. Біз осындай алыптардың ұрпағымыз деудің өзі қандай мақтаныш!
Жау жеңіліп, жауынгерлер елге оралғанымен ел жағдайы бірден оңалып кете алмағыны шындық. Соғыстан кейінгі ахуал, тұралап қалған ел экономикасы, саяси дағдарыс-әбден қажыған қазақ халқының дамуына, рухани кемелденуіне бірден мүмкіндік бере қоймаған. Нағашы әжемнің айтуынша, бір шыт көйлекті кеште жуып, таңмен киетіні, қараша мен желтоқсан айларында жалаң аяқ мал соңында жүретіні, үкіметтің малының сүтінен ұрлап сүт сауып ішетіні, ол сүтке бір уыс бидай бөртіп талғақ қылатыны, жылы үйдің жоқтығынан малмен бірге ескі тамды паналайтыны нағыз азапты күндер емес пе? Дәл осы сурет М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесінде айна-қатесіз баяндалады. Шығармада соғыс салдарынан аңырап, жетім қалған түрлі ұлт балаларының ауыр тағдыры, психолгиялық жай-күйі, туған ата-аналарына деген сағынышы, ауылда бас көтерер адамдардың қарттар мен әйелдер болғандығы етене сипатталады. Автордың баяндауынша, ел басына туған қиыншылықты қабырғасы қайысып отырған қара халық бірлесе көтереді. Жетімектерді бауырына басып, жоғалтқан боздақтарының орнына келген өтеудей көріп, көңілдеріне медеу етеді, адамгершіліктерін жоғалтпай ата-аналық мейірімдерін төгеді. Неміс баласы Зигфридті бала етіп алған Ахмет шал образы арқылы қазақ азаматының кеңпейілдігін, мәрттігін автор тамаша сомдайды. Соғыстан орала бастаған мүгедек ерлердің адам шошырлық және аянышты кейпі жүректі сыздатады. Сондай-ақ, шығармада осы ерлерді көрісімен өз әкелерінің де балаларын ізеп жүруі мүмкін екенінен дәмеленіп, жолға шыққан Ертай мен Нұртайдың қайғылы қазаға ұшырауы да соғыс салған жараның тереңдігін дәлелдей түседі.
Мен бейбіт заманның ұрпағымын. Елімнің тәуелсіздігін паш ететін көк байрақ көгімде желбірейді, маңдайымнан еркелетіп алтын күн сүйеді, батыр ағаларымыз ел тыныштығын мызғымай күзетіп, қасқайып тұр. Бабаларымыз армандаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман осындай-ақ болған шығар. Жұлдызы жанған ұрпағының келбеті мендей және мен құралпы балалардай болған шығар. Биыл Ұлы Отан соғысының 71 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Ендеше, күллі қазақ елі ұрпақтары болып, батыр аталарымыз бен апа-аналарымыздың алдында басымызды иетінімізді, оларды мәңгі құрмет тұтатынымызды сөзбен ғана емес іспен жеткізу парыз деп есептеймін. Кейінгі ұрпақтың болашағы үшін қасық қаны қалғанша күрескен, көзі тірі қарияларға қамқорлық пен мейірімді үйіп төгелік. Сондай-ақ, «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген де өнегелі сөз бар. Бізден дәмелі бабалар рухына арнап құран бағыштауды міндет етелік. Осы орайда, көкірек көзі ояу дос-құрбыларыма Ә.Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны!» атты өлеңін қайталап оқуды ұсынудың өзі жеткілікті болар деген ойдамын.
«Сен құрметте оны!
Түсіндін, бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен ұстап та жүрген жоқ,
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты,
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үлесіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық, жолында аяғын!»
Бүгінгі ұрпақ шыныныда да бақытты. Біз Тәуелсіз елдің ұландары бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызға қуанамын. Әлемде қаншама бала ата –анасыз, аштық та, үй-күйсіз соғыс зардабын әлі де көруде. Бүгінгі бейбіт заманның өзінде Ирандағы, Украина, Түркия, Сириядағы жағдайлар әрбір адамға ой салары сөзсіз. Біздің елде жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шыңырақтың астында тату- тәтті өмір сүруде. Еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақ ұзағынан болсын. Биыл Ұлы Отан соғысының 71 жылдығын және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Еліміздің Тәуелсіздігі баянды, ғұмыры ұзағынан болсын. Соғыс атын естіп, ана мен бала жыламасын.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!