Жұмыла көтерген жүк жеңіл

 Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Мұқаметжанова Әнел
9-сынып, №175 «Жаңа Ғасыр» гимназиясы,
Алматы қаласы
Жетекшісі: Құлмаханбетова Әсемгүл Сейітханқызы

Шейіттерді қастерле! Нанға сатпа арыңды!
Қасиетті құрбандар жанын қиды ар үшін,
Қойсам деймін ескерткіш, бұл солдаттық парызым!
Александр Бек
Соғыс... Қазақ жеріне түрлі қасіретімен келген апат Кеңестер Одағының құрамында болған 1941 – 1945 жылдары өз ізін, қасіретін ойсыратып салып кеткен еді. Бұл жолғы соғыс тек қазақ жұртын емес, бейбітшілікті, тыныштықты жақтаған КСРО-ның құрамында болған 15 республиканың орны толмас қайғысы еді. 1939 жылы 23 тамызда Шабуыл жасаспау туралы Совет Одағымен жасаған келісімді бұзып, фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан КСРО аумағына басып кірді. Ұлы Отан соғысы осылай басталды. Бұл соғыстың сипаты — Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Совет Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды. Елдің жауынгерлік сапын кеміткен, әр шаңырақтың бас иесін мерзімінен бұрын ажал құштырған соғыс аталған жылдың 22 маусымы - барлық кеңес елдерінің тарихындағы ең қайғылы датаның бірі. «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деген кеңестік идеялогиямен тәрбиеленіп келе жатқан Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Мәншүк Мәметова: «Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін», — деп әскери комитетке өтініш берді. Республикада 2 млн. – нан астам адам әскери даярлықтан өтті. Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 – жеке атқыштар бригадасы 30 – дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316 – атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. В. Панфилов болды. Армия қатарына 1 млн. 196164 қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.
Ел басына күн туған заманда соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда да жүргені мәлім. Гитлершіл фашистер КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жаудың қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын жайғастырылды, 532 506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді. Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны пен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпыодақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді, сондықтан да соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды. Жеңіске Қазақстанның ауыл шаруашылығы да өз үлесін қосты. Атап айтқанда, еліміз 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн берді. Бұл соғысқа дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе көп. Республиканың барлық экономикасы әскери «рельске» қойылды: бейбіт мақсаттағы шығыстар барынша қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруға кірісті. Ер азаматтардың бәрі армия қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі қатайтылды, жұмыс уақыты ұзартылды. Алты апталық, 23 сағаттық жұмыс күні бекітілді, демалыстар тоқтатылды. Бірақ ешкім қынжылған жоқ. Бүкіл ел «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті.
КСРО-ның батыс өңірлерінен көшірілген халықпен қоса, 1941 жылдың күзінде Қазақстанға Полвольжеден жүздеген мың немістер мен поляктар жер аударылды. 1942-1944 жылдары 507 мың балқар, қарашай, ингуш, шешен халқы, 110 мың түрік-месхетиндер, 180 мың қырым татарлары күшпен жер аударылды. Оған қоса, күн сайын Қазақстанға жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген пойыздар ағылып жатты. Әскери госпитальдердің көбісі Алматыда құрылды. Яғни, қазақ халқы өзінің дарқан жүрегімен қиын-қыстау кезеңде қол ұшын беруге әзір екендіктерін көрсете білді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бейбітшілікті тілеген жақсы ниетті Кеңес халқы төрт жылдық соғыста жеңіске жетті. Айтуға жеңіл бұл сөзде қаншама қандастарымыздың ерлігі жатыр десеңші!
Таратып айтсақ, 1945 жылы 2 мамырда Берлин қаласы алынды. Ал 1945 жылғы 8 мамырда фашистік Германияның тізе бүккендігі туралы шартқа қол қойылды. 1945 жылғы 9 мамырда Қызыл Армия жеңіске жетіп, Ұлы Отан соғыс аяқталды.
Аспанымызда бейбітшіліктің әсем белгісіндей, ақ көгершін қалықтады. Ақындарымыздың жүрегінен Жеңіс жыры туындап, сазгерлеріміз Жеңіс әнін ұрандай дуылдатты. Соның айғағы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан «Ақ көгершін», «Жеңіс», «Болмасын соғыс, болмасын» т.б. әндері десек артық болмас. Жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы қолына қалам алып:
Найзадан қол босаса қалам алдым,
Толғанып оқиғаны көп ойландым.
Тырмысып әл келгенше көргенімді,
Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.
Отырсам көп ойланып күнім жақын,
Әр адам біле бермейді сөздің парқын.
Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,
Ақ ниетпен ұсындым саған, халқым, - деп, ерлік істерін паш еткен еңбектерін соғыс суретіндей оқып-білудеміз. Демек, ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмақ емес. Иә, лайым соғысты тек кітаптан оқиық дегім келеді. Аспанымызды бұлт шалмасын, елімізде соғыс өрті тұтанбасын! Айтатын әніміз бейбітшіліктің, татулықтың, ынтымақтың әні болсын!!!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі