«Радио әжейдің» радиосының дауысы

 «Радио әжейдің» радиосының дауысы

Дюсебаев Жекен,
9 сынып, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия Алматы қаласы
Жетекшісі: Хамиева Тамара Хабибуллина

Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Сырбай Мәуленов
Көктемгі демалысқа шығысымен әкем екеуіміз әкемнің кіндік қаны тамған ауылына барып қайттық. Бұл жолғы сапар мен үшін естен кетпес әсерлі болды.
Біздер ауыл іргесіне іліне бергенімізде, күн бесінге таянды. Тау етегіндегі ауылдың тыныс-тіршілігі алыстан байқалмайды.
Тыныштық. Осы тыныштықты әкемнің дауысы бұзды :
- Анау ауыл шетіне таман тұрған кішігірім ескі үйді көріп тұрмысың?- деді, ноқаттай боп көрінген бір ескі үйді нұсқап.
-Иә, көріп тұрмын,- дедім, әкемнің жүзіне қарап Әкем іле-шала:
- Ол- «Радио әжеміздің» үйі, әлі бұзылмай, сол қалпы тұр,- деді.
- Ескі үйде «Радио әжеміз» әлі тұра ма!?
- Жоға, ол қісі әлдеқашан бақилық болған...
- Сонда...
- Онда, мен саған «Радио әжеміз» туралы елдегі әңгімені, өзімнің көргенбілгенімді айтып берейін, сен тыңда,- деді де әкем әңгімесін бастады. Әңгімесі үзілмесін деді ме, ауыл шетіндегі бір шетіндегі бір төмпешікке жайғасып отырып алып, сөйлеп кетті.
Мен соғысты көрген жоқпын. Бірақ соғысты көрген адамдардың ұрпағымын. Біздің ауылда бір кейуана болатын. Ол әжейдің үйі ауыл шетінде еді. Қызы мен күйеу баласы асты-үстіне түсіп бәйек боп, ел қатарлы мәпелеп отырса да, әлгі әжей беймаза бір күй кешіп, жанарынан мұң кетпеуші еді. Біз орталық көшенің бас жағында тұратынбыз. Көшенің соңына таман ауыл клубы болатын..Ауылдың бәрінің күтетіні - қара тақтайшаға бормен бадырайтып тұрып жазылған кино болады деген хабарландыру. Кино болатын күні ауыл мәре-сәре. Әсіресе, біздің радио әжеміз. Өзі шынашақтай ғана, жасы жетпістен асса да, әлі ширақ. Радио әженің ешуақытта өзгермейтін дағдысы бар. Ол- клубқа барып, кино көру. Әжеміз бүгілген белін анда-санда жазып алады да, күбірлеген күйі көшені бойлай, клубқа кетіп бара жатады. Бір қызығы мойнына сол кездегі «Транзит» деп аталатын кішкене радиосын іліп алатын да, дауысын барынша шығарып қоятын. Біздер әжеміздің кешкілік клубқа кетіп бара жатқанын, қараңғыда үйіне қайтып бара жатқанын мойнына ілінген кішкене радиосының саңқылдаған дауысынан білер едік. Кейбіреулер әлгі әжейдің осы әдетін түсіне алмай, «жындыға» санайтын . Қыстың ала түтек боранды күні еді. Қасқырдай ұлыған желмен арпалысып, радиосының дауысы біресе естілсе, біресе естілмей, әжеміз баяғы әдетімен бүкшеңдеп кинодан келе жатты. Сол күні үйдегілерден рұқсат сұрап, мен де киноға барғанмын. Ақ түтекпен арпалысып келе жатқан әжені көріп, үйіне дейін шығарып салмақшы едім, бетін әжім басқан қолымен көлегейледі де, маған: -Әй, жүгермек, мені апарып тастаймын деп, өзің адасып кетерсің, өзім –ақ жетермін, боран деген немене, өмірмен де арпалысып келемін ғой, шыдаймын, рахмет! - деді де, ыңылдап: «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді, келеді...» ,- деп желмен бірге домалап, ұзай берді. Үйге келген соң, анама болған жайды айттым да, әлгі әжейдің : «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді, келеді...», - дегенінің мәнісін сұрадым.
Анам кешкілік дастарқан басында әжейдің манағы мен түсінбеген сөздерінің сырын ақтарып берді. « Біз де соғыс жылдарының балаларының бірі едік. Бір кезек сабақ оқып, кейде бала болып ойнасақ та, сұм соғыс бізді ерте есейтті Ақылын тоқтатпаған ойын баласы да, еңкейген қария да, егде аналар мен майданға ерін аттандырған келіншектер де өздерінің аш-жалаңаштығын ұмытып таңның атысы, күннің батысы жеңіс жолында жұмыс жасады. Қайран аналар! Олар сонау көгілдір жоннан ауылға құлап түсер қасқа жолдан көз алмайтын.
Ауылға айына бір рет келетін пошташыны үмітпен де, күдікпен де күтетін. Әлі есімде, бір жолы ауылға келген пошташы атының басын тура Хадиша апаның үйіне бұрды. Бәріміз жапа-тармағай пошташымен жарыса, сол үйге қарай жүгірістік. Жастайынан бір ұл, бір қызымен жесір қалған Хадиша апаның 18 жасар ұлы соғыс басталған жылы өзі сұранып, қан майданға аттанып, көптен бері хаты сиреген кез еді. Пошташыны, анталаған біздерді көргенде, Хадиша апаның буындарынан әл кетіп, тұрған орнында мелшиіп қатты да қалды. Еріндері жыбырлап «Ақсарыбас, ақсарыбас» дей береді.
Пошташы бала: - «Сүйінші, апа, сүйінші!» - деп, ат үстінен домалап түсті.
- Ойпыр-ай, не дейді,- деген Хадиша апамның көзі алақандай.
- Балаңыздан хат келді, екі бірдей хат! Ел гу-гу дуылдасып кетті. Пошташы үш бұрышты хаттарды оқи алады-ау деген көрші бланың қолына ұстатты. Көрші бала хаттың бүктеуін жазып ішін ашты.
«Құрметті жан анам!» - деп басталыпты хат. Әрі қарай қан майданда жүргенін, бір ұрыста ауыр жараланып, госпитальға түскенін , бірер күннен соң майданға қайта кіретінін жазыпты. Хатының соңын: «Жаудың өшпенділігінде шек жоқ, бірақ түбі біздің жеңетінімізге сенімім мол. Жеңіспен елге оралатын күн де алыс емес, амандықпен қауышайық»,- деп аяқтапты.
Бірінші хат бітісімен, ел екінші хатқа жармасты. Хатты ашып, оқуға оқталған көрші бала біресе ішіне, біресе сыртына қайта-қайта үңіліп қарайды. Елдің дегібірі кетті.
- Е, неге шұқшия қалдың?
- Хат апама болғанымен, басқа біреуден.
- Не дейді?
- Енді кімнен?
Көрші бала әбден абдырап, қолы әзер икемге келіп, хатты оқи бастады. «Сіздің қыран ұлыңыз...»,- деп оқи бастауы мұң екен ..... Дүние астан-кестен болды да кетті. Азан-қазан, у-шу. Аңыраған ана, басу айтқан ел-жұрт.
Бірінші хатты оқып марқайған Хадиша апаның көңілі екінші хатта келген қара қағазбен бірге қара түнекке айналды. Арғы жағынның не болғанын білмейді. Ұлын жоқтаған апаның қайғысы шексіз еді... Халықты қан жылатқан сұм соғыс та аяқталып, ел Жеңіс тойын тойлады. Елмен бірге ес жиған Хадиша апа да қолында қалған өрімдей Салимасын, заманның қиыншылығына қарамастан, бағып-қақты. Содан тараған ұрпақты өзінің бақыты деп санады. Сөйтіп жүргенде... Соғыс бітіп, ел ес жия бастаған кез. Ауылда кешегі соғыс өрті шарпымаған үй жоқ еді. Жары, баласы майданнан оралмаған аналар мен әжелердің көз жасын , қайғысын көрдік. «Балам тірі, келеді әлі « деп өмір бойы күтіп жүргендерге куә болдық. Соғыстан бір аяғынан айырылып, қос балдақты қолтығына қысқан , қолы жоқ жеңін костюмінің қалтасына салып шүретін шолақтар жиі кездесетін. Бірақ оларды ешкім мүгедек деп айтпайтын, құрметпен қарайтын.
Уақыттың өзі емші демекші, Хадиша апа да елмен бірге күйкі тіршілік кешіп жатты. Бір күні ауылға кино келіп , көрші- қолаң кешкі шаруаларын бітірген соң, клубқа жиналды. Хадиша апа да келген. Ол кездегі кинолардың алдында әр түрлі тақырыпта бес минуттық хроника көрсетілетін.Сол күнгі бес минуттық хроника соғыс жайлы болды. Кәдімгі Ұлы Отан соғысы, қан майдан, жанкешті шайқас... Бір кезде тып- тыныш отырған Хадиша апаның: «Балам, ботам!»- деген жан дауысы шықты. Ел аңтаң. Хадиша апа экраннан көз алар емес, ебіл-себіл. Кадрдағы солдаттардың арасынан өз баласына ұқсаған бейнені көзі шалып қалған бейбақ ананың халін айтып жеткізу мүмкін емес еді.... Содан бастап ақ қар көк мұзда, жауын-шашында, мейлі дүние күйіп кетсе де, апамыз клубта болатын барлық кинодан қалмайтын болды. Баласын тағы да көріп қаламын ба деген үміті оның өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырған еді...», - деп, апам әңгімесін аяқтады.
Сол кештегі анамның әңгімесінен соң, мен радиосымен көшені азанқазан ғып өтіп бара жататын әжені көңіліммен іздеп , өтпей қалса, алаң болатын едім, - деп, әкем өткенді еске түсіріп, бір күрсініп қойды. Ауыр әңгіме еңсемді көтертпей, сол көгалды төмпешікте ұзақ отырып қалғанымызды да байқамадық... Менің құлағыма «Радио әжейдің» радиосының дауысы естілгендей. Ол дауыс сұм соғысқа лағнет жаудырып жатқандай..


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі