Ерлік рухын таратушы

 Ерлік рухын таратушы

Смағұлова Жансая

Шығыста қазақ сияқты қызын еркін ұстаған халық жоқ. Бабаларымыз қыздың бетін бүркемеген. Керісінше, әйелді ерлермен тең қойып, ерлікке, өжеттікке баулыған. Қысылтаяң шақта қазақ қыздарының «ереуіл атқа ер салып», қоңыраулы найзамен жауға шапқаны да содан. Сайын даланың төсін билеген жауынгер халықтың қыздары қашан да ер болған. Өктемдікке қарсы болған. Жау жағадан алғанда намыс үшін өліспей беріспеген. Ұлт рухының қорғаушысы болған. Қазақ қыздарының жанкешті ерлігіне қатпарлы тарих куә. Ел-жұрты олардың аруағына тәубә етіп, ұрпағына өнеге қылады, тәрбиеге діңгек етеді.
«Қос шынар» қоры қоғамдық қоры - ерлердің ерлігін ұрпақ тәрбиесін ұран еткен бірлестік. Тек қазақтың ғана емес, бүтін шығыстың қос шынарына айналған арулардың атын иемдеген қор 2000 жылы мамыр айында құрылды. Сол жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 45 жыл толған еді. Осы жылдар ішінде «Қос шынар» қоры ұрпаққа үлгі болар қыруар іс тындырды.
Қазақтың қайсарлығының, тектілігінің белгісі сынды, ұрпаққа мәңгі өнеге саналатын тұлға — Әлия апамызды, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы біздің бәріміз де қадірлейміз, бәріміз де мақтан тұтамыз. Бірақ ортамызда бір адам бар: ол Әлияға қатысты барлық пікірді, титтей де болсын ақпаратты нақ бір өзіне айтылып жатқандай қабылдайды; өзінің туған күнін ұмытса да, «Әлияның туған, қайтыс болған күндері ұмытылмаса, әр жыл сайын осы даталар міндетті түрде атап өтілсе» деп, анда-мұнда шапқылайды да жүреді; Әлия туралы бір ауыз сөз жазған журналист оған ең бір жақын адамындай көрінеді; Әлияның туған ауылы, жерленген жері жөніндегі бұрынғы деректерге қатысты дау көтерілген тұстарда, шыр-пыры шығып, күндіз-күлкі, түнде ұйқыдан айырылған бір адам болса, ол- осы кісі. Ол - Ғалымжан аға Байдербес. Осылай өмір сүріп келе жатқанына-қырық жыл. Соңғы 15-20 жылдың шамасында Әлияның қасына Мәншүкті, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы қосып алды. «Екеуінің де атааналарын кеңес өкіметі «жау» танып, бала күндерінен қиындық көріп өсті, екеуі де әкесін ақтау үшін майданға аттанды, екеуі де қазақтың қайсарлығын әлемге паш етіп, ерлікпен қаза тапты. Екеуі бірін-бірі таныған, білген жоқ. Ендігі жерде оларды айыруға болмайды» — дейді. Сөйтіп, осыдан 15 жыл бұрын «Қос шынар» аталатын қайырымдылық қор құрды.
«Қос шынар» қайырымдылық қоры» қоғамдық қордың ұйытқы болуымен Шығыстың қос шынары атанған екі арудың өмір жолдарын, ерліктерін зерттеп, насихаттау жолында көптеген істер жүзеге асырылды: Ғалымжан Байдербес Әлия мен Мәншүк туралы жарыққа шыққан дүниелерді, тың деректерді жинақтап, «Аңызға айналған арулар» (Ұзақбай Қауыспен бірге), «Әлия-ғұмыр: ерлік пен өнеге», «Ұлы Даланың батыр қыздары», «Әлияның аяулы анасы», басқа да кітаптардың жарыққа шығуына мұрындық болды; 2001 жылы Әлияның туған жері — Қобда ауданындағы Бұлақ ауылынан бастап, Мәншүктің туған жері — Батыс Қазақстан ауылының Орда ауданына дейінгі аралықты қамтыған автоэкспедиция ұйымдастырылды; 2002 жылы Ақтөбе қаласындағы № 27 мектепте «ӘлияМәншүк» мұражайы ашылды; Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институтында «Әлиятану» сабағы жүргізілді; Ақтөбедегі «Набережная» көшесі Мәншүк Мәметованың атын иеленді; Әлияның анасы — Маржан Молдағұлқызы туралы деректер анықталып, оның жерленген жері табылып, бейітіне ескерткіш-белгі қойылды; Қазақстаннның біздің облыстан тыс жерлері мен Ресейдегі Әлия Молдағұлова есімін иеленген мектептерде көптеген кездесулер өткізілді.
От кешкен, оқ кешкен жылдары күллі кеңестер одағында Отан соғысының батыры атанған әйел заты некен саяқ. Сын сағатта шығыс халықтары арасынан, соның ішінде тек қазақ қыздары ғана өшпес ерлік жасап, аузын айға білеген европалықтарды қайран қалдырды. Әлия мен Мәншүк ұлт мәртебесін асқақтатты. «Қос шынар» қоғамдық қоры осы ерлік рухты уағыздап келеді. Аттары аңызға айналған арулардың тағдыр талайын зерттеуге бітім-болмысымен кіріскен Ғалымжан Байдербестің мақсаты - жастарға патриоттық тәрбие беру, ерлік рухын өшірмеу. Шығыстың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүк Қазақстанның батысында туғанмен, исі қазаққа ортақ есімдер. Ерліктерін ұлықтап, есімдерін есте қалдыруды ойлап, тек туған жерлерінде емес, еліміздің өзге өңірлерінде де қос батыр қыздарымыздың аттары берілген оқу орындары, көшелер, мұражайлар, тұтас ауылдар аз емес.
Елі үшін құрбан болған батырдың есімі ұмытылмайды. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың әр жыл сайын қаза болған күні еске алынады. 2013 жылы 14 қаңтар күні Әлия Молдағұлова Нұрмұханбетқызының ерлікпен қаза болғанына 69 жыл, Әлияның анасы Маржан Молдағұлқызының қайтыс болғанына 80 жыл толуына орай Әлия ауылында «Әлияның аяулы анасы» деген тақырыппен еске алу жиыны өтті.
Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күнін қобдалықтар жыл сайын еске алу рәсімі ретінде атап өтеді. Дәстүрлі шараны жерлестері батырдың есімі берілген ауылдағы батыр қыздың құрметіне бой көтерген «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында өткізді.Жиын – батыр қыздың ескерткішінің басына көпшілік жиналып, митинг жасап, гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен батыр рухына тағзым етуден басталды.
Әлия Молдағұлованың анасын ардақтау – исі қазақты ардақтау, тағзым ету, батырға деген ел махаббатының белгісі. Оның рухы халық жадында мәңгілік тұр, жерде гүл болып жайқалады. Осы шараға облыс орталығынан батыр туралы деректерді жинастырып жүрген қазақтың ерлік тарихындағы аттары аңызға айналған Әлия мен Мәншүкті бүгінгі жастарға танытып, патриоттық тәрбие берудің үлгісіне ұсынуға үлес қосқан «Қос Шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес бастаған өкілдер келді.
— Міне, бүгін 19 жас қана өмір сүріп, ғасырларға жететін ерлік жасаған Әлияны тек Қазақстан емес, бүкіл дүниежүзі танып отыр. Оның қамшының сабындай қысқа ғұмыры бізге тарих болып қала бермек. Осы ауылда жүргізілген шараның барлығы батырдың құрметіне жасалады.Енді біз жасалған еңбекті жалғастырып, әр мүлікті естеліктей сақтап, күтіп ұстауға тиіспіз. Ұрпақтан – ұрпаққа жалғасатын Әлия есіміне лайықты болуымыз керек. Нәзік саусақтарымен темір шүріппені басып, жауға оқ жаудыртқаны елі үшін жасаған қарекеті екенін ұмытпауға тиіспіз. Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова жайында аз жазылған жоқ. Кинофильмдер түсірілді, ескерткіштер арналып, өңірі гүлге толы саябақтар ашылды. Ерлікке құрмет ретінде біз жыл сайын бұл күнді атап өтеміз. Әлия тек қазақ емес, кешегі кеңестік кеңістіктегі халықтың ортақ қызына айналды. Бұл – кім болса соның маңдайына жазылмайтын тағдыр. Осы жылдар ішінде халқы оны есінен шығарған емес, шығармайды да, – деді батыр қыздың шырақшысы болып жүрген ағамыз Ғ. Байдербес. Жаратылысы нәзік гүлдей әйел заты болса да, кез келген ер азаматтың қолынан келе бермейтін ерекше қайсарлық, жігер, көзсіз ерлік бойынан табылған Әлия апамыздың есімі қазақ халқы үшін қашанда қастерлі.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!