Қаһарман қыз - Хиуаз Доспанова

 Қаһарман қыз - Хиуаз Доспанова

Барахатқызы Жұлдыз
11 класс, №3 Қарауылкелді орта мектебі,
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы
Жетекші: Тынышбаева Лиза Жакиповна

Қаһармандығы тарихта белгілі болғанымен, дүйім жұртқа көп таныс емес қазақтың батыр қыздарының бірі Хиуаз Қайырқызы Доспанова. Ол 1922 жылы Орал қаласында дүниеге келген.
Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді. Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі.
Хиуаз Астрахандағы балық кәсіпшілігімен айналысқан жұмысшы отбасынан шыққан. Ол кісінің кезінде Мәншүк Мәметовамен бір көшеде тұрып, көрші болғанының өзі өмірінің естен кетпес бір сәті іспеттес. Есімдері тарихта мәңгі қалатын бір көшенің батыр қыздарының мінездерінде де ұқсастық бар. Алғырлық, қайсарлық, адалдық. Екеуіне ортақ қасиет.
Мектеп қабырғасын үздік бағамен тәмамдаған талдырмаш жас қыз ұшқыш болуды армандайды. Сонымен алған бетінен қайтпайтын пысық қыз 1940 жылы мектепті үздік бітіргенде запастағы ұшқыш деген куәлік те алып шығады. Сөйтіп Мәскеуге жол тартып, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болады. Бірақ ол «жастарға қайда барса жол ашық» деген ұран жұрттың бәріне бірдей емес екенін болжай алмапты. Қазақ даласынан келген қара торы қызға мұндай оқу орнының есігі жабық екен. Сонда, тұңғыш рет маңдайы тасқа тиген жас қатты налиды. Бірақ налыса да жасымаған Хиуаз Мәскеудің 1-ші медициналық институтына оқуға түседі. Бұл жерде де алғыр қыз құрбыларының алды болып жүреді. Сабақты жақсы оқуымен қатар ол спорттық гимнастикамен де айналысып, әрі қоғам жұмысының белсендісі болады.
Сөйтіп жүргенде бір жыл өте шығып, жазғы сессия күндері басталады. Каникулға енді-енді шығайын деп тұрған күндерінің бірінде соғыс өрті бұрқ ете қалады... Бойында патриоттық сезім шалқыған қыз өзге құрбылары секілді демалыста үйіне кетпей Мәскеу қорғанысына қатысу жұмыстарына қалады. Олар әуелі «Метрострой» жүйесінің қарамағында болса, еріктілерді артынан Мемлекеттік қорғаныс комитеті өз қолына алады. 1941 жылдың қыркүйегінде Мәскеудің оқу орындарында жаңа оқу жылы басталады. Жан дүниесі белсенді іске жанығып тұратын Хиуаз бүкіл ел соғысқа аттанып жатқанда өзінің ақырын жүріп, сабақ оқи алмасын біледі. Майданға сұранып, медбике, тым болмаса санитар болып кеткісі келіп жүрген бір күні атақты Марина Раскованың қызкеліншектер авиаполкін құрғалы жатқанын естиді. Көктен іздегені жерден табылған Хиуаз алдыңғылардың бірі болып, атақты М. Расковаға келеді. Жасыратыны жоқ, қара торы қызға мұнда да сенімсіздікпен қарайды. Бірақ соғыс кезінде жаны жанығып, жалындап тұрған қызды полкқа қабылдайды. Сөйтіп, Хиуазды Саратовтың әскери-әуе училищесіне жібереді. Мұнда штурмандар дайындайтын сыныпты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау позицияларын бомбалайтын әйелдер авиаполкының құрамында майданға аттанады. Полктың командирі, аға лейтенант Е. Бершанская болады. Ал М. Раскованың өзі майданға бармай, басқа қыздарды дайындау үшін Саратовта қалады.
Мәскеудің бірінші медициналық институтының екінші курсынан өз еркімен майданға аттанып, әскери ұшқыш болған, сөйтіп аспанда 300-ден артық әскери тапсырмамен ұшып, ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың есімі бүгінде ұмыт болып бара жатқаны өкінішті. Әрине, қайсар мінез, шыншыл жүрек, тура сөйлеу ол кездегі үкіметке жақпайтын. Жоғарыда шешілген істерге ешқандай қарсылық көрсетуге, қарсы пікір айтуға болмайтын. Бірақ бойында қайсар мінезі бар Хиуаз үнсіз бас шұлғаудан аулақ болды. Ол өзінің ойын дұрыс деп санаса кімнің алдында болса да айта алатын. Оның осы мінезін басшылар жек көреді. Сөйтіп, оны үлкен қызметтерден шеттете бастайды. Ақырында, соғыстан алған жараларын, контузиясын, мүгедектігін сылтауратып, оны мезгілінен бұрын зейнет демалысына жіберді... «Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, алғашқы әскери операцияға барғаным көз алдымда кеше ғана болғандай сайрап тұр» дейді Хиуаз апай. ...Даланы түн қараңғылығы жайлаған кез. Алдымен жарық бергіш бомба тастапты. Себебі жау әскері мен техникасының қай жерде орналасқанын анықтап алу қажет болған. Сол сәт төңірек жап-жарық болып кетеді. Звено командирі Е.Пескова мен Х.Доспанова бұйрық түсісімен жаудың атыс ұясын бомбалай бастайды. Қашанда сақ отыратын жау әскері естерін жинап та үлгермепті. Неше мәрте бомбалап, даланың астаң-кестеңі шығып жатқанда ұшқыш қыздар аққан жұлдыздай көзден ғайып болады. Алғашқы әскери тапсырманы осылай сәтті орындаған қос қыз жан-жақтан қаумалап алған майдандастарының қошеметіне емес, өздерінің осындай маңызды іске дайын екендіктерін сезініп, қуанғанды. Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Жаумен шайқаста асқан ерлік көрсете білді.
Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ал төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі.
Соғыстан кейінгі жылдар Хиуаз Доспанова «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды.Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын. 2010жылы Атырауда ұшқышқа ескерткіш ашылды, Алматыда оның атымен аталған көше пайда болды. Атыраудағы спорт сарайы да Хиуаз Доспанованың есімін алды.Ол жайлы "Хиуаз Доспанова. Рахмет айтып үлгеру" атты деректі фильмі түсірілді.
Батыр қыз Хиуаз Доспанованы Бауыржан Момышұлы, Сағынғали Сейітов секілді ел азаматтары құрмет тұтып, жоғары бағалан. Хиуаз батыр ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, жоғары адамгершілік қасиетімен елеулі. Ол халқының адал перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат, өз елінің патриоты!
Қорыта айтқанда Хиуаз- халқының сүйіктісі, сол себептен де оның ерлігін елі ұмытпай, елеп өтуде. Батыр қыздың ғажайып тұлғасын аңызға айналдыру жоғары отаншылдықтың белгісі, жас ұрпақтың жетуге талпынатын мұраты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі