Жұмбақтар жауабымен: Техника, көлік, шеберхана құралдары (2)

Жұмбақтар жауабымен: Техника, көлік, шеберхана құралдары (2)

Белбеуі шынжырдан,
Су тартады шұңғылдан.
Шығыр

Қолға алсаң, қызмет етер,
Бүтінді
Бөлшектеуге шебер.
Пышақ

Жалыңды үрлеп шалқытады,
Темірді бірлеп балқытады.
Көрік

Қыздырып соқсаң иленеді,
Балға мен төстен именеді.
Темір

Тасты қияқ,
Батыл басар,
Темір тұяқ.
Таға

Қара батыр,
Бұғып жатыр.
Қақпан

Қос жағы бар,
Бір сабы бар.
Бассаң тілін,
Сарт етіп жабылар.
Қақпан

Сояудай әр тырнағы,
Шөпті жияр қырдағы.
Тырма

Басы — қылыш нұсқасы,
Сабында бар тұтқасы.
Шалғы

Қылышты өткір шайқадым,
Қырдың шашын жайпадым.
Шалғы

Көп-ақ тісі,
Күні бойы шөп жесе де
Шықпайды іші.
Орақ

Айға ұқсас түрі бар,
Қатар өскен бірі бар.
Орақ

Үшкір қазық,
Дөңгелек қалпақты,
Біріктірер бөлекті.
Шеге

Аяғы үшкір,
Басы доғал.
Ұрсаң шөгеді,
Ұрмасаң обал.
Шеге

Есіктегі құлыпқа,
Ұя жасау — өнерім.
Шаңырақтан уыққа
Үңгір қазып беремін.
Қашау

Сабы бар жұмыр,
Еріні мықты.
Шегені шымыр,
Суырып шықты.
Кемпірауыз

Мойны жар бермей,
Желкеден қыса бастайды,
Жөнге жүрместі,
Сереңдетіп жұлып тастайды.
Кемпірауыз

Қатар, қатар, қаздай-ды,
Нар түйеше боздайды.
Телеграф бағанасы

Түйесі қатар-қатар бір озбайды,
Ішінде ботасы жоқ құр боздайды,
``Шөк`` деп қап бұйдасынан сілкіп қалсаң,
Не түрлі жаңалықтан сөз қозғайды.
Телеграф бағанасы

Қатар-қатар жігіттер,
Қарасаң қайда міні бар,
Бір-біріне ұштасқан,
Арасында қылы бар,
Ешбір тамақ ішпейді,
Қолдарында шыны бар.
Телеграф бағанасы

Сайда тұрған қу ағаш
Тармақтарын бұрасаң,
Жер шарымен шамалас.
Телеграф бағанасы

Атсыз, жансыз бір нәрсе жаяу жүрген,
Қарына неше жерден шоқтар ілген.
Әрі атсыз,әрі жансыз болса-дағы,
Халықтың неше түрлі тілін білген.
Телеграф

Білмеймін аяқтарын неше мыңнан,
Бір нәрсе арқасында жалғыз қылдан.
Өзінің иелері әмір қылса,
Жер жүзін бір сағатта сайран қылған.
Телеграф

Алыстан хабар алған,
Айтқан сөз жазылған.
Телеграф

Жел жұтады бүйірінен,
Қақалуды білмейді,
Құлағынан май құйса,
Сықылдайды, күледі,
Төбесінен жарқылдап,
Жалындатып күйрейді.
Бәсеңдесе жалыны,
Инеменен түйрейді.
Примус

Бар екен бір азырақ іште суы,
Бұл өзі бір талайдан екен қуы.
Бір-ақ қарыс темірді түртіп қойсаң,
Шығады ашуланып сыртқа буы.
Примус

Бір нәрсе қатпар қарын гүрілдеген,
Ішінде қуаты бар көрінбеген.
Адамзаттың қолында ықтияры,
Жұмыстан өзі ешбір ерінбеген.
Ет турайтын машина

Шұбар ала қызым бар,
Тұмсығында бізі бар,
Келіп кетер тоқтамай,
Артынан түскен ізі бар.
Қол машина

Бар екен бір жеңешем қап-қара тас,
Жемейді, ішпейді де, болмайды мас.
Халықтың бәрін тегіс киіндіріп,
Дүниеден өткен өзі жалаңаш.
Қол машина

Ғажайып кемпір көрдім жалғыз аяқ,
Аузына тістегені жалғыз таяқ.
Табаны жалтыр мұздан бір таймайды,
Зырлайды күні-түні аянбай-ақ.
Қол машина

Жансызды жалғыз аяқ зарлатады,
Аяғын бір көтеріп, бір басады.
Апырмай бұл не екенін біле алмадым,
Айында тітімдей-ақ нәр татады.
Қол машина

Жоғарыда айдадым,
Белін жіппен байладым.
Сыпыра тақта астында,
Шалып, қағып ойнадым.
Қол машина

Жайма жалды, серке санды,
Ұстағанда құйрығын түріп алады.
Қол машина

Бүп-бүккіш күміс құйрық, серке санды,
Ой желке жалпақ маңдай ,жібек жалды.
Бекініп жар астында жатқан жауға,
Барды да кешікпей-ақ найза салды.
Суарып анда-санда шалдырмады,
Білмейді қысы-жазы арығанды.
Қол машина

Бір нәрсе доп-домалақ ақылы зерек,
Қолына ұстағаны ағал терек.
Беліне орағаны мәсен белбеу,
Ауыздан шыққан сөзді білер зерек.
Телефон мен сымы

Шыр-шыр етеді,
Құлағыңнан өтеді.
Ұстай алсаң сөйлеп кетеді.
Телефон

Көзге түртсең сөйлейді,
Көзім ауырды демейді.
Сұрауға жауап береді,
Адамға осы керегі.
Телефон

Мысықтан зор бойы бар, бірақ жансыз,
Адамға пайдасы көп тіпті сансыз.
Бірдей қызмет атқарды малменен ол,
Үстіне шығарар ол еш амалсыз.
Мотоцикл

Кем көрмеймін аттан өзін,
Мініп жүрем баптап өзін.
Бірақ аттай жем жемейді,
Болдырмай, шөлдемейді.
Велосипед, мотоцикл

Бір батыр тамақ берсең, жұта берер.
Ішінде сүйектері бақша-бақша,
Уатып талқан қылып құя берер.
Комбайн

Бір нәрсе ауырлығы алты батпан,
Ызаланса ашуланып жерді қапқан.
Ұстасы адамзаттың соққан емес.
Бағалап сом темірге күміс жапқан.
Трактор соқасы

Бұрқылдаған қара нар,
Аласұрар шатынап.
Жүрген жері ор болып,
Қала берер қазылып.
Трактор

Отыз аттың күші бар, бір тұлпардың,
Келеді оған әлі топты жанның.
Сом болат тұяғымен тартып жерді,
Табады бір керегін шаруаның.
Трактор

Айдалада бір нәрсе көресің бе,
Бар екен жалғыз көзі төбесінде.
Апырай немене деп барып қалсам,
Жаны бар алқам-салқам денесінде.
Түнде жер айдап жүрген трактор

Гүр-гүр етеді көкірегі,
Жүрсе көксау секілді,
Күш дегенің өте мығым,
Тасиды кейде егінді.
Трактор

Қара атан тынбай жүріп ақырады,
Артынан ертіп алып төрт-бес жанды.
Қыртысын қара жердің қақ айырар,
Күшті де көріп пе едің мұндайларды?
Трактор

Жаһанда бір жолаушы аузын ашып,
Аяғын келе жатыр жылдам басып.
Жарқырап маңдайында екі көзі,
Қлезде жеткізеді жерге қашық.
Автомобиль

Ақырып айқай салар аузын ашып,
Жеп қояр деп ойлама үркіп, сасып,
Адымы бір күншілік жерді басқан,
Жолынан жан мақұлық тұрар қашып.
Отарба

Ұзын-ұзын жолы бар,
Жолмен жүред жануар.
Дауысы зор әндетсе,
Денесі болат жануар.
Өзі жүрсе ертеді,
Жолдасын бастап жануар.
Поезд

Ойланып мен жұмбақты енді жазам,
Дүниеде бар бір күшті қара қазан,
Үстіне жанды-жансыз толған мүлік ,
Ән салып кетіп жатыр азан-қазан.
Поезд

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі